Accessibility links

Қазақстандық кәсіпкерлер шетелден сатып алған көліктерін кеденде заңдастыра алмай жүр


Қырғызстаннан «Хюндай» автокөлігін сатып алған қазақстандық кәсіпкерлер көліктерін кеденнен өткізе алмай жүр. Олардың ішінде мыңға тарта көлікті заңдастыра алмай әуреге түскен «Алматы Такси» серіктестігі «Қазақстан Хюндай» автокөлік орталығы басшыларының үстінен сотқа шағымданбақшы.

«Қазақстандық тұтынушылардың ұлттық лигасы» ұйымының өкілі Светлана Савченко «Хюндай» автокөлігін Қырғызстаннан сатып алған бірқатар азаматтар көліктерін кеденнен өткізе алмай дал болып жүр деген ақпарат таратып отыр. Олардың ішінде мыңға тарта көліктің құжатын заңдастыра алмай жүрген «Алматы Такси» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар. Кәсіпорын өкілі Николай Овчинниковтың айтуынша, енді серіктестік «Қазақстан Хюндай» автокөлік орталығы басшыларын тұтынушылар құқын шектеп жатыр деп айыптап, сотқа шағым түсірмек.

«Алматы такси» кәсіпорынының өкілі Николай Овчинниковтың айтуынша, компания «Хюндай» маркалы көлікті арзан бағамен Қырғызстаннан алдырған. Алайда, әкелген күйі кеденшілер көліктерді рәсімдеуден бас тартқан. Істің анық-қанығын сұраған кәсіпкерлерге кеден бақылау департаменті өкілдері, Қазақстанның қаржы министрлігіне бағынатын кеден комитеті өткен жылғы қарашаның 29-ында шығарған қаулысы бойынша, «Хюндай» маркалы автокөлікті осы бір сауда белгісінің меншік иелері немесе олар рұқсат берген арнайы өкілдерге ғана сату құқын беретін тауарлар тізімінде (реестр) бекітілгенін айтқан.

Сондықтан, кәріс көліктерінің құжаттарын әзірлеу мүмкіндігі жоқтығын хабарлаған. Ал, ондай рұқсаты жоқ кәсіпорын иелері "бұл - тұтынушылар құқын шектеу" деп арызданған. Осы оқиғаға тап болған кәсіпкерлерге болысып жүрген тұтынушылар ұлттық лигасының өкілі Светлана Савченконың пікірінше, Қазақстан республикасының «Тұтынушылар туралы» заңы өрескел бұзылып жатыр:

- Тауар-ақша қатынасын реттейтін азаматтық кодекс бойынша, кез-келген азамат өзінің меншік дүниесін пайдалануға, иемденуге және оны сатуға құқылы. Ал, «Хюндай» кәсіпорынының өкілдері ол талапты бізге орындатпай жатыр.

«Хюндай» көлігін Қазақстанда сатуға құзыры бар «Хюндай Мотор Қазақстан» компаниясы өкілдерінен істің мән-жайын білу үшін хабарласқанымызбен, ондағылар басшылардың жұмыста жоқ екендігін алға тартып, тиісті жауап бере алмады.

Алматы сауда-өнеркәсіп палатасы бастығының орынбасары Майдан Күнтуаров «Хюндай» жеңіл көлігіне қатысты әртүрлі сөздердің жиілеп кеткенін айтып, "зауыттан шала жасалып шыққан біраз көлікті былтыр жазда компания сатып алған адамдардан кері қайырып алды" деген әңгіменің буы сейілгеніне де көп уақыт бола қоймағанын атап өтті.

- Компания өкілдерінің іс-әрекеті заңды болуы әбден мүмкін. Егер қолдарында Қазақстан аумағында көліктің қандай да бір түрін сатуға рұқсаты болса жеткілікті, - деді Майдан Күнтуаров.

Сонымен, «Алматы Такси» кәсіпорыны өкілі Николай Овчинников дау-дамайдың әділін білу үшін заңға сараптама жасайтын тәуелсіз мамандар көмегіне жүгінген. Солардың бірі - белгілі заңгер Майдан Сүлейменов «Алматы такси» кәсіпорыны заң талаптарын дұрыс орындап отыр дейді.

- Бұл арада сауда белгісін сақтау туралы қандай да бір талап-ереже бұзылды деуге негіз жоқ. Мәселенің бәрі көлік сату құқығы кімде деген шаруаға тіреліп тұр, - деді заңгер.

Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқын қорғау комитетінің төрайымы Нұрғайша Сахипова, сауда белгісін меншігіне тіркеген «Хюндай» компаниясы өкілдерінің рұқсатын алу бәрібір қажет деп есептейді:

- Меншік құқын кімге беру керектігін «Хюндай» компаниясының Кореядағы орталық басқармасы өзі шешеді.

Уақытша сақтау қоймаларында көліктері тұрған «Алматы Такси» кәсіпорыны өкілі Николай Овчинников көлік сату нарығындағы бәсекелестікті әділ дамыту керектігін айтады. Егер сот Хюндайды қолдап шықса, шетелдің өзге көлік компаниялары да дәл осындай іс-әрекетке барса, не болады деп уайымдайды ол:

- Қазақстанға сырт елден көлік тасып, күн көретіндер табыстан айрылады. Алматыда бірді-екілі көлік дүкендері қалады. Қалаған көлігіңізді таңдап сатып алу қиындап кетеді. Дүкеннің қымбат көліктерін сатып алуға көптің мүмкіндігі жоқ.

Ал шетелдік көліктерді рәсімдеу ісіне қатысты Алматыдағы кеден бақылау департаментінен әзірге ақпарат алу мүмкін болмай отыр.
XS
SM
MD
LG