Accessibility links

Баспасөзге шолу. 18 наурыз 2005 жыл


Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев жұма күнгі жарық көрген басылымдарда сұхбатында президенттің алдағы сайлауда жеңіске жететіндігін тілге тиек етіп, Қазақстан үшін өтпелі кезеңнің 2030 жылы ғана аяқталатындығын білдіріпті.

“Central Asia Monitor” басылымына берген сұхбатында Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Лондонда Қазақстанға байланысты өткен дөңгелек үстелге қатысқандығын, экономика қатынастары институтында бірнеше лекция оқығандығын тілге тиек етіпті.

Ермұхамет Ертісбаев өз сұхбатында осы кездесу барысында “Би-би-си” өкілдерінің нешетүрлі қитұрқы сауалдар қойғандығына және өз тарапынан ол сауалдарға жауап бере бастаған кезде залда отырғандардың біреуінің “Ермұхамет Ертісбаев, сіз “Би-би-си” өкілдері мен олардың ши шығару үшін қойып отырған сауалдарына көңіл бөлмей-ақ қойыңыз. Және Нұрсұлтан Назарбаевқа бізден сәлем айтып барыңыз. Ол өз мемлекетін одан әрі де осылай нығайта берсін” дегендігін әңгімелеп беріпті.

“Айқын” және “Литер” басылымына берген сұхбатында Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев қазақстандық оппозицияның бірігуінің нақты орын ала қоятын нәрсе емес екендігі туралы айтыпты. Ерммұхамет Ертісбаевтың пікірінше, оппозициядан ортақ кандидат ұсынылуы да болмайтын нәрсе.

“Біріккен оппозиция ол үлкен күш. Әлемдік саясат тарихында әр түрлі оппозицияның бір жұдырыққа жұмылғаны сирек болатын құбылыс” деген Ермұхамет Ертісбаев Қазақстанда оппозицияның бірігуі ұзақ мерзімге созылған жоқ” деген пікірін білдіріпті. Сондай-ақ Ермұхамет Ертісбаев сайлаудың қай мезгілде өтетіндігі ол үшін бәрібір екендігіне тоқтала келіп, алдағы президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңіске жететіндігіне сенімді екендігін атап өтіпті.

Газет тілшісінің “Қазақстандағы өтпелі кезең қашан аяқталады” деген сауалына Ермұхамет Ертісбаев «Егер біз 1990 жылы сәуірде президенттік институтты енгізіп, Назарбаевты Қазақстанның президенті етіп сайлап, күрделі нарықтық және саяси жаңаруды бастаған оны өзіміздің көшбастаушымыз ретінде мойындағанымызды еске алсақ, онда біздің “өзіміздің шөлейт даламен” келе жатқанымызға небәрі он бес-ақ жыл. Егер сіздің сұрағыңызға нақты жауап беретін болсам, өтпелі кезең 2030 жылы аяқталады” деп жауап қайтарып, Сингапурдың лидері Ли Куан Юдің өз елін 35 жыл басқарғандығын мысалға келтіріпті.

“Республика” басылымында жарық көрген Айгүл Омарованың “Тағы да президент сайлауының мерзімі” атты мақаласында биліктің сайлау науқаны жақындаған сайын оның қай кезде өтетіндігін неғұрлым құпия жағдайда ұстауға тырысатындығы туралы қорытынды жасалыныпты. Сол себептен де мақала авторы Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Бәлиеваның Қазақстандағы президенттік сайлаудың 2006 жылы өтеді деген сөзінің ешкімді де иландырып отырмағандығын тілге тиек етіпті.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, таяуда парламент депутаты Нұртай Сабильянов сайлау туралы заңға шектеулер енгізу туралы ұсыныс жасапты. Атап айтқанда парламент депутаты Нұртай Сабильянов президент сайлауына қатысатын шет елдік бақылаушылардың санын қысқартуды ұсынып отыр. Нұртай Сабильяновтың айтуынша, шет елдік бақылаушылардың шамадан тыс көп болуы Қазақстан мемлекетінің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі ықтимал. Осы оқиғалардың бәрін де мақала авторы ресми биліктің алдағы сайлау науқанына бел шеше кірісіп кеткендігімен байланыстырыпты.

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандар қоғамының шұғыл отырысында “Нұр Мүбәрак” университетінің төңірегіндегі ахуалдың талқыланғандығы да жұма күнгі апталық басылымдардың назар аударған негізгі тақырыптарының біріне айналыпты.

“Новое поколение” басылымының хабарлауынша, “Нұр Мүбәрак” университеті студенттері мен оның басшылығының арасындағы келіспеушілік соңғы кезде тіпті ұшығып кеткен. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, Нұр Мүбәрак университетіндегі “исламтану” мамандығын алатындарға классификациялық шифрдың берілмеуі студенттердің наразылығын туғызып отыр.

Мұндай жағдайда аталмыш университет берген дипломның заңдық күші болмайды екен. Сол себептен де кез-келген мекеме бұл мамандарды жұмысқа алудан бас тартуы ықтимал.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Республика” басылымында жарық көрген мақалада өткен жылдың тамыз айында “Нұр Мүбәрак” университетіндегі төртінші курсының 12 студентіне Египеттегі “Аль-Азхар” университетінде тәжірибе өту керек болғандығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, Египет жағы транспорт шығынын көтеруді қазақстандықтар өз мойнына алсын деген талап қойған.

Міне осы оқиғадан кейін, студенттер оларға демеуші болатын “Қаблан” құрылыс компаниясын тапқан. Бұл құрылыс компаниясы Египетке баратын әр студентке 800 доллар көлемінде қаржылай көмек көрсететін болған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, бұл қаржы “Нұр Мүбәрак” университетінің есеп-шотына аударылудың орнына бір дәріс беретін оқытушының қолына табыс етілген.

Ол өз кезегінде бұл қаржын университет басшылығына береді. Бұл оқиғаны біліп қойған университеттің деканы Али Шазбан қатты наразы болады. Өйткені шын мәнісінде студенттердің барып-қайту қаржысының көлемі 500 долларды құрайды және бұл іспен ылғи да Египет жағы айналысып келген екен.
XS
SM
MD
LG