Accessibility links

Баспасөзге шолу. 23 сәуір 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сенбідегі газеттерде саясаткер Болат Әбіловке қарсы билік тарапынан жазалау акциясын ұйымдастыру жоспарланып жатқандығы туралы бейресми мағлұматтың бар екендігі айтылыпты. “Қаһар” жастар қозғалысының атқарып жатқан жұмысы туралы мерзімді басылымдардың бетінде түрлі мақалалар жарық көріпті.

“Апта.kz” газетінде жарық көрген Жасарал Қуанышәлиннің мақаласында саясаткер Болат Әбіловке қарсы билік тарапынан жазалау акциясын ұйымдастыру жоспарланып жатқандығы туралы бейресми мағлұматтың бар екендігі айтылыпты. Автор өз мақаласында ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура, салық органдары Болат Әбіловтың бизнесін 1990 жылдардан бастап тексеруді қолға алғандығы туралы дерек пайда болғанын хабарлапты.

Мақала авторының айтуынша, ресми биліктің бүгінгі мақсаты айтқанға көніп, айдағанға жүрмейтін саясаткерді қолдан келсе қылмыскер етіп, темір тордың арғы жағына тығу болып табылады. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, Болат Әбіловтің басына қара бұлттың үйірілуі кездейсоқ емес, органдардың оған тап осы қазір шүйлігуінің өзінше қисыны бар. Оның себебін мақала авторы дәл қазіргі уақытта “Ақ жол” партиясының әрі-сәрі күйде тұрғандығын биліктің оңтайлы пайдаланғысы келген есебімен байланыстырыпты.

“Республика” басылымында жарық көрген Мұхаметжан Әділовтың мақаласында келешекте ресми билік саясаткер Болат Әбіловке салық төлеуден жалтарды, мемлекеттік мүлікті заңсыз түрде жекешелендірді деген сыңайдағы айып тағуы ықтимал екені туралы жорамал жасалыныпты. Автор өз мақаласында мұндай айыптаулар бойынша Болат Әбіловтің бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екеніне тоқталып, егер де мұндай жазалаудан кейін де жаңа саяси бірлестіктің өкілдері сабасына түспесе, оларға байланысты осындай репрессиялық тәсілдерді қолдану жалғаса беруі ықтимал екендігі туралы жорамал жасапты.

Мақалада келтірілген бейресми ақпарат бұлақтарынан алынған деректерге жүгінсек, ресми биліктің “Әділетті Қазақстан” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайды қаралайтын материалдар іздестірген әрекеттерінен еш нәтиже шықпаған. Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Эпоха” басылымында осы мәселеге қатысты журналистер, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер өз ойларын ортаға салыпты.

Тәуелсіз журналист Сергей Дувановтың пікірінше ресми биліктің Болат Әбіловті түрмеге жапқыза алатын ешқандай негізі жоқ. Сергей Дувановтың айтуынша, егер де билік осындай қатқыл қадамға барса, онда ол Батыс пен Қазақстан қоғамының алдында өзінің басына үлкен дау тауып алады. Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы болса биліктің мұндай әрекеттерге бара қоймайтындығына үміт білдіріпті.

“Әділетті Қазақстан” қозғалысының Алматы қалалық бөлімшесінің басшысы Маржан Аспандиярова болса Назарбаев режимінен бәрін күтуге болады деп есептейді. Сол себептен де Маржан Аспандиярова қазірден бастап іске көшіп, Болат Әбіловті қорғау комитетін құруды ұсыныпты. 2002 жылы Қазақстан сотының үкімімен қызмет бабын теріс пайдаланды деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы облыс әкімі Ғалымжан Жақияновтың жұбайы Қарлығаш Жақиянова болса ресми билік Болат Әбіловті де түрмеге жабуы мүмкін екендігі туралы өз ойын білдіріпті.

Сондай-ақ, “Эпоха” басылымында саясаткер Болат Әбіловпен жүргізілген көлемді сұхбат жарияланыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында Болат Әбілов мемлекет басшысының сөз жүзінде демократия мен пікір еркіндігі туралы көп айтқанымен, іс жүзінде оппозициялық партиялардың жабылып, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына жасалатын қысымның күшейіп бара жатқандығын мысалға келтіріпті.

Болат Әбіловтің пікірінше, күндердің-күнінде бәрібір Нұрсұлтан Назарбаев оппозициямен келіссөзге баруға мәжбүр болады. Сол себептен де Болат Әбілов бұл уақыттың ұзаққа созылуының Нұрсұлтан Назарбаев үшін аса тиімді емес екендігін ескертіпті. Болат Әбіловтың пікірінше, бүгінгі таңда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел арасындағы беделі аса жоғары емес.

Осыдан біраз уақыт бұрын кейбір басылымдарда жастардың “Қаһар” қозғалысын сынаған материалдар жарық көрген болатын. Атап айтқанда 13 көкек күні “Экспресс К” газетінде жарық көрген мақалада жастардың “Қаһар” қозғалысы Қазақстанның демократиялық таңдауының жастар қанаты және оны Батыстың қаржыландырылатыны туралы деректер келтірілген еді. “Сөз” газетінің соңғы санында осыған орай журналист Сергей Дувановтың мақаласы жарық көріпті. Сергей Дуванов өз мақаласында жастардың “Қаһар” қозғалысына байланысты “Экспресс К” басылымында келтірілген деректердің шындыққа үйлеспейтіндігі туралы өз тұрғысынан дәлелдер келтіріпті.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында бейресми “Қаһар” жастар қозғалысы белсенділерінің бірімен жүргізілген сұхбат жарық көріпті. Ал, “Экспресс К” басылымының сенбі күнгі санында тағы да жастардың бейресми “Қаһар” қозғалысын сынаған мақала жарияланыпты.
XS
SM
MD
LG