Accessibility links

Қазақстанның сот органдарымен 2000-2004 жылдар аралығында «Хизб-ут-Тахрир» діни экстремистік партиясының 14 мүшесі сотталған


Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, республиканың сот органдарымен 2000-2004 жылдар аралығында «Хизб-ут-Тахрир» діни экстремистік партиясының 14 мүшесі сотталған. Олардың 11-і республиканың оңтүстік аймағынан.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің қызметкері Ботагөз Ибрайеваның айтуынша, «Хизб-ут-Тахрир» діни экстремистік партиясының идеяларын Қазақстан аумағында таратудың бірінші белгілері 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында анықталған. Бұл ұйымның алғашқы ұялары 1999 жылы Түркістан және Кентау қалаларында табылған, дейді.

«Хизб-ут-Тахрир» өздерін ең алдымен діни партиямыз деп атайды. Бірақ мұсылман дінінің беделді өкілдерінің пікіріне сүйенсек, бұл топтардың дінге қатысы шамалы. Бұл ұйымның насихаттайтын Конституцияға қарсы идеялары әрине, біздің даму жолымызға жат және мемлекетіміз онымен ешқашан келіспейдіү Бүгінде экстремистік идеологияға, насихатқа қарсы жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр, дейді.

Павлодар облысы ішкі істер басқармасының қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Александр Маржикбаев, аталған партия қызментінің белгілері осы облыста байқалғанын айтады.

Біраз ай бойы олар үнсіз жатты. Парақшалар бой көрсеткен жоқ. Олар бірінші рет 2003 жылдың қарашасында пайда болды. Олардың үш белсендісі ұсталды. Жас адамдар. Қалалық соттың үкімімен олар жауапкершіліккке тартылды. Аталған мәселеге байланысты тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе әрдәйім назарда, дейді.

Саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам Орталық Азияда аталған партия өкілдері соңғы кездері көбейіп бара жатыр. Қазақстанда да оның ішінде әсіресе, оңтүстік өңірлерге келуде. Қауіпті нәрсе. Оларды қадағалау керек, дейді.

Ал, Парламент Мәжілісінің депутаты Мырзагелді Кемел аталған партия парақшаларын таратып жүрген бірді-екілі балаларды сотқа тартумен ештеңе шықпайды. Оның ошақтарын, шығып жатқан көздерін анықтау керектігін және оларға заңмен тиым салу арқылы тоқтату қажеттігін айтады.
XS
SM
MD
LG