Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.19.2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Жұма күнгі жарық көрген оппозициялық басылымдар, бейресми ақпарат көздерінен “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайға қарсы ресми билік тарапынан жаңа қастандық әрекеттерінің ұйымдастырылып жатқандығы белгілі болғанын хабарлапты. Сенатор Зәуреш Батталова тәуелсіз басылымдар арқылы президент сайлауы науқаны басталмай жатып-ақ, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа байланысты үгіт-насихат жұмысының барынша жүргізіліп, әкімшілік ресурстың іске қосылғандығын сөз қылыпты.

Оппозициялық бағытты ұстанатын “Республика” басылымы 19 тамыз күні “Сеть kz” деген атпен жарық көріпті. “Сеть kz” газетіндегі Мұхаметжан Әділовтың талдау мақаласында алдағы президент сайлауының жақындап қалғандығына орай сараптама жасалыныпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, қоғамның сұранысына ие болған оппозициялық басылымдарды жабу, “Ақ жол” секілді шын мәнінде режимге қарсы шыққан саяси партиялардың арасына жік салу арқылы билік президент сайлауына дайындықты баяғыда бастап жіберді. Мақала авторының айтуынша, ресми билік тарапынан, президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі қарсыласы болатын Жармахан Тұяқбайға қарсы қастандық әрекеттері алдағы уақытта ұйымдастырылуы ықтимал. Мұхаметжан Әділов өз сараптамасында мысалға келтірген Астанадан алынған кейбір бейресми ақпарат көздерінен алынған мәліметке сүйенсек, билік “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының басшысы Жармахан Тұяқбайға қарсы жаңа қастандық әрекеттерін ұйымдастырып жатыр. Мақала авторының болжамына сүйенсек, ондай қастандық әрекеттерінің бірі ретінде – жол-көлік апатын ұйымдастыру көзделіп отыр.

“Азат” газетінің кезекті санындағы Еркебұлан Жұмашұлының мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев осы сайлауда жеңіп шығу үшін қолдан келген мүмкіндіктерін сарқа пайдалануда деген қорытынды жасалыныпты. Мақала авторы соңғы кездері Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстарды аралап, қарапайым халықпен жиі-жиі кездесіп жатқандығын осы оқиғамен байланыстырыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Нұрсұлтан Назарбаев келетін кезде алдын-ала шаңы шығып жатқан далаға сан шақырымдық қалы кілемдер төселіп, қолдарына “Назарбаев жасасын” деген ұрандар ұстаған адамдар шығару алдын-ала ұйымдастырылып қояды екен. Автор өз мақаласында егер де президент Нұрсұлтан Назарбаев билік басынан кетсе, Қазақстанның барлық байлығын иеленіп отырған оның отбасы мен жемқор шенеуніктердің далада қалуы мүмкін екендігін сөз қылыпты.

“Айқын” газеті болса “Отан” партиясының президент сайлауына дайындықты бастап жібергендігін хабарлапты. Ал, “Отан” партиясы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов өздерінің мемлекет басшысының басты саяси тірегіне айналуы керектігін мәлімдепті.

“Алма-Ата инфо” басылымында жарық көрген сенатор Зәуреш Батталованың мақаласында президент сайлауы науқаны басталмай жатып-ақ, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа байланысты үгіт-насихат жұмысының барынша жүргізіліп, әкімшілік ресурстың іске қосылғандығы баяндалыпты. Өз мақаласында сенатор Зәуреш Батталова алдағы президенттік сайлауда бағын сынағалы отырған Жармахан Тұяқбайға сайлаушыларды қарсы қою мақсатында қитұрқы тәсілдердің қолданылып жатқандығына да айрықша тоқталыпты. Сенатор Зәуреш Батталованың айтуынша, бүгінгі таңдағы ресми билік өзінің алдағы жеңісіне аса сенімді болмағандықтан тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қысым көрсетіп, саяси партияларды жауып, Ғалымжан Жақиянов сынды қайраткерлерді бостандыққа шығармай отыр.

“Правда Казахстана” басылымында жарық көрген редакциялық бас мақалада Ғалымжан Жақияновтың тұтқындалғанына үш жыл толғандығы баяндалып, қазіргі таңда оның саяси көзқарасы үшін түрмеде отырғанын әлемнің барлық елдерінің мойындағандығы айтылыпты. Автор өз мақаласында биліктің Ғалымжан Жақияновты түрмеге қамағанымен, оның сағын сындыра алмағандығына тоқталып, Конституцияның он жылдығы қарсаңында да мемлекет басшысының қайырымдылық жасайтындығына күмән келтіріпті. Оның себебін мақала авторы алдағы келе жатқан президент сайлауымен байланыстырыпты.
XS
SM
MD
LG