Accessibility links

Астанада жастарды әскер қатарына шығарып салу рәсімі өткізілді

  • Айнагүл САҒДИ

Қарашаның 24-і күні Астанада жастарды салтанатты түрде әскер қатарына шығарып салу рәсімі өткізілді. Әскери комиссариат қызметкерлері мұндай шараны алдағы уақытта дәстүрге айналдырмақ.

Әскерге алынатын жастардың дені болашақта әскери қызметкер болуды армандайды екен. Олар әскер қатарында болу әр азаматтың борышы деп есептейді. Азамат Жарылқасынов «Отан алдындағы борышымды өтеуге міндеттімін, соны абыроймен атқарғым келеді, алдағы өміріме жол ашып, әскери қызметкер болсам», - дейді. Ал Бекбосын Жетібаев «әскери борышымды өтегеннен кейін келісім-шарт бойынша қалу жоспарымда бар», - дейді.

4 баланың анасы Базар Теміржанқызы ұлы Бауыржанды әскерге шығарып салуға келіпті. Үлкен ұлы жоғары оқу орнының студенті болғандықтан әзірге әскер қатарына шақырылмапты. «Баламды бірінші рет әскерге шығарып салып тұрғандықтан, толқып тұрмын. Балама және басқа жолдастарына ақ жол тілеймін», - дейді Базар Теміржанқызы.

Әскерге кетіп бара жатқан жастарға сәт-сапар тілегендердің арасында «Сарыарқа» ауданы әкімінің орынбасары Оразгүл Асанғазы да болды. Ол «Қазақстанда облыс көп, қала көп, бірақ Астана біреу. Қай жерде қызметтеріңді өтесеңдер де «Астананың жігіттері қандай күшті, қандай тәртіпті, қандай мерген!» дейтін болсын. Сендер Бөгенбай мен Қабанбайдың ауылынан аттанып барасыңдар. Аталарыңның рухы қолдап, борыштарыңды аман-есен өтеп қайтыңдар», - деді.

Астана қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Мұрат Жанаевтың айтуынша, кейінгі жылдарда әскерге шағырылатын 10 баланың екеуі ғана жауынгер болуға жарамды болып шығады. Қалғандары денсаулықтарына байланысты келесі шақырылымға қалып отырады екен. «Соған қарамастан әскер қатарын жаңа толқынмен толықтыру мәселесі шешіліп отыр», - дейді.

Көбіне әскерге шақырылғандардың салмақтары бойларына сәйкес келмей жатады. Қорғаныс министрлігінің кестесіне сәйкес, олардың бойлары 155 см, ал салмақтары 48 килодан кем болмауы керек. Көз, ас қорыту органдарының аурулары да алдыңғы орындарда. «Бұған көбіне халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігі әсер етеді. Бұрын мектепте балаларға тегін тамақ берілетін, қазір ондай жоқ. Балалардан сұрап отырсаң, көбіне жейтіндері нан мен макарон, одан басқа жеміс-жидек жемейді. Сөйтіп, жеген тамақтары бойларына дарымайды. Көрсеткіш жылдан-жылға төмендеп барады», - дейді Семей қалалық медициналық комиссиясының аға дәрігері Мухмина Ысқақова.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталықтың мәліметтеріне қарағанда , әскер жасына жетіп қалған әрбір бір мың жасөспірімнің Қызылорда облысында 933-і, Павлодар облысы бойынша 542, Алматыда 664, ал Астанада 311-і әртүрлі аурулармен ауырады.

«Қазақстанның әскери әлеуеті жас ұрпақтың денсаулығына байланысты, сондықтан олардың денсаулықтарын жақсартуға мемлекет тарапынан көбірек көңіл бөлінуі қажет», - дейді Мухмина Ысқақова.
XS
SM
MD
LG