Accessibility links

Астанада ата-ана, туған-туысқандарынан қысым көріп, көше кезіп кеткен 60-қа жуық бала тіркелген


Бүгінде Астана қалалық кәмелетке толмаған балаларды уақытша оқшаулау, бейімдеу және ақтау орталығына алынған балалар өз үйлеріне қайтқылары келмейді екен. «Себебі, үйлеріне барса қандай жағдайдың күтіп отырғанын біледі, ата-аналары ішеді, күні-түні ұрыс-керіс, оқу жоқ, ыстық тамақ жоқ. Ал мұнда оқытамыз, ыстық тамақ береміз, жататын орындары жайлы», - дейді орталық бас маманы Айгүл Құлбаева. Оның айтуынша, олардың арасында ата-аналарынан, туыстарынан қысым көріп, солардың талап етуімен көшеге шығып қайыр сұрап, еріксіз ақша табуға мәжбүр болатындар да кездеседі. «Мысалы, әке-шешелері үйлерінде арақ ішіп жатады, олар балаларын елден қайыр сұрап келуге жібереді. Орталыққа келген балалардың айтуынша, оларды ата-аналары таңертең бастарын жазатын арақ жоқ, соған ақша тауып кел деп балаларын өздері жіберіп отырады. Осында отырған екі қыз бала үйлерінен іздеп келгенде зар қағып, «үйге бармаймыз» деп ғимараттың екінші қабатына қашып кетті. Үйге барсақ қазір олар ұрады, ақша тап деп қуып жібереді, аяғымыз жалаң аяқ, киетін киім жоқ деп жылайды», - дейді.

Айгүл Құлбаева айтқан екі қыз баланың бірі Людмила жалғыз басты шешесінің үйде отырмайтындығын, өздерінің атасының жекіп, қатты ұрысқанына шыдамай үйден кетіп қалғандарын айтады. «Анамыз үйде отырмайды, ол дос қыздарының үйінде, немесе тағы басқа жерлерде жүреді. Атам анамыз жоқ кезде бізге айқайлап, ұрсады, бізді қуады. Ол да, анам да ішеді», - дейді Людмила. Оның айтуынша, апасы екеуі вокзалда балмұздақ, шырын, басқа да уақ-түйек сатып, содан түскен тиын-тебенге үйлеріне азық-түлік апарып жүрген. Өздері соңғы кезде дос қыздарының үйінде тұрған екен.

Людмила апасымен екеуінің мектепке бармай тауар сатуға мәжбүр болғандарын айтады. Ал Қазақстан Республикасының мемлекеттік бас еңбек инспекторы Серікқали Бисақаев «Еңбек заңы» бойынша балалардың 14 жастан бастап қана жұмыс істеулеріне болатынын айтады. «Бірақ, жұмыс беруші тек 16 жасқа толғандар үшін ғана қол қоюға құқылы. Ал 14-15 жастағы балалар тек әке-шешесінің немесе асырушыларының рұқсатымен ғана жұмыс істеуге ерікті, оның өзінде сабақтан бос уақыттарында, сабақ оқуларына еш кедергі болмауы қажет. Сонымен қоса, Еңбекті қорғау туралы заңда 18-ге толмаған балалардың ауыр, зиянды жұмыстарда жұмыс істеулеріне тыйым салынған», - дейді Серікқали Бисақаев. Ол: «Әзірге рұқсатсыз, еріксіз түрде жұмыс істеп жатқан балалар жоқ, ондай болатын болса тиісті жаза қолданатын боламыз. Қазір өрт болатын, газдың иісі шығатын жерлердің барлығына мемлекеттік бақылау инспекциясының көмегімен балалардың жұмыс істеулеріне болмайтындығы жөнінде ескертілді», - дейді.

Ал Бақтияр есімді бала Қазақстанға Өзбекстаннан келіпті. Оның айтуынша, үлкен ағасымен кесек тастар сатумен айналысқан. Әкесінің қысымына шыдамаған ол әжесінен сұраусыз ақша алып, Қазақстанға өтіп кеткен. Бақтияр алғашқы кезде Астанадағы компьютер клубтарының бірінде тұрған. Өзінің айтуынша, ол жолдың арғы бетінде орналасқан жанар-жағар май станцияларының иелеріне жалданып күніне 300 теңгеден ақша тапқан.

«Балаларының еңбегін қанап, құқын аяққа таптағандары үшін ата-аналары да тиісті жазаларын тартып жатыр», - дейді Астана қалалық кәмелетке толмаған балаларды уақытша оқшаулау, бейімдеу және ақтау орталығының бас маманы Айгүл Құлбаева.
XS
SM
MD
LG