Accessibility links

Тараздық 140 зейнеткер екі жылдан бері төленбеген зейнетақыларын даулайды


Тараз қаласындағы "Қазфосфат" кәсіпорнында жұмыс істеген 140 зейнеткер екі жылдан бері төленбей келе жатқан зейнетақыларын даулап, аштық жариялауға дайын отырғанын жеткізді.

Тараз қаласындағы фосфор өндірісінде жұмыс істеген 140 зейнеткер Астанаға өкілдерін жіберді. Фосфор өндіру барысында адамдар ағзаға зиянды химиялық заттармен жұмыс істеуге мәжбүр болатындықтан, Қазақстан заңдары бойынша, кәсіби ауруға шалдыққан жұмыскерлерге кәсіпорын жәрдемақы төлеуге тиіс дейді зейнеткерлер.

Бірақ, екі жылдан бері жәрдемақы түгілі, зейнетақыға да қол жеткізе алмай отырғандарын айтқан тараздық зейнеткерлер қазір "Қазфосфат" кәсіпорны басшылығымен дауласып жүр.

- Енді біз өз ақшамызды ала алмай жүрміз. 140 адам наразылық ретінде аштық жариялауға дайын отыр. Ала алмай жүрген ақшамыз шамамен 150 миллион теңге болады, бір уақытылы жәрдемақы 5 жылға, сосын 70 жасқа дейін төленетін ақшасын қосқанда, соны бізге төлеуден бас тартып отыр, - дейді фосфор шығаратын зауыттың бұрынғы жұмысышсы, зейнеткер Мәриям Егембердиева.

"Қазфосфат" кәсіпорнының бас есепшісі Зоя Лаврентьеваның айтуынша, аталмыш кәсіпорын соңғы 30 жылда 4 рет атауын өзгертіп, 3 рет банкрот рәсімінен өткен.

- Бұрынғы кәсіпорындар ыдырап кеткен, ал сол кәсіпорындардың орнында құрылған "Қазфосфат" олардың ешбір міндеттемелерін мойнына алмайды. Біз жаңа баланстан бастап жұмыс істейміз, - дейді Зоя Лаврентьева.

Тараз қаласындағы "Қазфосфат" кәсіпорнында жұмыс істеген 140 зейнеткердің атынан Астанаға келген өкілдер екі жылдан бері төленбей келе жатқан зейнетақыларын даулап, егер өз талаптары орындалмайтын болса, онда аштық жариялау шарасына баруға дайын отырғанын жеткізді.

- Өйткені, жоғарғы соттың өзі біздің мәселемізді шеше алмады, - дейді зейнеткерлер.

Жоғарғы соттың шешімі бойынша бұл адамдар заң жүзінде әртүрлі кәсіпорындарда жұмыс істегендіктен, олардың зейнетақыларын, жәрдемақыларын бір емес, бірнеше кәсіпорын төлеуге тиіс. Ал, зейнеткерлер болса, бұндай шешімге наразы.

- Бұрынғы 4 кәсіпорынның 3-еуі банкрот болғаннан кейін олардың берешегі де жойылған. Ал, жаңадан құрылған кәсіпорын тек соңғы 11 айдың ақшасын өтеуге келісімін берді, - дейді фосфор шығаратын зауыттың бұрынғы жұмысшысы Мәриям Егембердиева. - Әділетті патша деп барған жоғарғы соттың төрағасы Қайрат Мәмидің істегені мынау. Енді, қайда барарымызды білмейміз. Мәми нақты бізге "мынадан ал" деп нұсқау көрсетпеді. Енді тек аштық жариялау ғана қалды, басқа ештеңе жоқ.

"Қазфосфат" кәсіпорнының бас есепшісі Зоя Лаврентьева болса, жұмыскерлер кәсіби ауруларға шалдыққан кезде оларға тиесілі қаражаттың бір бөлігі ғана "Қазфосфат" кәсіпорнына көшкен дейді.

- Сондықтан, тек 11 айдың жәрдемақысын төлейміз, - дейді Зоя Лаврентьева.

Заңгер Марат Башимовтың айтуынша, тиесілі қаржысын ала алмай жүрген адамдар Қазақстанда жұмыс істегендіктен, қаражатты еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігі республикалық бюджеттен өтеп беруге тиіс.

- Конституцияда тура жазылған, мемлекет көмектесуі керек. Банкрот болса, ол адамдарға қарыздарын төлеп беруі керек, - дейді Марат Башимов.

Фосфор шығаратын зауыттың бұрынғы жұмысшыларының Астанаға келген өкілдері кәсіпорын басшылары ауысып жатқан тұста, олардың біреуі банкрот рәсіміне орай жұмысшылар өтініш жазып, жұмыстан шығып, қайтадан жаңа кәсіпорын атына өтініш жазып, жұмысқа алынатындығын жариялағанын айтып берді. Заңгер Марат Башимовтың айтуынша, бұл тек конституцияға ғана емес, Қазақстанның азаматтық кодексіне қайшы келеді:

- Азаматтық кодекс бойынша мұндай шарттар заңға сай емес болып табылуға тиіс. Оларды алдаған.

Аталмыш кәсіпорында 26 жыл жұмыс істеген Мәриям Егембердиева үшінші топтағы мүгедек болып қалған.

- Совет одағы кезінде мұндай зуыттарда 10-20 жыл жұмыс істеген адамдар жас болса да зейнет демалысына шығатын. Қазір ондай жеңілдік те жоқ, - дейді Мәриям Егембердиева.
XS
SM
MD
LG