Accessibility links

Өзбекстан президенті "Қазақстан терроризмге жағдай туғызып отыр" деп мәлімдеді

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов өз елінің парламентінде сөйлеген сөзінде терроризм мен экстремизмге қарсы күрес ісінде Қазақстан билігінің ісін сынап, өткен жылы Өзбекстанда болған терактілерге "Қазақстанның да кінәсі барын" мәлімдеген.

Қазақстанның бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің өзбек парламентінің отырысында сөйлеген сөзіндегі Қазақстанға қатысты айтқандарын оқырмандарға жеткізді. Онда Ислам Кәрімов "Қазақстан билігі мен арнайы қызметі экстремизмге қарсы күрес жүргізуге құлықсыз" екендігін айтып, Қазақстанды "терроризмге жағдай туғызып отыр" деп кінәлағаны жазылған. Сондай-ақ өзбек президенті өткен жылы Өзбекстанда болған терактілерге "Қазақстанның кінәсі барын" мәлімдеп, "Қазақстанда осы уақытқа дейін экстремизмге қарсы заң жоқ" деп сынаған.

Ислам Кәрімовтың бұл мәлімдемесі Қазақстанның қоғамдық пікіріне қозғау салып отыр.

Қазақстан парламенті мәжілісінің халықаралық істер және қауіпсіздік мәселер жөніндегі комитет мүшесі, депутат Ерасыл Әбілқасымов "Қазақстан экстремизммен күреспей отыр" деген пікірмен өзінің келіспейтінін айтады.

- Ислам Кәрімовтың Қазақстан туралы айтқан пікірі дұрыс емес. Бізде заңдар да бар. Өзбекстанда болған терактіні қазақстандық азаматтар жасады десе, олар өзбек болып шығуы да мүмкін. Себебі, Қазақстанда төрт жүз мың өзбек тұрады, - деген уәж айтты депутат.

Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов Өзбекстан басшысының өз көршісі туралы мұндай мәлімдеме жасауын "қателік" деп бағалайды.

- Өзбекстан басшысының бұл мәлімдемесін мен кеше естідім. Бұл, әрине, қателік. "Жағдайымның қиындағанына сен кінәлісің" деп жақын отырған елге кінә тағу - ауыр сөз. Ол мұндай қадамға бармауы керек еді, - дейді Мұрат Әуезов.

Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Балташ Тұрсымбаевтың пікірінше, Қазақстан қауіпсіздік мәселесіне тиісті дәрежеде назар аударылып отыр.

- Ислам Кәрімовты президент ретінде қатты сыйлаймын. Бірақ мына мәлімдемесі - үлкен қателік. Қазақстанда заң да бар, терроризм, экстремизм жоқ. Бұның бәрі бізде қауіпсіздіктің сақталғандығынан. Егер заң болмаса, қоғам еш шара қолданбаса, онда бізде де терактілер болар еді ғой, - дейді Балташ Тұрсымбаев.

Әйткенмен, Өзбекстан басшысының Қазақстанға қатысты айтқан сөзіндегі кейбір жайттармен жазушы Ғаббас Қабышұлы келісетіндігін айтады.

- Егер Ислам Кәрімов осындай мәлімдеме жасаса, оған айқындайтын фактілері болғаны. Әйтпесе ол ойына келгенін айтпауы тиіс. Ал бізде экстремизммен күрес заңы жоқтығын мойындауымыз керек, оны президентте, министрлікте мойындайды деп ойлаймын, - дейді сатирик жазушы.

Сенатор Бақберген Досмамбетов таяу арада үкімет парламентке экстремизм туралы заң жобасын тапсырады деп жоспарланып отырғанын алға тартады.

- Біздің терроризммен, экстремизммен күрес жұмыстарымызды көріп отырып, Өзбекстан басшысының ондай мәлімдеме жасауы, әрине, үлкен қателік. Керісінше біз айта аламыз - Өзбекстан мен Қырғызстан арқылы есірткі тасымалдауы қарқынды жүріп жатыр деп. Жақында үкіметтен экстремизммен күреске байланысты заң жобасы келеді деп күтіп отырмыз. Біз экстремизм туралы конвенцияларға қосылғанбыз. Терроризм туралы заң да бар бізде, - дейді сенатор.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың Қазақстан туралы жасаған мәлімдемесіне байланысты әзірге Қазақстан тарапынан ешқандай мәлімдеме жасамағандығын айтты.
XS
SM
MD
LG