Accessibility links

Қазақстан мен Ресей президенттері Алматыда жұмыс бабында кездесті

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин Алматыда жұмыс бабындағы кездесу өткізді.

Қаңтардың 11-і күні кешкісін Алматыға жұмыс сапарымен келген Ресей президенті Владимир Путинді сәрсенбі күні осы қалада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз резиденциясында қабылдап, екеуі бейресми жағдайда кездескен.

Қазақстан президенті баспасөз қызметінің Алматыдағы өкілдігінің жетекшісі Валерий Жандәулетовтың хабарлауынша, екі президенттің түске дейінгі кездесуі қысқа және оңаша жағдайда өткен. Оның айтуынша, екі мемлекет басшылары арасындағы кездесуде Назарбаевтың алдағы уақытта Мәскеуге жоспарлаған сапары жөнінде, екі ел арасындағы ұзындығы 7,5 мың шақырымдық шекараны межелеу мәселесі және отын-энергетикалық кешен саласындағы ынтымақтастық мәселесі, сондай-ақ бірқатар қазіргі халықаралық өзекті мәселелер талқыланған.

Саясаттанушы Камал Бұрхановтың пікірінше, осы жолғы Алматы кездесуінде Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев екеуі ең алдымен Украинадағы жағдайды талқылайды.

- Өйткені, Украинада болған саяси процесстер ең әуелі Ресейге қатты әсер етті, ал алдағы уақытта Қазақстанға да әсер етуі мүмкін. Путиннің Украинаға қатысты жүргізген саясаты толық банкроттыққа ұшырады. Өйткені халықты алдап, сайлауда жеңіп шықпақ болған Виктор Януковичті ең алдымен Ресей қолдағаны белгілі. Сайлау комиссиясы қортындысын жарияламай тұрып Ресей президенті оны жеңісімен бір емес, екі рет құттықтап жібергені үлкен ұят іс болды. Алайда Януковичті Қазақстан президенті де құттықтағаны белгілі, - дейді Камал Бұрханов.

Оның айтуынша, Ресей мен Қазақстан арасында әлі шешімін күтіп жатқан көптеген проблемалық мәселелер бар.

- Солардың кейбірі осы жолғы кездесуде сөз болып, өз шешімдерін тапса жақсы болар еді, - дейді Камал Бұрханов.

Саясаткер Дос Көшімнің айтуынша, Алматыдағы бұл жолғы кездесудің "өзіндік сыры" бар.

- Осы уақытқа дейін Украина батысқа қарай бұрылады деп Мәскеу де, Астана да ойламаған болуы керек. Әсіресе, бұл Мәскеуге үлкен соққы болып отыр. Өзінің батысындағы үлкен көршісінен айрылып қалған Ресейге енді басқалары абайлап қараулары да мүмкін, өйткені Украинаны алып қала алмаған Ресейдің күші әлсіз екендігін олар енді жақсы түсінді. Осы жолғы кездесуде Путин мен Назарбаев екеуі енді не істеулері керек сол жағын сөйлесіп әңгімелеспекші болып отыр, - дейді Дос Көшім.

Сәрсенбі күні түстен кейін президенттер Назарбаев пен Путин екеуі жұмыс бабындағы бейресми кездесулерін Алатаудың баурайында орналасқан Шымбұлақ шаңғы базасында жалғастырды.
XS
SM
MD
LG