Accessibility links

Алматылық жас кәсіпкерлер Талғат пен Ғалым «Табыс кепілі – ерінбей еңбек ету» дейді

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Өз ісін ашып, жеке бизнесін бастаған жандардың арасында жастар белсенділігімен көзге түседі. Жас ерекшелігіне байланысты олар жаңа жағдайларға тез бейімделе алады дейді психологтар. Ал бұл қасиет табандылық пен жаңашылдықты талап ететін бизнес саласында табыстың кепілі дейді Алматыда шағын кәсіпорынның жұмысын ұйымдастырып жүргізіп отырған Талғат пен Ғалым есімді жас жігіттер.

24 жастағы Талғат Кемелбаев пен 28 жастағы Ғалым Керімбеков - бизнестегі әріптестер. Осыдан 4 жыл бұрын Ғалым мен Талғат бірігіп, жыл сайын көлік саны еселеніп жатқан Алматыда автокөлік жөндеу орталығын ашуға бел буады. Банктерден немесе түрлі қорлардан несие алу мүмкін болмаған соң, жас кәсіпкерлер бұл істі өздері жиған қаржыға бастапты. Мұндай істі бастау үшін көп нәрсе қажет дейді кәсіпкер Ғалым Керімбеков:

- Автокөлік жөндеу орталығын ашу деген оңай нәрсе емес, ең алдымен, әрине, қаржы қажет, одан соң, қаланың ортасынан жер алған жөн. Содан кейін, өз ісін білетін мамандарды іріктеп аласың.

Ғалым мен Талғат өз істерінің қожайыны болғанымен, оларды жұмыс басында сәнді галстукпен немесе костюммен көрмейсіз. Мұндағы ең басты мамандар да, негізгі жұмысты атқарушылар да - өздері. Ал осы автокөлік жөндеу орталығын алғаш ашқан кезде өздерінің біраз қиналғандарын айтады.

- Көтергіштер, темір түзететін роботтар, көліктерді сырлайтын камера қажет. Олардың бағалары тым қымбат болды, - дейді Талғат.

- Мысалы, қарапайым камералар 6 мың АҚШ доллары тұрады, ал көтергіштердің құны 1500 АҚШ долларынан басталады, - дейді Ғалым.

Мұның бәрі, әрине, көп қаржыны талап етеді. Банктерден несие алу олар үшін тиімсіз болған, әрі кәсіптерін жаңа бастаған жас жігіттерге де ешкім құлшынып несие бере қоймапты. Қажетті қаржыны екеуі Алматыдағы “Қамқор” автокөлік жөндеу орталығында жұмыс істеп жүріп жинаған. Талғаттың айтуынша, қазіргі табыстары жаман емес көрінеді, Ғалым екеуі де биыл көптен армандап жүрген баспанаға қолдарын жеткізіпті.

- Басымызда үй, астымызда көлік бар, табысымыз да жаман емес. Ең бастысы - ерінбей еңбек етсең болды.

Алматыдағы “Кәсіпкерлерге қолдау көрсету қорының” басшысы Александр Юрьев “жас кәсіпкерлерге пайызы төмен несиені қазіргі таңда ешкім де бермейді, сондықтан, өз ісін ашқан адам - ең алдымен өзіне сенуі тиіс” дегенді айтады:

- Бізде арзан несие деген жоқ. Мәселен, 10 пайыздық несиені өз ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерге ешкім де бермейді. Сізге біз несиені 12 пайыздан бастап береміз деп айтуы мүмкін, алайда, оған банктің немесе несие беруші мекеменің көрсеткен қызметі және түрлі сақтандыру үшін алатын пайыздарын қосып есептесеңіз, ол несиенің пайызы, анығында 24 пайызға дейін өсіп кетуі мүмкін.

Жас кәсіпкерлер Ғалым мен Талғаттың иелігіндегі автокөлік орталығында жұмыс істейтін 12 адамның дені жастар. Мұндағылар автокөлікті сырлаудан бастап, қозғалтқыш бөлігін, электр желілерін жөндеу секілді күрделі жұмыстарды да жасайды. Осында шеберлердің қасында шәкірт болып жүрген, Алматыға ауылдан келген Мұхаммед пен Ермек есімді студент жігітті атқарып жүрген жұмыстары жөнінде әңгімеге тарттық.

Мұхаммед: - Ауылдан келдім, бұрын ештеңе істеген жоқпын. Қазір мұнда шеберлердің қасында шәкірт болып жүрмін. Күніне 1000-1500 теңге табыс табамын, өзіме сол жетеді.

Ермек: - Өзім әкемнің қасында жүріп көлік жөндеуді біраз үйренген едім. Мұнда жұмыс істегеніме 3 жыл болды, қазір көлік сырлаудан бастап оның қозғалтқыш бөлігін, электр желілерін де жөндей беремін.

“Кәсіпкерлерге қолдау көрсету қорының” басшысы А.Юрьев несие алуға өтініш беретін кәсіпкерлердің көпшілігі қаржыны сауда орындарын ашу үшін алатынын айтады. Бұдан бөлек, “егер бизнес-жоспары ойға қонымды болса, біз кез-келген салаға несие бөлер едік” дейді Александр Юрьев. Ал ол басқаратын “Кәсіпкерлерге қолдау көрсету қорының” өзінің жеке ісін жаңадан бастаған кәсіпкерге беретін несие көлемі - 100 мың теңге көлемінде.

Алматы қаласының орталығындағы автокөлік жөндейтін шағын кәсіпорын иелері Талғат пен Ғалым үшін енді қазір мұндай несиенің қажеттілігі шамалы. “Ең бастысы - өзіңе сеніп, аздан бастау. Ал ары қарайғының бәрі - еткен еңбегіңе байланысты” дейді жас кәсіпкер жігіттер.
XS
SM
MD
LG