Accessibility links

Шығыс Еуропа мен ТМД елдерінде жаңа технологияларға негізделген энергиялық жобалар қолға алынбақ


Шығыс Еуропа мен ТМД елдерінің халық саны әлем халқының 6 пайызын құрайды. Соған қарамастан ауаға бөлінетін көмір қышқыл газының әлем бойынша 12 пайызы осы елдерге тиесілі екен. Дей тұрғанмен, 1990-шы жылдан бергі аралықта бұл көрсеткіш төмендей түскен. БҰҰ-ның таяуда жарық көрген баяндамасына қарағанда, Беларус, Болгария, Қазақстан, Ресей және Украйна елдеріне энергияны тиімді пайдалану бойынша енгізіліп жатқан инвестициялар оң жемісін беруде.

Энергия бағасы мен субсидияларға реформа жасау жөніндегі мәселе - Шығыс Еуропа мен ТМД елдері үшін күн тәртібінде тұрған сауал. БҰҰ баяндамасының айтуынша, бұл аймақтағы жергілікті банкілер жобаны қаржыландыру техникасымен таныс емес екен. Сондықтан олар ілгерішіл энергиялық жобаларды қаржыландыруға аса ықылас танытпауда. Олардың пікірінше мұндай қадамдар үлкен тәуекелдерді талап етеді.

Шығыс Еуропа мен ТМД елдерінде экономикалық өндіріс жыл сайын 5-12 пайызға өсіп отыр. Сырттан келетін тікелей инвестициялардың да көтерілетін сыңайы бар. БҰҰ баяндамасына қарағанда, өзін-өзі 5 жылдан да аз уақыт ішінде ақтай алатын мұндай энергиялық жобалар 5 және 10 миллиард доллар аралығында пайда әкелуі мүмкін.

Гайнлуса Самбучини - БҰҰ тарапынан қаржыландырылған осы баяндаманың ауторы. «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Самбучини инвестиция көлемі тым қомақты болғандықтан аталған жобаларды қаржыландыруға жеке секторлар да қатысуы тиіс, деді.

Самбучини мырзаның айтуынша, әлем бойынша мұнай мен газ бағасы жаңа деңгейге көтеріліп тұрған тұста біраз өзгерістер қажет болуда. Сондықтан да аймақтағы жеке инвесторлардың біразы қоршаған ортаны қорғау ісіне ерекше назар аударуда. Шығыс Еуропа мен ТМД аймағында 1990-шы жылдан бері, жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты, ауаға бөлінетін көмір қышқыл газының көлемі азая түскен болатын. Дей тұрғанмен, сарапшылар мынандай жайытқа алаңдап отыр. Энергия өндіру технологиясына тиімді де жеткілікті дәрежеде инвестиция тартпайынша, ауаға көмір қышқыл газының аз бөліну көрінісі тоқтап қалатын сияқты. Тіпті керісінше, ауаны ластау үдерісі қайта қарқын алуы да мүмкін.

Здравко Генчев - БҰҰ жанындағы «Энергияны сақтау – 21» атты жобаны әзірлеген комитеттің төраға орынбасары. Оның айтуынша, энергияны сақтау, үнемдеу жобасының тиімділігі, мысалға айтқанда, көшелерді жарықтандыру немесе ауруханалар мен мектептерге жарық беру және қалалық жерлердегі жылу жүйесін тиімді пайдалану салаларында ә дегеннен-ақ байқалып тұрады.

«Еуропа банкінің қатысуымен, мысалға айтар болсақ, Украйнада ЕСКО атты энергия қызметін көрсететін компания құрылды. Ол компанияға белгілі бір дәрежеде өкімет иелік етеді. Дей тұрғанмен, бұл компания өзінің табиғаты жағынан айрықша және Украйнадағы энергияны тиімді пайдалануды жүргізіп отырған басты компанияның бірі болып отыр», - деді Генчев мырза.

Осындай жобалармен жұмыс істеу және жүзеге асыру ісінде, дегенмен бұл аймақта Ресей көшбасшы болып келеді, деді ол. Баяндамаға қарағанда, Әлемдік банк және басқа да инвесторлар Беларус, Болгария, Ресей және Украйнадағы 18 жобаны қаржыландыру үшін 14 миллиард 900 миллион доллар бөлуді мақұлдаған екен.
XS
SM
MD
LG