Accessibility links

Ресми Минск американдық профессордың Беларусиядан шығып кетуін талап етуде


Өткен аптада Беларусия басшылығы АҚШ-тан келген профессор мен оның екі қызының 24 сағат ішінде елден шығуын талап еткен болатын. Боиш мырзаға визаның не үшін ұзартылмау себебі түсіндірілмеген. Ол 2003-ші жылдан бері Мемлекеттік университетте сабақ беріп келген еді. Профессордың ойынша, бұл әрекет- келесі жылғы сайлаулар қарсаңында елді батыстық әсерден тазарту үшін жүргізіліп жатқан науқанның бір қадамы.

АҚШ ғалымы Терри Боиш Беларус мемлекеттік университетінде бизнес және заң сабақтарын жүргізетін еді. Профессорға Беларусияда тұруға рұқсат беретін визаның не үшін ұзартылмағаны ресми тұрғыда түсіндірілмеген.

- Беларус өкіметі менің визамды ұзартудан бас тартты. Және дәл сол күні, шілденің 14-де елден шығып кетуімді талап етті. Алайда, ол өкімет менің паспортым мен визамды қолдарында ұстап отыр. Сондықтан құжаттарым қолыма тимейінше бұл елден кете алмай отырмын. Мен бұл жерде екі жылдай тұрдым. Және өзімнің іс-әрекетіммен Беларус халқына көмектесу үшін сабақ беріп жүргенімді көрсеттім, - дейді американдық ғалым.

«Азаттық» радиосы тілшісіне берген сұхбатында профессор Боиш мұнда ол саясаттан, оппозиция өкілдерінен бойын аулақ салып, тек қана сабақ беру және қайырымдылық шаралармен айналысқандығын айтады. Атап айтқанда, Беларус студенттері мен шетелдік студенттердің бірінің еліне екіншісі барып, өзара алмасып оқу сапарын ұйымдастырған. Сондай-ақ, Құрама Штаттарынан 40 мыңдай тегін кітаптарды, өз ақшасына теңіз арқылы жеткізіп, тағы осындай 400 мыңдай ағылшын тіліндегі оқулықтар мен әдебиеттерді жеткізетіндігін Білім министрлігіне айтқан екен. Алайда, министрлік тарапынан ондай шараларға қызығушылық болмаған.

Боиш мырзаның оқиғасы алғаш кездесіп отырған жағдай емес. 2004-ші жылы Беларус билігі Алан Флауерс деген ғалымға да виза бермей қойған еді. Лондондағы Кингстон университетінің радиолог сарапшысына тіпті алдағы бес жылда Беларусияға келуге тиым салынған болатын. Ол әрекеттеріне де ресми билік түсініктеме бере қоймаған еді. Флауерс те саясаттан мейлінше қашқатап жүрген. Алайда, ол беларус студенттері арасында демократиялық бағыттағы шараларды ұйымдастырған. Пікіралысу клубтарын ұйымдастырып, осы арқылы студенттердің халықаралық дәрежеде әлгіндей шараларға қатысуына көмектесу мақсатында болады. Алайда, мұндай әрекеттер Беларусияда советтік дәстүрдегі оқу жүйесін қайта орнатуға ұмтылып жүрген Лукашенко мен оның өкіметіне ұнамайды.

Өткен жылы елдегі барлық жекеменшіктегі және мемлекеттік университеттер үшін мемлекеттік идеология өтілуі міндетті сабақ ретінде таныстырылған болатын. Ал, 2004-ші жылдың шілдесінде Минскіде жекеменшікті түрде құрылған Еуропалық гуманитарлық университетті ел өкіметі жапқан еді. Ол оқу орыны батыстық үлгіде білім беріп, Беларус және Батыс студенттері арасында пікіралысу ұйымдастырған болатын.

- Осы әрекеттердің барлығы да келер жылғы сайлаулар алдында Беларусияны батыстық ықпалдан “тазалау” мақсатында жүргізіліп отыр, - дейді профессор Боиш.

Ол 20-шілдеде екі қызымен бірге Литваға кетпекші.
XS
SM
MD
LG