Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12. 02. 2005 жыл


Жұма күні жарық көрген басылым беттерінде 4-желтоқсанда өтетін президенттік сайлауға қатысты материалдар мен Қазақстан Республикасының парламент сенаты төрағасының сайланғандығы туралы мақалаларға орын берілген.

«Айқын» газетінде журналист Ескендір Ертай «Ақ сөйле» деген айдармен Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековпен сұхбат жүргізген. Мақалада журналист сайлау комиссиясының төрағасынан сайлау алдындағы дайындық туралы әңгімелеп беруін сұраған. Оңалсын Жұмабековтің айтуынша, «Қазақстанда 9558 учаскелік, 167-аудандық және қалалардағы аудандық, 37-қалалық, 16-облыстық, Астана мен Алматы қалалары сайлау комиссиялары президенттің кезекті сайлауына үлкен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ Оңалсын Жұмабеков, Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша, барлығы - 1600-ден астам байқаушы, оның ішінде, Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 42 елінен 474, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылары Миссиясынан - 420, 22 шет мемлекеттен - 201, 8 халықаралық ұйымнан - 107 байқаушыны, 27 бұқаралық ақпарат құралдарының - 403 өкілі тіркелгендігін хабарлады. Журналистің сұхбаты «Сайлаудың қорытындылары жөніндегі деректерді 24 сағаттың ішінде Интернетте жариялауға міндеттеніп отырмыз» деген тақырыппен берілген.

«Жас Қазақ» газетінің 2-ші желтоқсан күнгі санында журналистер Берік Тұрғанбек пен Еренғайып Қуатайұлы президенттікке үміткерлер туралы журналистер мен саясаткерлердің пікірін берген. Мақалада Константин Сыроежкин: «Н. Назарбаевтың басты қарсыласы-Тұяқбай» дегеніміз дұрыс емес, меніңше Н. Назарбаевтың басты бәсекелесі – Бәйменов» десе, Сергей Дуванов: «Н. Назарбаевтың электораты –қалыптасқан, өзгермейтін электорат. Ал екі оппозициялық кандидат халықтың наразылықты бөлігі үшін күрес жүргізуде. Бірінің даусына бірі ортақтасуда» деді. Ал Дос Көшім: «Бүгін қоғам бірдеңені күтіп отыр. Халық жақсылықты да, жамандықты да күтіп отырған тәрізді. Біріншіден, оппозицияның осы сайлауды пайдаланып кету қаупі бар, екіншіден, бәріміз көріп отырғандай, билік бұл сайлауды таза, әділ өткізуге ниеттеніп отырғандығы байқалады» деген болатын. Сондай-ақ Әзімбай Ғалидің айтуынша, «оппозицияның кемшілігі-ұлттық және діни мүмкіндікті пайдалана алған жоқ» деп жазады «Жас Қазақ» газеті.

2-желтоқсанда шыққан «Апта.kz» газетінде «Ағайын, ардақтап сөз арнадық атыңызға» деген Дінәш Нұрмұхамбеттің мақаласы жарияланған. Мақаланы жазушы Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткер Жармахан Тұяқбайдың бүкіл қазақстандықтарға және түрлі сала өкілдеріне жолдаған үндеулерін оқығаннан кейін туған ойлар деп бастаған. Мақалада автор: «Егемендік алған 14 жылдың ішінде өзімізді емес, өзгені жарылқадық. Қазақ халықының басында баяғы қасірет, баяғы мәңгу. Өз жерінде отырып өзгеге кіріптар, өзеге имене, жасқана қарау» деп жазады. Сондай-ақ мақалада абақтыда жатқан Ғалымжан Жақияновтың қарашаның 21-і күні Шідерті поселкісінде сайлаушыларға жолдаған үндеуін берген. Үндеуде, Ғалымжан Жақиянов өз кандидатына дауыс бере алмайтындығын айтып, барша қазақстандықтарды Ж. Тұяқбайға дауыс беруге шақырады. Автор президенттікке үміткер Жармахан Тұяқбайдың халыққа жолдаған үндеуінен де үзінді беріпті.

«Литер» газетіндегі журналист Жазира Букинаның мақаласында сенатқа жаңа төрағаның сайланғандығы туралы жазылған. Мақалада Қазақстан мемлекетінің президенті Н. Назарбаев сенаттың төрағасы қызметіне осы палатаның бұрынғы спикері Нұртай Әбіқайұлының кандидатурасын ұсынғандығы жазылған. Сондай-ақ журналистің мақаласында, сенат вице-спикері болып бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Мұхамбет Көпейдің сайланғандығы да қамтылған. Мақаланы автор президент Н. Назарбаевтың құттықтау сөздерімен аяқтаған.

Ал «Егемен Қазақстан» газетінде «Өрлеу Кезеңімен үндес үшінші сайланым» деген тілші Асқар Тұрапбайұлының мақаласында Астанада парламент сенатының жаңартылған құрамдағы бірінші отырысы болып өткендігінен хабардар етілген. Сенат төрағалығына депутаттар Н.Әбіқайұлын бірауыздан қолдап, оны бес депуттан тұратын санақ комиссиясы төрағасының өзі ресми түрде жариялағандығы мақалада көрсетілген.
XS
SM
MD
LG