Accessibility links

Астананың Оқушылар сарайының тағдыры ата-аналар мен ұстаздар қауымын алаңдатып отыр


Егер оқушылар сарайының ұжымы шынымен таратылатын болса, Оқушылар сарайындағы 50 үйірме жабылып, 3000 бала бастаған істерін тастауға мәжбүр болады, дейді ата аналар. Бұл, балаларымыздың болашағына балта салғанменен бірдей, дейді ұл-қыздарын оқушылар сарайына үйірмелерге әкеліп жүрген Қымбат Іргебаева:

- Осы маңайда қазір тұрып жатқан адамдардың балалары оқитын мектеп жасайды дейді. Анығын бізге ешкім айтқан жоқ.

Оқушылар сарайының ұстаздары айтып өткендей, бұл сарайға тіпті көршілес елді мекендерден келеді. Әзірге, тұрмысы ауыр отбасынан шыққан балалар тегін барады. Қалғандары орта есеппен мың теңге немесе ай сайын 10 доллар шамасында төлейді. Оқушылар сарайының «Атамекен» республикалық балалар және жасөспірімдер бағдарламасының жетекшісі Қапиза Өскенбаеваның пікірінше, өсіп келе жатқан Астанаға 2 оқушылар сарайы да көптік етпейді:

- Бұл жабылса, қайда барады тұрмысы төмен отбастарынан шыққан балалар.

Жуырда, осы сарайда ұйымдастырылған «Бәйтерек» би ансамблінің құрамындағы 20 бала Польшадағы фестивальге барып, онда Франция делегациясының көзіне түсіп, Еуропаға шақыру алып келді. Бұл сапарлар балалардың бос уақытын өткізу жөніндегі әлемдік қауымдастықтың қолғабысымен ұйымдастырылған. Егер, Астанадағы оқушылар сарайының ұжымы ыдыратылатын болса, біз осы қауымдастықпен қарым-қатынасымызды үзіп алып, балаларымызды шет елдерге жібере алмай қаламыз, дейді ата-аналар. Жуырда ғана құрбыларымен бірге Францияға жолдама алған, бірден үш үйірмеге баратын Жайна Ісламовада осы уайымын айтып отыр:

- Бізді Францияға шақырды, ал, сарайды ауыстырса біз қалай барамыз.

Ата-аналар қауымының белсенділері біздің қолымыздан хат жазудан басқа не келеді, деп шағымданып, қалалық білім департаментінен көмек сұраған. Ағарту саласына қатысты барлық ғимиараттардың құрылысын қадағалап отыратын қалалық білім департаментінің директоры Әмірхан Рақымжанов «Азаттық» радиосына берген сұқбатында әңгіменің құрылыс компаниясынан шыққанын құптады:

- Жеке меншік компаниядан шығып жатыр бұл әңгіме. Мен өткенде әкімнің құрылыс жөніндегі орынбасарына айтқанмын, ақшамыз бар екен деп ойларына келгенін айта бермеу керек деп.

Ал, Астана әкімінің құрылыс жөніндегі орынбасары Сергей Фомичев, Астананың сәулет және құрылыс департаментінің директоры Лаптев бұл мәселе жөнінде сұқбат беруден бас тартты. Оқушылар сарайының «Атамекен» республикалық балалар және жасөспірімдер бағдарламасының жетекшісі Қапиза Өскенбаеваның пікірінше, қаладағы 40 мектеп аталмыш бағдарлама бойынша жұмыс істеп, балаларға ұлттық тәлім-тәрбие береді. Егер, сарай жабылса, біз осы жұмысты тоқтатуға мәжбүр боламыз, дейді ол. Ең сорақысы балалар көше тәрбиесіне беріледі, дейді Қапиза Өскенбаева:

- Қазір жезөкшелік көбейді. Балалар тәрбие алмаса, оларды орта тәрбиелейді. Әсіресе, қалада, ауылда балалар мал жайлайды.

Бірақ, сарайға балаларын әкелетін ата-аналар қауымы барлығын билік шешеді, деген пікірлерін білдіртті. Ел аузында осы сарай жеріне қол салып отырған компания Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші қызынікі деген әңгіме бар, дейді олар. Оның үстіне сарай орналасқан ауданда Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктері тұрады. Демек, олардың балаларына ақылы мектеп ашылса, бұл орасан қаражат көзі болады, дейді ата-аналар. Ал, қалалық білім департаментінің директоры Әмірхан Рақымжанов «Азаттық» радиосына берген сұқбатында бұл ғимаратты ешкімге бермейміз, деген уәдесін айтты:

- Ешкімнің қолынан келмейді сарайды алып алу, біз мұнда неге отырмыз. Абыржыған ата-аналарды, болашақта Астанада Есілдің сол жағалауында жаңа ірі оқушылар сарайы салында деп жұбатқан ақпарат беріліпті. Қалалық білім департаментінің директоры Әмірхан Рақымжановтың мәліметінше, ірі сарай салу жоспарда бар, бірақ, мемлекеттік жоспарға енгізілмеген.
XS
SM
MD
LG