Accessibility links

Баспасөзге шолу. 13 мамыр 2005 жыл


Жұма күні жарық көрген тәуелсіз басылымдардың болжамына сүйенсек, соңғы кездердегі Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстарға жасаған сапары таяу арада өтуі мүмкін президент сайлауының алдындағы дайындық болуы ықтимал.

“Central Asia Monitor” басылымында жарық көрген редакциялық мақалада соңғы уақыттары мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенділік танытып жүргендігі айтылып, мұның бәрі де алдағы өтетін президенттік сайлауына дайындық болуы ықтимал деген болжам жасалыныпты.

Автор өз мақаласында дәл қазіргі уақытта мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты халықтың басым көпшілігі қолдайды деген қорытынды жасап, мұның себебін басқа елдермен салыстырғанда экономикалық тұрғыдан өрлеудің бар екендігімен және Мемлекет басшысының уақыт талабына сай жұмыс жасай алатын қабілетінің ерекшелігімен байланыстырыпты.

13 мамыр күні алғашқы саны жарыққа шыққан, жабылып қалған “Республика” басылымының жалғасы болып табылатын “Сеть. Kz” басылымында жарық көрген Дулат Мұсатаевтың мақаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен саяси одақ құрғандығы туралы бейресми ақпараттың бар екендігі айтылыпты.

Мақала авторының болжамына сүйенсек, қазіргі уақытта биліктегі өз позициясын нығайтып жатқан Дариға Назарбаеваның құрып жатқан одағының таяу арада Мемлекет басшысына жасайтын ықпалы күшейе түседі. Осыған орай мақала авторы бұл жағдай президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа аса жеңіл тимейді деген қорытынды жасапты.

Сондай-ақ, автор өз мақаласында ел арасында Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың ендігі уақытта Александр Машкевич басшылық жасайтын Еуразиялық топпен байланысын үзгендігі туралы әңгіменің бар екендігін де мысалға келтіріпті. Мұның себебін мақала авторы бейресми ақпарат көздерінен белгілі болған, яғни, Қазақстанның заң орындары Александр Машкевичті қаралайтын материалдарды жинастырып жатыр деген деректердің рас болуы да мүмкін екендігімен түсіндіріпті.

“Жас қазақ” басылымында жарық көрген Жанарбек Әшімжанның мақаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстарға сапары кезінде кейбір әкімдердің Жеңістің 60 жылдық мерекесін жиып қойып, президентті күту шарасына байланысты іргедегі елге арнайы ат жіберіп, режиссер алдыртқандығы туралы дерек келтіріліпті.

Автор өз мақаласында президент келердің алдында кейбір әкімдердің көшелерді жапқызғанын, жоғарғы оқу орындарындағы студенттер мен мектеп оқушыларының аз уақытқа сабақтан қол үзгендігін де тілге тиек етіпті. Газет тілшісінің хабарлауынша, 11 мамыр күні Ақтөбе қаласының Орталық стадионында болатын «Ақтөбе –Ленто» мен «Есіл-Богатырь» командалары арасындағы ойынға президенттің келуін орайластырған жергілікті басшылар спорт әуесқойлары мен жанкүйерлерге билет сатқызбаған.

“Жұма таймс/Дата недели” апталығында өткен жылы қаза тапқан журналист Асхат Шәріпжановтың мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кейбір іс-әрекеттеріне өз тұрғысынан баға берген мақаласы жарық көріпті. Журналист Асхат Шәріпжанов өз мақаласында көп жағдайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сөздері мен істерінің арасында жер мен көктей айырмашылықтың бар екендігіне байланысты өз ойын білдіріпті.

Автор өз мақаласында билікке наразы адамдардың шет елге барғанда Қазақстанды жаман жағынан көрсететіндігін Мемлекет басшысының ылғи да сынға алатындығына тоқталып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың да кезінде Одақтық және республикалық басылымдар арқылы өз ұлтына қатты-қатты сөздер айтқандығын мысалға келтіріпті. Журналист Асхат Шәріпжанов өз мақаласында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кезінде Қазақстан басшысы болған Дінмүхамед Қонаевтың басқару жүйесін сынға алу арқылы ғана билік басына келуге мүмкіндік алды деген қорытынды жасапты.

“Жас Алаш” басылымының соңғы санында жарық көрген Мұхтар Жанұзақұлының мақаласында өткен жылы ғана мемлекет басшысының 14 облыс пен 2 қаланың 8 басшысын ауыстырғандығы айтылыпты. Мақала авторы болжамына сүйенсек, мұның бәрі де алдағы өтетін президент сайлауының тым жақындап қалғандығын аңғартады.
XS
SM
MD
LG