Accessibility links

Құс тұмауы қаупіне байланысты Қазақстанда көктемгі құс ату маусымына уақытша тиым салынды


Қазақстан Ауыл шаруашылық министрлігі биыл орын алуы мүмкін құс тұмауының алдын алу мақсатында, елде көктемгі құс ату маусымына рұқсат бермеу туралы қаулы қабылдады. Бұл қаулы наурыз айының 1-нен бастап мамырдың 25-іне дейін күшінде болмақ.

Қазақстан үкіметінің осы қаулысы жайлы Ауыл шаруашылық министрлігі Аңшылық және орман шаруашылығы комитетінің жабайы аңдар басқарма бастығы Бақытбек Дүйсекеев былай дейді:

«Біздің комитет «құс тұмауына» қарсы тұру үшін шаралар қолданып жатыр, қолданғанда – биылғы көктемгі аң аулауға тиым салып жатыр. Біздің «Аң аулау ережесі» бойынша 1-ші наурыздан екі құсты аңшылық мақсатта атуға ғана рұқсат берілген. Ол – аталық үйректер мен «вальчнев» деген үйректің аталығына. Сол екі құсты аулауға биыл рұқсат берілмейді. Сол бойынша комитеттің тиісті бұйрығы бар».

Сондай-ақ, Дүйсекеев мырзза бұл бұйрықты бұзғандарға Әкімшілік кодекстің 298-бабы негізінде бес есе ең төменгі айлық көрсеткіші шамасында айыппұл салынатынын айтады. Ең төменгі айлық көрсеткіш қазір 1030 теңге.

Құс тұмауының алдын алудың тағы бір шарасы ретінде Қазақстан үкіметі жақында ғана барлық облыстарды қамтыған жаттығу да өткізді. Ол жайлы төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз хатшысы Аманжол Нұрманов:

«Үстіміздегі жылдың 21-23 күндері Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Шалбай Құлмахановтың басшылығымен құс тұмауына байланысты Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шаралары өтті. Жаттығу кезінде біздің алдымызға қойған мақсат - бүкіл Қазақстан бойынша құстардың ұшып өтетін, қонатын жерлердің бәрін тегіс қадағалауға алуды үйрену еді, олар қадағалауға алынды. Бұл жаттығуға Қазақстанның бірқатар министрліктері түгел қатыстырылды».

Ал Ауыл шаруашылық министрлігінің ветеринария департаментінің бастығы Асылбек Қожамұратов, былтыр үкімет құс тұмауына 60 миллион теңге қаржы бөлсе, биыл 83 миллион теңге қаржы бөліп отырғанын айта келіп:

«Көктемгі құс тұмауына қарсы вакцина алынатын болды. 9 миллиондай доза вакцина алынбақшы және олар конкурс бойынша алынады. Оны қандай бағамен, кім ұтып алатыны белгісіз. Біз Ресей вакцинасын алу қажет деп ұйғардық. Бірақ, вакцина қолданудан бұрын, күдікке алынған құстарға «құс тұмауы» деген диагноз қойылуы керек. Оған зертханалардың дайындықтары жүріп жатыр. Қазір Қазақстанның 16 облысының қай-қайсысында да құс тұмауының А типін анықтайтын ИФА дейтін қондырғылар тұр. Тұмаудың Н5N1 түрін анықтайтын екі зертхана бар. Олар - Астанадағы Мониторингтік және референциялық Ұлттық орталық және Отардағы Ғылыми-зерттеу орталығы. Бізге негізгісі Н5N1 ғой, бірақ, Н7–сін де, тұмаудың қалған 16 серотипін де анықтайтын екі зертханамыз бар», - дейді.

Сейсенбі күні Қазақстан үкіметі «құс тұмауы» вирусы таралуының алдын алу мәселелерін қарап, үкімет басшысының өкімімен Ахметжан Есімов жетекшілік ететін уақытша жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Бірақ, үкіметте әзірге «құс тұмауына» қарсы күрес жөнінде іс-әрекеттің бірыңғай жоспары әлі жасалмаған көрінеді. Ол алдағы бір аптада дайын болуы керек.

Алайда, Қазақстан шекарасында 84 бекет санитарлық бақылау орнатып, Астана мен Алматы әуежайларында вирусты жұқтырғандарды анықтайтын арнайы қондырғы орнатылыпты. Ресми билік мұндай арнайы қондырғылар жақын арада 20 темір жол вокзалына орнатылатынын айтып отыр.

«Құс тұмауының» Н5N1 вирусы ең алғаш рет 1997 жылы Гонконгте анықталған болатын. Бұл кеселдің екінші рет бой көрсетуі 2003 жылы Оңтүстік Кореяда байқалған, одан ол - Қытайға, Вьетнамға, Тайландқа , Лаос, Индонезияға тарап, Европаға дейін жетіп еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша осы күнге дейін әлемде «құс тұмауы» ауруының 173 оқиғасы анықталса, оның 91-і адам өліміне соқтырыпты. Азияда бұл кеселден 80 адам қаза болған. Бірақ, бұл кеселдің адамнан адамға жұғу оқиғасы әлі тіркелген жоқ десе де, әлем ғалымдары оның күні алыс емес деп алаңдаушылық білдіріп отыр.
XS
SM
MD
LG