Accessibility links

Баспасөзге шолу. 24 мамыр 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда Қазақстандағы адам құқығына байланысты мақалалар жарық көріпті.

Кейбір тәуелсіз басылымдарда Грузияда, Украинада және Қырғызстандағы түрлі-түсті төңкерістерден кейін бұрынғы компартиялық жүйенің жөргегінен шыққан авторитарлық билік, бүгінгі заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге кірісе бастады деген пікірлер айтылыпты. Сондай-ақ, Өзбекстанда орын алған оқиға да сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың басты назар аударған тақырыптарының біріне айналып отыр.

“Литер” және “Известия” басылымының “Қазақстан” қосымшасында Астанада “2004 жылдағы Қазақстан азаматының адам құқығының сақталуы” атты Президент қарамағындағы Комиссия жұмысының баяндамасы тыңдалғандығы хабарланыпты.

“Известия” газетінің “Қазақстан” қосымшасы келтірген деректерге жүгінсек, 2003 жылғымен салыстырғанда 2004 жылы адам құқығының қорғалуы мәселесінде едәуір жетістіктерге қол жеткізілген. Ал, “Литер” басылымы болса Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл баяндамаға жақсы баға бергендігіне айрықша назар аударыпты.

Ал, “Жас Алаш” басылымында жарық көрген мақаласында «Республикалық тәуелсіз бақылаушылар жүйесі” қауымдастығының президенті Дос Көшім Қазақстанда қоғамдық ұйымдарды ауыздықтау науқаны басталғаны туралы өз ойын білдіріпті. Мақала авторы, Грузияда, Украинада және Қырғызстандағы түрлі-түсті төңкерістерден кейін бұрынғы компартиялық жүйенің жөргегінен шыққан авторитарлық билік, бүгінгі заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге кірісе бастады деген тұжырым жасайды.

Автор өз мақаласында ресми биліктің “халықтың көшеге шыққаны дұрыс емес” деген мағынадағы пікірімен келіспейтіндігін айтып, бүгінгі билік басында отырғандардың да кезінде шерулер мен митингілер өткізу арқылы билік басына келгендігіне қатысты мысалдар келтіріпті. Автор өз мақаласында соңғы екі-үш айдың ішінде, әсіресе, Қырғызстандағы жағдайдан кейін, Қазақстанда демократияға, адам құқығына бағытталған өзгерістерді заң арқылы шектеу жүзеге асырыла бастады деген пікір білдіріпті. Сондай-ақ, автор өз мақаласында отандық қоғамдық ұйымдардың көпшілігінің өздерінің жобаларын халықаралық қорлар мен институттардың қаржылық көмегімен жүзеге асырып келе жатқандығын, оның барлық елдерде бар халықаралық тәжірибе екендігіне де тоқталыпты.

Сондай-ақ, Өзбекстанда орын алған оқиға да сейсенбі күні жарық көрген басылымдардың басты назар аударған тақырыптарының біріне айналып отыр. “Айқын” басылымының “Егер өзбек босқындары Қазақстаннан саяси баспана сұраса, не істеу керек” деген сауалына Парламент депутаты Ерасыл Әбілқасымов, оларды қабылдау керек деп жауап қайтарыпты. Депутаттың айтуынша, тек оларды қабылдау кезінде міндетті түрде тексеруден өткізіп алған дұрыс.

Саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек болса Өзбекстан өзінен шыққан босқындарды “лаңкестер” деп жариялап отырғандықтан, егер де Қазақстан өзбек босқындарын қабылдайтын болса, онда ертең “Қазақстан лаңкестерді қабылдап жатыр” деген дау тууы мүмкін екендігін ескертіпті. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы кезінде өзбектердің өздерінде болған жарылыстарға байланысты “діни экстремистердің өкілдері Қазақстан арқылы өтті” деп айып таққандығын мысалға келтіріпті.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасы Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаевтың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің арнайы және қауіпсіздік қызметі басшылары Кеңесінің отырысында, Қазақстанның өзбек шекарасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық шараларда іске асырып жатқандығы туралы мәлімдегендігін хабарлапты. Сондай-ақ, Н.Дүтбаев осы отырыста Қазақстанда түрлі-түсті төңкерістердің орын алуының мүмкін емес екендігін де атап өтіпті.

“Мегаполис” апталығында Әндіжанда орын алған оқиға кезінде наразылық білдірушілерге қарсы өте ауыр жарақат жасайтын оқ-дәрінің қолданылғандығы туралы дерек келтіріліпті. Мақала авторы, сол себептен де жарақат алғандардың арасында күн сайын қаза тауып жатқандардың саны артып отыр деп жазады.

Сондай-ақ, “Мегаполис” апталығында жарық көрген “Дейли Телеграф” басылымынан көшіріліп басылған мақалада Өзбекстанда орын алған оқиғада Америка Құрама Штаттарының да кінәсі бар деген ой айтылыпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, 2001 жылғы қыркүйек оқиғасынан кейін Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан мен Түркіменстан секілді мемлекеттер әлемнің назарынан тыс қалған. Совет одағы ыдырағаннан кейін, ол елдердің басшылары да, ол мемлекеттердегі режим де өзгермеген. Мақала авторының айтуынша, Америка Құрама Штаттары мен Еуропа осы аймақтардағы демократиялық реформалардың дамуына аса үлкен көңіл бөлмеген.

Жаңадан жарыққа шыққан “Газета kz” басылымының бірінші бетінде жарық көрген бас мақалада құқық қорғаушылардың Өзбекстанның ресми билігін жалған сөйлеп отыр деп айыптап жатқандығы баяндалыпты.
XS
SM
MD
LG