Accessibility links

Беларусь еліндегі наразылық шерулері оппозицияның жеңісі ме, әлде ұтылысы ма?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Беларусь еліндегі оппозиция жетекшісі Александр Милинкевичтің айтуынша, президенттік сайлаудан кейінгі бір апталық наразылық шерулері билік режимінің қабырғасына жарықшақ түсіргендей болды. Бірақ жеңіс, 3 рет президенттік таққа отыруға мүміндік алған қызмет басындағы президент Александр Лукашенконың жағында болды.

Сонымен, Беларусь елінде саяси төңкеріс болады деп қаншалықты дәмеленгенімен, оппозицияның ол үміті іске аспады. Александр Лукашенко осымен 3-ші рет президенттік таққа отырды. Соған қарамастан, оппозициядан негізгі үміткер А.Милинкевич наурыздың 28-інде, Беларусь елі - дұрыс жолда, бірақ оппозициялық қозғалыс бәрібір өзгеріс бағытында күресін жалғастыра береді, деді.

- Сонымен қатар, біз болашақ жоспарды талқылаудамыз. Бұл - өте маңызды. Ендігі мәселе, пессимизм – сарыуайымға берілмеу. Меніңше, біз жеңіс жолында алғашқы өте маңызды қадам жасадық, - деді Милинкевич.

Дегенмен, көпшілік президент Лукашенконы орнынан қозғалту мүмкін болмағанымен, өткен сайлау мен шерулер ел тарихында ізгі із қалдырды деп есептейді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы К.Райс наурыздың 28-інде Беларус оппозициясы айтарлықтай күш жинаған деп өзінің дұрыс бағасын берді. Бірақ Лондондағы экономикалық барлау орталығынан Стюарт Хенселдің айтуынша, оппозицияның Минскідегі шерулерін Украинадағы түрлі-түсті төңкеріспен салыстыруға келмейді. Бірақ, оппозицияда өсу бар, дейді сарапшы.

- Меніңше, Беларусь оппозициясы ішкі саяси аренадан біршама орынға ие бола алды. Бұл, әрине, қызық жағдай. Енді Лукашенко мырзаның алдында бұрынғыдан әлде қайда өзгерген оппозиция жетекшісі А.Милинкевич мырза көлденең тұр, - дейді Хенсел.

Дегенмен, Хенсел, оппозиция Лукашенконы жақын арада биліктен құлатар деп сенбейді екен.

- Оппозиция алдағы екі-үш айда, тіпті Лукашенконың президенттік 3-ші мерзімінде, оны орнынан қозғай алмас. Бірақ аса күрделі саяси жағдайға қарамай, бұрынғы 4-5 жылмен салыстырғанда, оппозицияның мүмкіндігі күшейіп, өз дауысын айқын шығара бастағандай, - дейді Стюарт Хенсел.

С.Хенселдің айтуынша, президент Лукашенконы елдегі жағдайлар үшін қаралай бергеннен нәтиже шықпайды. Үлкен мәселенің бірі - оппозицияның өзінде бірлік жоқ, дейді сарапшы. Оның үстіне, Мәскеудегі Карнеги зерттеу орталығының сарапшысы Алексей Малащенконың айтуынша, жалғыз ғана саяси бірлікпен барлық мәселе тағы шешілмейді. Оның пікірінше, көптеген беларустар үшін Лукашенко орнатқан қазіргі тұрақтылық маңызды, себебі олар бірер саяси өзгерістен кейін елге не келерін білмейді. Оларда қорқыныш-үрей бар, дейді ол.

- Жұрт өзімен-өзі. Оларға тек қана тұрақтылық қажеттей. Украина мен Ресейді мысалға алып, ол жақта баға өсіп жатыр, ереуілдер болуда. Ал мұнда барлығы тыныш, барына шүкіршілік деген, тап-таза советтік психология қалыптасқан, - дейді сарапшы Алексей Малашенко.

Бұл арада оппозиция жетекшісі А.Милинкевич Беларусь қауымын құлдық санадан құтылуға шақырып, ұйымдастырылған шерулер рухани төңкерістің басы ғана дейді. А.Милинкевичтің айтуынша, бұрынғы советтік құлдық түсініктен арылудың өзі соңғы аптада болып өткен шерулердің үлкен жемісі екен.
XS
SM
MD
LG