Accessibility links

Оппозиция белсендісі Тараз абақтысында бір айдан бері қамауда отыр


Желтоқсанның 27 күні бір топ адвокат Тараз қаласында абақтыда бір айдан бері қамауда отырған Әлібек Жұмабаевпен кездесуді жоспарлады. Әлібек Жұмабаев Қазақстан оппозициясының Жамбыл облысындағы белсендісі. Қарашаның 28-інен бері қамауда отырған азаматқа президенттің ар-ожданына нұқсан келтірді және бұзақылық жасады деген айып тағылып отыр. Ал оның туыстары мен достары Әлібек Жұмабаевтың өміріне қауіп төніп тұр деп, алаңдаушылық білдіріп жатыр.

Желтоқсанның 27 күні “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының Жамбыл облысындағы белсендісі Әлібек Жұмабаев адвокаттарымен кездесті. Енді екі күннен кейін қамауда отырған азаматты полиция сақшылары тергеу изоляторына ауыстырады деп, күтіліп отыр. Болашақта Әлібек Жұмабаевтың туған-туыстары мен адвокаты оған емін-еркін келе алатын болады.

«Бүгінгі күні оның денсаулығы жаман емес, қандай да бір қысым көріп отырған жоқ. Мен өзім тергеудің бастығымен сөйлестім, олар: қысым жоқ, өткенде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келгенде түрлі сауалдар қойып, біраз мәселелерді сұрастырған, дегенді айтты. Ал, жалпы Әлібек Жұмабаевтың жағдайы бүгінгі таңда жаман емес», - дейді оппозиционердің құқығын қорғаушы Дүйсен Баймаханов.

Негізінен Әлібек Жұмабаевтың достары мен туыстары полиция сақшылары оны қарашаның 28 күні қамауға алғанын айтады. Ал желтоқсанның 16-ынан бері оппозиционерге адвокаттарын, туыстарын кіргізбей қойған.

«Сол себептен біз Әлібектің өміріне қауіп төніп тұр деп алаңдадық», - дейді Әлібек Жұмабаевты қорғау жөніндегі арнайы құрылған штаб жетекшісі Рахметділда Ауғанбаев:

«Бізге бір ақпарат келіп түсті, ол дерек бойынша Әлібек отырған жерге қылмыскерлерді отырғызып қойған, сосын біз қатты алаңдадық. Егер барлығы дұрыс болса, неге оған туған-туыстарын, адвокатын кіргізбей қояды? Алматыдан адвокаттар келгенде ғана Әлібек Жұмабаевқа туыстарын жібереді, құқыққорғаушылар кетіп қалғанда қайтадан оны уақытша ұстау абақтысына отырғызады. Осы бізді алаңдатып, біз арнайы орган өкілдеріне барсақ, олар бір-біріне сілтейді».

Қамауға отырмас бұрын Әлібек Жұмабаев Қазақстан оппозициясының Жамбыл облысындағы белсендісі, оппозициядан президенттікке бірегей кандидат болған Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілі болған. Қазіргі кезде оған президенттің ар-ождағына кір келтірді, бұзақылық жасады деген айып тағылып отыр. Ә.Жұмабаевтың “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысындағы серіктесі Маржан Аспандиярова бұл істің астарында саясат жатыр дегенді айтады.

«Әлібек Жұмабаев деген азамат біраз уақыттан бері демократиялық күштерге қосылып, өте бір белсенділік танытып жүрген азамат. Ол өзі кәсіпкерлікпен айналысқан, бірақ іштей ол елдегі саяси жағдайға наразы болып жүрген. Қазір енді тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, бірақ менің пікірімше бұл биліктің тағы бір жасап отырған ұятты әрекеті».

Ә.Жұмабаевтың ісі қашан қарастырылатынын және қандай айып тағылып отырғанын анықтау мақсатында Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасына және тергеу абақтысының әкімшілігіне хабарласқан «Азаттық» тілшісіне олар қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Бүгінгі таңда Қазақстан оппозиционерлері қамауда отырған өз серіктеріне бар көмегін беретінін айтады. Бірақ бұл көрсетіліп жатқан көмекке оппозиция белсендісі Маржан Аспандиярова риза емес екендігін айтты.

«Осындайда, адам қиналып жатқан кезде біз барлығымыз бірлесіп, күш болып төтеп бермесек, ертеңгі жағдайымыз қалай болатыны белгісіз. Ал қазіргі кезде мен оппозицияның іс-қимылына риза емеспін. Себебі, Зәкеңдей (Нұрқаділов) үлкен азаматтан айырылдық, Оксана Никитина деген қыз қайтыс болды, Ғалымжанды босатпай жатыр, сайлаудың қортындысы белгілі, сонда бізде өз бетімен кеткен билік қалыптасып отыр. Сол себептен біз көп болып, халық болып - тек оппозиция ғана емес, өзіміздің барымызды, өзіміздің күш-қайратымызды көрсетуіміз керек сияқты».

Ал Әлібек Жұмабаевтың құқығын қорғауды көздеген адвокаттар оппозиционерге қарсы қозғалған істің жабылуын талап етуді көздеп отыр. Себебі, Әлібек Жұмабаев қылмыс жасаған емес, дейді адвокаттар.
XS
SM
MD
LG