Accessibility links

Ресейде қазақ пен қырғыз аспиранттары Шоқан Уәлиханов атындағы ассоциация құрған

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Ресейдің Новосібір қаласында Қазақстан мен Қырғыз республикаларының аспиранттары мен докторанттары Шоқан Уәлиханов атындағы бірлескен ассоциация құрған.

Ассоциация Ресей ғылым Академиясының Сібір бөлімшесінің аспиранттары мен докторанттарынан құралған. Бұл жөнінде интернеттегі «ЦентрАзия» сайты ақпаратында айтылады. Ассоциация осы жылдың жазында Ыстық көл жағалауында Шоқан Уәлихановтың 170 жылдығына арналған жас ғалымдардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізуді жоспарлапты.

Қазақстан қоғамында көршілес мемлекеттер жас ғалымдарының мұндай бастамасын оң қадамға балаған пікірлер айтады. Ал, Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі биығы жылы Ыстық көлде бірқатар елдердің жас ғалымдары бас қосқан тұңғыш конференция өтетінін мәлімдеп отыр.

Шоқан Уәлиханов атындағы Ассоциацияны құруға аталған екі ел үшін жоғары білікті мамандарды дайындау ісіндегі мәселелерді шешуге күш біріктіру, достықтықты нығайту, басқа елдер жастары мен халықтары арасында өзара түсіністікті және ынтымақтастықты, сонымен бірге өз мүдделерін қорғау мен жүзеге асыру жайы себеп болыпты.

Мұндай бастамаға Ресейдің көрнекті ғалымдары қолдау танытқан. Ассоциацияның Ресей Федерациясының заңдарына сәйкес өз жұмысын жүргізетіні және оның ерікті, өзін-өзі басқаратын, саяси мақсаттарды көздемейтін, коммерциялық ұйым емес екені аталады.

Ал, мақсаты ретінде алыс және жақын шет елдерде оқитын Қазақстан және Қырғыз республикалары жастарының бірлігін нығайту, жастардың ғылым саласында дамуына ықпал ету, қазақ-қырғыз жастарының мәдени-адамгершілік тәбиелері, ғылым және достық қарым-қатынасты нығайту жайы атап көрсетілген.

Қазақстан парламенті Сенатының депутаты Уәлихан Қайсаров Шоқан Уәлиханов атымен қазақ-қырғыз аспиранттары мен докторанттарының мұндай бірлестік құруын құптайды және оны игі бастамаға теңейді. Бұл ғалымның есімін жаңғырту және басқа жас ғалымдарға үлгі іс дейді.

Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Үсіпбекова министрліктің жаңа құрылған ассоциацияны қолдайтынын және оның ғылымды дамытуға өзіндік үлесін қосады деп есептейтінін айтты. Сондай-ақ Жанар Үсіпбекова осы жылдың жазында Ыстық-Көлде жас ғалымдардың тұңғыш конференциясы өтетінін онда жас ғалымдар мәселесі талқыланатынын атады.

Ал, филология ғылымдарының кандидаты Дүкен Мәсімханұлы жастардың ғылымға бетбұрысы бар, бірақ оған жетекшілік ететін ғалымдар мен үкіметтің ұстанған бағыты бейтарап деген пікірді білдіріп отыр. Сондай-ақ ол әсіресе, гумманитарлық ғылым саласына келіп жатқан жастардың ұлт, мемлекет мүддесі үшін жұмыс істеуіне үкімет және жетекші ғалымдар мұрындық болуы керек деген ойын айтты.
XS
SM
MD
LG