Accessibility links

АҚШ президенті Дж. Буш: «Катрина» дауылы – Американың басына түскен үлкен қасіреттің бірі және оның салдарымен күресу бірнеше жылға созылуы мүмкін»


Нью Орлеанда су астында қалып, қаза тапқандар саны бір мыңнан асып кеткен болуы да керек. Қазіргі бар күш-жігер дауыл жүріп өткен жерлерде тірі қалғандарды тауып, құтқаруға жұмылдырылуда.

Жойқын дауыл мен су тасқыны салдарынан қаңырап бос қалған Нью-Орлеан қаласында әр жерде қолдарына қызыл ту көтеріп, шатырларға шығып алып, құтқарушыларды күтіп тұрған адамдарды көруге болады. Олар тележаңалықтар тікұшағын көре салысымен, бар сұрайтындары: «бізге көмектесіңдер» деген жалғыз-ақ жалбарынышты сөз дейді көзбен көргендер:

«Біз көрген бірнеше адам «мұнда», «құтқарыңдар» деген мағынаны білдіретін қызыл жалауларды желбіретіп алған. Өкінішке қарай, біздің қолдан келетін қайран жоқ, тек олар жөнінде жағалаудағы күзет пен құтқарушыларға бір хабар бермесек», - деп әңгімелейді біздің тілшіміз.

Қаланың тұрғын аймағының мыңдаған адамдары әлі де қаланың бос қалған жерлерінде көмек пен құтқару күткен шарасыз кейіпте деуге болады. «Катрина» дауылы жүріп өткеннен кейінгі қалың жаңбырдан соң, бұл аймақты су басқандықтан жүздеген, мүмкін тіпті мыңдаған адам мерт болған болуы керек деген болжам бар. Нью Орлеан сияқты қаланың жағалаудағы топырақ қорғандары мен дамбалардың өзін су шайып, жоқ қып жіберген. Құтқарушылар болса, тірі қалғандарды аман алып қалып үлгеру үшін су бетіне қалқып шыққан мәйіттерге де қарауға мұршалары жоқ.

БҰҰ-ның құтқарушылар тобының жетекшісі Жан Егиланд «Катрина» дауылы бұрын-соңды болып көрмеген аса көлемді табиғат апаты деп бағалайды. Егер экономикалық жағынан алар болсақ, бұл өткен жылы Үнді мұхитында болған цунами апатынан да өтіп кетеді дейді ол. Бір ғана швейцариялық Ри деп аталатын сақтандыру компаниясы бұл апатттың зардаптары 20 миллиард доллар болады дегенді айтады.

Нью Орлеанның мэрі Рэй Нэджин қалада қалыпты тіршіліктің қайтадан бұрынғы арнасына келуі үшін кемінде екі немесе үш ай керек болады, ал тұрғындардың өз үйлеріне оралуына бір, екі айдан кейін ғана рұхсат берілуі мүмкін дейді. Міне, осындай сауалдар көптеп қойылады. Дегенмен де мұнда одан да басқа алаңдаушылық туғызатын, шұғыл түрде қаперге алынатын мәселелер баршылық. Су басқан аймақта енді түрлі жұқпалы аурулар таралуы мүмкін. Және бей-берекетсіздік пен заңсыздық жайлаған тұста хаос етек алады. Мұның өзі полицияның күш-жігерін кеңейтіп, Ұлттық күзеттің қосымша жасақтарын алып келіп, қирап, бос қаңырап қалған мекендерде енді ұрлық-қарлықтың өрістеуіне жол бермеу шараларын шұғыл жүзеге асыруды қажет етеді.

Тонаушылардың кейбірі біршама құндылықтарға да ие болып қалған. Мәселен мына бір орта жастағы әйел тәрізді, ол мен дүкеннен өзіме керегін ғана алдым дегенді айтады.

«Полиция бізге мұнда кіріп, қажет еткенімізді алуға болады деді. Мен ешқандай киім немесе басқа нәрсе алған жоқпын, тек азық-түлік алдым», - дейді ол.

Міне, осындай бей-берекетсіздік жағдайына тап болған Нью Орлеандағы бір жақсы жаңалықты атап айтуға болады: онда су деңгейінің көтерілуі тоқтаған. Қаланың спорт ғимараттарының биік мұнараларына шығып, бірнеше күн бойына жан сауғалаған 25 мыңдай адамды эвакуациялау басталды. Сәрсенбі күні кешке қарай азық-түлік тиеген алғашқы жүк машиналары да келіп жетті. Сондай-ақ сәрсенбі күні АҚШ президенті Дж.Буш апат салдарын өз көзімен көру үшін аймақтың үстінен ұшып, шолу жасап өткеннен кейін, осынау жойқын табиғат апатының салдарын жойып, жеңіп шығу үшін бірнеше жыл қажет болады деді.

«Дәл қазір бұл апат басына түскендер үшін қара түнек күндер болуы мүмкін, мен оны түсінемін. Бірақ уақыт өте келе сіздер бәрін де қалпына келтіреді деп сенемін. Жаңа қоғамдастық гүлденеді. Нью Орлеан деген алып қала орнына келеді. Ол үшін Америка мықты орын бола алады, бүкіл ел сіздермен бірге», - деп атап көрсетті президент Дж.Буш.

Ал бірақ та жақындары мен баспаналарынан айрылғандар үшін бұл қайғы-қасіретті ұмытудың ауылы алыс сияқты.
XS
SM
MD
LG