Accessibility links

Цунамиден сақтандыратын жүйе жасау жоспары талқыланып жатыр


Оңтүстік Азияда болған цунами апатынан кейін осындай табиғат қатерлерінен сақтандыру, ескерту жүйесін құру жоспары ойластырылып жатыр. Маврик шағын аралдарындағы кездесу осы мәселеге арналды.

Әлемдік қауымдастық былтырғы желтоқсанның 26-дағы Оңтүстік Азияда болған аса қайғылы оқиғалардың қайталанбауы үшін халықаралық ескерту жүйесін құруға шақырып отыр.

Бұл күндері Маврик шағын аралдарында өтіп жатқан БҰҰ-ның конференциясында осы мәселе күн тәртібіне қойылды. Цунамиден зардап шеккен аймақтарға жасаған төрт күндік сапарының соңында БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан былай деген болатын: “Менің ойымша, ертерек ескерту жүйесін орнату сауалы қазір маңызды мәселе болып отыр. Бұл - Индонезиядағы пікір алысудың негізгі бөлігіне айналды. Шын мәнінде, аймақтағы елдер цунамиден алдын-ала хабар беретін, ескерту жүйесін біздің орнатуымызды талап етіп отыр. Және жер сілікінісі, тағы басқа да оқиғалардан сақтандыратын жүйелерді одан әрі жақсарта түсуді де талап етіп жатыр”.

Бұған дейін ЮНЕСКО ұйымы 1968 жылы Тынық мұхитында ескерту жүйесін құруға көмектескен болатын.

ЮНЕСКО жанындағы үкіметаралық мұхит комиссиясының өкілі Жюльен Барбье Азаттық радиосына берген сұхбатында әлем бойынша осындай жаңа жүйені орнату ЮНЕСКО-ның бұған дейінгі тәжірибелеріне негізделетіндігін айтты.

- ЮНЕСКО келесі үш ай ішінде әлемдік метеорологиялық ұйыммен бірлесе отырып бұл жүйені орнатудағы техникалық жоспарды жасайтын болады. Ондағы мақсат - біз тек Үнді мұхиты мен Тынық мұхиты үшін ғана емес, сондай-ақ жер шарының өзге де аймақтары үшін әлемдік ескерту жүйесін орнатқымыз келеді. Себебі, цунами жер шарының Кариб теңізі, Жерорта теңізі сияқты басқа да бөліктерінде болуы мүмкін, - деді Жюльен Барбье.

Мамандардың айтуынша, сөз болып отырған әлемдік ескерту жүйесі басқа да осындай ғаламдық бақылау бастамаларымен бірлікте жұмыс атқаратын болады. Олардың бәрі бас қоса келіп, Жерді бақылау жүйесіндегі ғаламдық құрылымының пайда болуына әкелмекші.

Бұл жобаға АҚШ, Жапония, Оңтүстік Африка және Еуропа одағы мұрындық болып отыр. Аталған жоба жоспарын мақұлдау үшін 50-ден аса елдердің өкілдері ақпан айының 16-сында Брюссельде бас қоспақшы.

Мұндай жүйенің маңыздылығы мынада: былтырғы желтоқсанның 26-сында аса күшті жер сілкінісі болғанын бақылау институттары білген екен. Алайда, халықаралық ескерту жүйесінің жоқтығы себепті олар мұндай хабарды Үнді мұхиты аймағындағы елдерге таратуға мүмкіндік ала алмаған.

Маврик аралдарындағы арнайы конференцияда БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннан сөз сөйлемек. Оның барысында ескерту, алдын-алу жүйесінің жоспары бүге-шігесіне дейін талқыға түсетін сыңайлы. Бұл басқосуға 2000-нан аса өкілдер, соның ішінде 20 шақты мемлекеттердің басшылары қатысып отыр. Олар жұма күні осы мәселеге байланысты қорытынды қарар қабылдамақшы.
XS
SM
MD
LG