Accessibility links

Ресейдің Қазақстандағы жылы қалай өтті?

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

2004 жыл Ресейдің Қазақстандағы жылы болып жарияланғаны белгілі. Бұл екі елдің арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына ықпал етті ме?

Осындай сауалды Алматыдағы орталық музей басшысына, қазақ жазушылары мен тәуелсіз журналистке қойған едік.

Нұрсан Әлімбай, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік музейінің директоры:

“Қомақты шаралар ұйымдастыру жөнінде бізге ешқандай тапсырмалар берілген жоқ. Бірақ біз өз бетімізбен осы саяси-мәдени шараның маңыздылығын ескеріп, біраз істер атқардық деп айтуыма болады.

Ең алдымен Омбыда былтыр антропологтар мен этнологтардың халықаралық конференциясы болды. Біздің біраз қызметкерлер соған қатысты. Қаузаған мәселелер қазақ халқының дәстүрлі этнографиясы мен мәдениеті ғана емес, сонымен қатар қазақ-орыс байланысы мәселелеріне де жіті назар аударылды.

Және бұл мәселелер арнайы баяндамалардың обьектісі болды. Екіншіден, біз Қазақстан музейлер тарихында бір ғылыми басылым шығарып отырмыз. Оның жалпы көлемі жеті баспа табақ”.

Дінәш Нұрмұхамбет, жазушы:

“Қазақстанның өнер мен мәдениетке байланысты байлығы Мәскеу мен Ленинградтың мұражайларында тұр. Соларды екі елдің арасындағы қарым-қатынасты бұзбай Қазақстанның өзіне қайтару керек еді. Бірақ ол мақсат орындалған жоқ. Ең бастысы, қазақ халқының ханы мен ұлы батыры – Кенесары мен Кейкінің басы Қазақстанға қайтып оралады екен деп ойлағанмын. Ол тілегім орындалмады. Осындай тілектер орындалмағаннан кейін, ол жылдың ерекше бір мәні болды деп айта қою қиын”.

Шәріп Құрақбаев, журналист:

“Нақты айтатын болсақ, қазақтар мен орыстардың арасында бөлісетін ештеңе жоқ. Біздің үш жүз жылдық тарихымыздан бері келе жатқан өмір. Тек оны біздің кейбір үлкен саясаткерлер өздерінің мына биліктегі белгілі бір мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдануға тырысады. Алайда өткен жылы Ресейдің жас президенті Владимир Путин Қазақстан мемлекетінен үлгі алып авторитарлық жүйе құруға бет бұра бастады. Демократия жағынан алғанда екі елде де кері кетушілік аңғарылады”.

Адам Мекебай, жазушы:

“Екі ел президенті қарым-қатынасты жақсартып келеді. Әсіресе, менің ойымша, мәдени қарым-қатынасты одан сайын жақсарта түсу қажет”.
XS
SM
MD
LG