Accessibility links

Британ парламентарийі америкалық сарапшыларды кінәлады


Британия парламентінің депутаты Джордж Галлоуэй «Азық-түлік үшін мұнай» бағдарламасы бойынша өзін ақтауға тырысып, американдық сарапшыларға кінә артты.

Джорж Галлоуэй АҚШ Сенатының комиссиясы алдында БҰҰ-ның «Азық-түлік үшін мұнай» бағдарламасын Саддам Хусейіннің мүддесіне пайдалануына өзін көмектесті деген айыптауларды ашу шақыра отырып, жоққа шығармақшы болды. Ол мұнай бағдарламасы төңірегіндегі күмәнді жайттарға қатысы бар деген айып тағылған бірнеше белгілі тұлғаның алғашқысы болатын.

Бағдарлама бойынша жан-жақты жүргізілген зерттеулер нәтижесінде тиым салынғанына қарамастан, Америка үкіметінің кейбір әрекеттері Саддамға кіріс әкеліп, оның пайда көруіне мүмкіндік туғызған деген қорытынды жасалды.

АҚШ сенаты комиссиясының Джорж Галлоуэй және басқа да бірнеше белгілі ресми тұлғаларға қарсы қозғаған ісі Ирақ мұнайына қатысты ресми құжаттарға негізделген, ол құжаттар мұнайды бөлу-қаржыландыру ісімен негізінен Саддам режимін қолдаған тұлғалар айналысқанын көрсеткен.

Осы істі зерттеп жатқан Сенаттың шағын комиссияның заң кеңесшісі Марк Гринблатт сейсенбі күні сенаторлар алдында Галлоуэйдің қатерлі ісік дертіне шалдыққандарға бөлінетін миллиондаған баррель мұнайды жасырып қалатындай мүмкіндігі болды деп айтқан. Бұл ретте Гринблатт Саддамның бұрынғы жоғары кеңесші-көмекшілерінің, соның ішінде вице-президент болған Таха Яссин Рамаданның айтқан куәлік сөздеріне сүйенген:

- Рамадан Галлоуэйдің мұнай бөлісіне жауапты болғанын растайды, өйткені ол Ираққа салынған эмбаргоны алып тастағысы келетін пікірде болған дейді. Саддам жүйесінің басқа да ресмилері Галлоуэйдің Азық-түлік үшін мұнай бағдарламасын бөлу міндетін өзіне алғанын айтқан.

Республикандық сенатор Норм Колиман жетекшілік ететін шағын комитет те Галлоуэйді 300 мың доллар болатын мұнайдың қосымша салық табысын Саддам үкіметіне қайтарып берген деп айыптады.

Алайда Вашингтонда Сенат алдында сөйлеген Галлоуэй бұл айыптаулардың бәрін де қисынға келмейтін, ең бір сорақы деректер деп атады.

- Мен қазір де және ешқашанда мұнай саудасымен айналысқан емеспін. Және бұл тұрғыда ешкім де, ешуақытта менің атымнан әрекет еткен емес. Мен мұнайдың бір баррелін де көрген емеспін, - деп мәлімдеді ол.

Галлоуэй Еңбек партиясының бұрынғы мүшесі. Ол қазір өзінің Құрмет партиясын құрып, «Азық-түлік үшін мұнай» бағдарламасы төңірегіндегі тексерулерге қолдау көрсеткен Колиман және басқа да заңгерлердің іс-әрекеттеріне қарсы қимылдарға көшкен. Ол мұнай бағдарламасында талан-таражға жол берілді деген тексерулерді Америка үкіметінің өз қателіктерінен және Ирақта орын алған жөнсіздіктерден назарды басқа жаққа аудару әрекеті деп атады.

Ассошайтед-пресс агенттігі сейсенбі күнгі тыңдаулардан кейін, Колиман да, Демократиялық партияның мүшесі Карл Левин де Галлоуэйдің айтқандарының шындыққа жанасатынына күмән келтірді деп хабарлады. Сенат комитеті сондай-ақ Францияның бұрынғы İшкі істер министрі Чарль Паскуа және ресейлік әсіреұлтшыл Владимир Жириновскийдің мұнайды бөлу-қаржыландыру ісіне көп қатыстары болған деген айып тақты. Бірақ, олардың екеуі де бұл мәлімдеулерді жоққа шығарған.

Ресей «Азық-түлік үшін мұнай» бағдарламасына бөлінген мұнайдың үштен бірін алған. Сенаттағы осы істі тексерушінің тағы бірі Стивен Гроувс тексерушілерге Ресейде мұнайды бөлу хұқына Сыртқы істер министрлігі мен "Единство" партиясы, президенттік кеңестің басшысы Александр Волошин ие болғандығын айтқан. Гроувс 2001 жылы көктемде Ираққа қарсы санкцияларды қатайта түсу жөніндегі жаңа әрекеттерге қарсы шығу үшін Ирақ жүйесі Ресейге сыйлық жасап, кәдімгі пара беру үлгісін көрсетті дегенді айтты.

- Мұнда санкцияларды қатайтып, шетелдік сауданы шектеуге бағытталған шешімдер дайындалып жатты. Ал Ресей Федерациясы болса, егер ол шешім алына қалса өздерінің оған вето қоятындықтарын ескертті. Бұл сөзден кейін Хусейін режимі өз кезегінде Ресейге мұнайды бөлу және гуманитарлық келісімдер тұрғысында марапаттаулар жасады, - деп атап көрсетті.

Ресей сыртқы істер министрлігі Сенат жүргізген зерттеулерді сынға алды. Ал Сенат комитеті Ираққа қарсы санкциялардағы АҚШ әлсіздігі төңірегінде алаңдаушылықты қайта жаңғыртты. Сенаттың тексеру тобы 228 миллион доллар қосымша мұнай салығының Ираққа заңсыз төленгендігін анықтаған.

Оның жартысынан көбі Америка компаниялары сатқан мұнайдан түскен. Осындай жүйенің бел ортасында Хьюстондағы "Bayoil" компаниясы болған. Левин АҚШ үкіметін осы аталған компанияның мәселелерін зерттеп-тексеруге жеткілікті көңіл бөлмей отыр деп айыптады. Ол сондай-ақ Түркия мен Сирия, Иорданияға Ирақтың контрабандалық жолмен 8 миллиард доллардың мұнайын жіберуіне Американың рұхсат етуге әзір екендігін де сынға алды.
XS
SM
MD
LG