Accessibility links

Астана базарындағы қырғыз жастары президент сайлауында дауыс беруге ынталы

  • Ескендір ЕРТАЙ

Көкектің 5-і күні Қырғызстанның Жогорку Кенеші Асқар Ақаевтың отставкаға кету мәселесін шешпек. Астанадағы қырғыз азаматтары Қырғызстанның болашағын қалай елестетеді? Олар Ақаев билігі құлағаннан кейін қандай көңіл-күйде?

Болжамды деректерге қарағанда, Қазақстанда жүрген қырғызстандықтардың саны 100 мыңға жуық екен. Сауда-саттық пен жалданбалы қара жұмысты кәсіп ететін олардың бір бөлігі Астана қаласына тұрақтаған.

Астана базарының ауқымды бір бөлігі Бішкектен әкелінетін арзанқол тауарларға лық толы. Қырғызстанның Қарақұлжа ауданынан Астанаға келіп көйлек-көншекпен сауда жасап жүрген Бектемір Сауранбаев есімді жас жігіт Азаттық радиосына берген сұхбатында, Астана базарының арқасында ағайындарын асырап отырғанын айтады. Оның өзге отандастары да Бектемір секілді күнкөріс қамымен Қазақстан астанасында жүр.

- Қырғызстандағы тұрмыс жағдайы тым ушығып кеткен кезде балаларымды әр жерде орналасқан туыстарыма тастап, жан бағудың қамымен осында келуге мәжбүр болдым. Жағдай түзеле бастаса, еліме қайтып барамын, - дейді сатушы Әлімхан Әшірбекова.

Өздері Қазақстанда жүрсе де қырғыз азаматтары өз Отанында болып жатқан өзгерістерді мұндағы ақпарат құралдарынан біліп отыр. Ал, Азаттық радиосына пікірін білдірген Талап есімді қырғыз жігіті алдағы сайлауларға өзінің де қатысқысы келетінін айтады:

- Қырғызстанда ешбір зауыт-фабрика жұмыс істемеді. Ауылдарда жастарға жұмыс жоқ. Сондықтан Ақаевтың билігі құлады. Қырғызстандағы Парламент сайлауына елден тыс жүргендіктен қатыса алмадық. Сол кездегі билік режимі сыртта жүрген қырғызстандықтарды сайлауға қатыстырмайтын заң шығарды. Ал алдағы президент сайлауында қайтсем де дауыс беремін.

Қырғызстанда биылғы ақпан айында өткен парламент сайлауында сыртта жүрген қырғыз азаматтарының дауыс беруге құқығы болмады. Қырғызстанның Қазақстандағы елшілігінің жауапты қызметкері Иван Павловтың айтуынша, жақында Қырғызстанның Жогорку Кенеші «Сайлау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, шетелде жүрген Қырғызстан азаматтарының да сайлауға қатысуын заңдастарған көрінеді.

Қазақстан астанасындағы орталық базарда сауда-саттықпен айналысып жүрген жастардың дені өз Отанындағы жағдай қалыпқа түссе, міндетті түрде елге оралатындарын айтады. Азаттық радиосына лебізінде қырғыз азаматтары биылғы маусымның 26-сына белгіленіп отырған президент сайлауының әділ өтуін, мемлекет басшылығына елге жаны ашитын саяси тұлға келуін қалайтынын білдірді.
XS
SM
MD
LG