Accessibility links

Баспасөзге шолу. 25 наурыз 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Жұма күнгі басылымдарда Қырғызстанда революцияның болғандығы, Асқар Ақаевтың өз елінен қашқандығы және 24 наурыз күні Астана уақыты бойынша сағат 17.00-ден бастап Қазақстан Қырғыз Республикасымен арадағы мемлекеттік шекараны жапқандығы баяндалыпты.

“Республика” басылымында жарық көрген Мұхаметжан Әділовтың мақаласында Қазақстанда да Қырғызстан мемлекетіндегі сияқты революцияның орын алуы мүмкін екендігі туралы болжам жасалыныпты. Мақала авторының айтуынша, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаев та соңғы жылдары Түркіменстандағы, Өзбекстандағы, Қазақстандағы басшылар секілді демократияны тұншықтыруға бар күшін салған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Қазақстандағы президенттік бұқаралық ақпарат құралдары Қырғызстандағы болып жатқан оқиғаларды, барынша бұрмалап жеткізуге, оны бұзақылардың іс-әрекеті ретінде көрсетуге тырысқан.

Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, егер де Қазақстандағы ресми билік алдағы уақытта да демократияны тұншықтыруын жалғастыра берсе, халықтың нарызылығын туғызып Қырғызстандағы революция Қазақстанға да келуі ықтимал. Қырғызстанда орын алған оқиғалардың қалай дамығандығына талдау жасаған мақала авторы Қазақстандағы оппозицияның бірігуі ресми билікке үлкен соққы болып отырғандығын айтыпты.

“Панорама” апталығы болса, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтың өз елінен қашқандығын хабарлапты. “Эхо Москвы” радиобекетінің хабарлауынша, Мәскеу уақыты бойынша сағат 15.30-да Асқар Ақаев арнайы рейспен Мәскеуге ұшып кеткен. Ал, оның отбасы вертолетке отырып Қазақстанға ұшып шыққан. Газеттің хабарлауынша, жеңіске жеткен оппозиция президент Асқар Ақаевтың Қырғызстанға оралуын талап етіпті. Мұндай мағынадағы мәлімдемені Қырғызстандағы демократиялық күштердің басшысы Феликс Кулов жасаған көрінеді.

“Жас қазақ” газетінде жарық көрген Берік Тұрғанбекұлының “Сарғалдақ революциясы” атты мақаласында Қазақстандағы оппозицияның не себептен Қырғызстанда революция орын жатқан уақытта ол жаққа бармай қалғандығына байланысты талдау жасалыныпты. Қазақстандық оппозиция өкілдерін Ющенкомен құшақтасып Украинадағы Тәуелсіздік алаңына шыққаны тәрізді Ош пен Жалалабад қалаларының көшелеріндегі “демократиялық шерулердің” ішінен Отунбаева мен Бакиевтің қасынан байқай алмағандығын мақала авторы қит етсе кетпенге жабысуы мүмкін халықтың мінезінен сескенгендігімен байланыстырыпты.

“Алма-Ата инфо” басылымы болса, “Президент сайлауына дейін және президент сайлауынан кейін Қазақстанда халық пен биліктің арасында теке-тірестің орын алуы мүмкін бе? “ деген сауал қойыпты. Сенатор Бексұлтан Тұтқышевтің пікірінше Қырғызстандағы жағдайдың Қазақстанда қайталануы мүмкін емес. Оның айтуынша Қырғызстанда мұндай ахуал елдің тұрмыс-тіршілігінің өте ауыр күйге түскендігінің салдарынан орын алды.

Ал, “Қазақстан патриоттар партиясының” белсенді мүшесі Генадий Власовтың пікірінше егер де билік заңсыз әрекеттерін жалғастыра берсе, Қазақстан халқы да Қырғызстандағы секілді бір күнде көтерілуі ықтимал. Саясаттанушы Нұрболат Масановтың пікірінше Қырғызстандағы жағдайдың Қазақстанда қайталануы мүмкін емес. Оның себебін Нұрболат Масанов Қазақстандағы ресми биліктің қолында қаржының бар екендігімен және биліктің кез-келген уақытта халықты сатып ала алатындығымен байланыстырыпты.

“Деловая неделя” апталығы болса 2000 жылы түрмеге отырғызылған Феликс Куловтың босатылғанын хабарлапты. Қырғызстандағы оппозиция басшыларының бірі Құрманбек Бакиевтің айтуынша наразылық шарасын ұйымдастырған кезде олар жағдайдың бұлайша күрт өзгеретіндігін болжамаған.

Қырғызстандағы революцияның қалай орын алғандығына тоқталған мақала авторы Қырғызстанның ішкі істер министрі Кенешбек Дүшебаевтың наразылық білдірушелірдің алдына шығып, егер де шерушілерге қарсы оқ атуға тапсырыс берілсе, өзінің де солардың қатарына шығатындығын мәлімдегендігіне тоқталыпты.

Алайда кейіннен түс кезінде президенттің жақтастары ағаш таяқтармен қаруланып алып, үкімет үйінің алдында жиналған шерушілерге қарсы шабуыл жасаған. Қаша жөнелген шерушелерді қуа жөнелгенде олардың арт жағынан қаруланып алған 300-400 оппозиционер шығып Ақаевтың қарсыластарын ұрып-соға бастаған.

Міне, осы оқиғадан кейін ашуға булыққан оппозиция өкілдері үкімет үйіне шабуыл жасаған. Газет тілшісінің хабарлауынша, үкімет үйіндегі барлық министрлер қашып үлгірмеген. Қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік министрлері Есен Топаев пен Қалық Иманқұлов оппозицияның қолына түсіп, өздерінің отставкаға кететіндігі туралы қағазға қол қойған.

“Литер” басылымында “Асқар Ақаевтың қаралы бейсенбісі” деген тақырыппен жарық көрген мақалада билікті басып алған оппозиция басшыларының Қырғызстанда тәртіп орнату үшін үйлестіру кеңесін құру туралы шешім қабылдағандығы хабарланыпты.

“Айқын” басылымы болса Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаровтың өз қолдарында Ақаевтың Қазақстанға ұшып келгендігі туралы ақпараттың жоқ екендігін хабарлағанына тоқталыпты. Сондай-ақ, “Айқын” басылымы 24 наурыз күні Астана уақыты бойынша сағат 17.00-ден бастап Қазақстан Қырғыз Республикасымен арадағы шекараны жапқаны баяндалыпты.
XS
SM
MD
LG