Accessibility links

Қазақстанда арақ ішуден бас тартпайтын жастар саны аз емес


Қазақстан үкіметі үстіміздегі жылы ішімдікке салынған жастар санын азайтуды көздеп отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары сәуір айынан бастап түрлі шараларды ұйымдастыруды жоспарлап жатыр.

Соңғы деректерге жүгінсек, Қазақстан азаматтарының 45 проценттен астамы айына 1-2 рет арақ-шарап ішеді екен. Бұл арақ ішетін азаматтардың 64,4 проценті 20-29 жас аралығындағы жастар.

Әлемде жыл сайын екі миллионға жуық адам ішімдіктің салдарынан көз жұмса, Қазақстанда жарты миллионнан астам адам ішімдікке құмар. Бұл тек ресми дерек. Дәрігер мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш іс жүзінде әлде қайда көп болуы мүмкін.

Қазақстан республикасы денсаулық сақтау министрлігінің салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығы жүргізген соңғы зертеулерге қарағанда, айына 1-2 рет арақ ішетін азаматтардың 37 пайызын 15-17 жастағы балалар құрайды. Ұлттық орталықтың үйлестірушісі Ғалия Нұрутдинованың айтуынша, балалар ішімдікті сыра ішуден бастайды:

- Олардың ойынша, сыраның градусы аз, сол себептен ішімдікке салынбауға болады. Олар білмегендіктен осындай ойға келіп отыр. Негізінен, біздің мектептерде салауатты өмір салтын насихаттайтын сабақ бар, бірақ бұл сабаққа уақыт дұрыс бөлінбейді. Осының салдарынан балалар сыраның немесе ішімдіктің зияндығы туралы білмейді.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығы Алматы жастары арасында сауалнама жүргізген. Бұл сауалнаманың нәтижесінде арақ-шарап ішетін азаматтардың 6 проценті алғаш рет ішімдік дәмін бала бақшада татып көрген.

Айына бір-екі рет арақ ішетін Қазақстан азаматтырының 60 пайыздан астамын жұмыс жасайтын 20-29 жас аралығындағы жастар құрайды. Сондай жастардың бірі Айдос Көлбаев:

- Мереке, туған күндерде ішуге болады деп ойлаймын. Ол көңіл көтеру үшін өте пайдалы. Әрине, салынып ішуге болмайды.

Жоғарғы оқу орнын жақсы тәмәмдап, жұмысын жақсы атқаратын жас қыздардың бірі Салима Мамырбекова көңілін көтеру үшін арақ-шарап ішетінін жасырсайды.

Қалталы жастардың біріне Азамат Мұқашев та жатады. Азамат Мұқашаев жоғарғы оқу орнында білім ала жүріп, жақсы ақша төйлейтін жерде жұмыс істейді, бірақ еш уақытта көңіл көтеру үшін арақ немесе шарап ішпейді екен.

Жастардың не себептен ішімдікке құмар болатының зерттеп жүрген маман, Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығының қызметкері Гүлнар Нұрутдинованың пікірінше, ішімдіктің алдын алатын заң дұрыс орындалмайды:

- Бірнеше заң бар, бірақ бұл заң талаптары орындалмайды. Көп жерде кәмелетке толмаған жастарға арақ-шарап сата береді, бұл дұрыс емес.

Азық-түлік, арақ-шарап сатып, күнін көріп жүрген Мәрзия Рахымжанова жұмыс барысында еш уақытта балаларға ішімдік бермейтінін айтады.

- Бізге келетін балалар мәмпәси, тәтті су алады, ьірақ арақ сатып алмайды.

Алматы қалалық ішкі істер басқармасының қызметкері Абай Омаровтың айтуынша, жастардың көбісі қылмысқа мас күйінде барады.

- Қылмысқа баратын жастардың 80-90 проценті есірткі, ішімдікке салынғандар. Сонымен қатар, қылмысқа баратын жастардың басым көпшілігі жұмыссыз жүрген азаматтар.

Ішімдікке баратын азаматтардың оның ішінде араққа құмар жастардың санын азайту үшін үстіміздегі жылы Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары мектеп оқушылары және студенттер арасында пікір сайыс ұйымдастырып, балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттауды көздеп отыр.
XS
SM
MD
LG