Accessibility links

Қытайдың XJTV-3 қазақ телеарнасы кабельдік жүйе арқылы Қазақстанға хабар тарататын болды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

20 жылдан бері Қытайдағы 1,5 млн.-нан астам қазақ аудиториясына арнап күніне 17 сағат қазақ тілінде хабар таратып келе жатқан телеарна қазақстандық көрермендер назарына негізінен әдеби-танымдық хабарлар ұсынбақ.

- Қытайдағы үшінші арна қазақ редакциясы хабарларының 1,5 млн.-нан астам көрермені бар. 1997 жылдан бастап аталмыш телеарнаның хабарларын Шыңжаң өлкесінде ғана емес, спутник арқылы Қытай Халық Республикасының барлық аймақтарында, Орта Азия мемлекеттерінде тарату мүмкіншілігіне ие болдық, - дейді Шыңжаңдағы XJTV-3 телеарнасының басқарушы төрағасы Ыдырыс Қамса.

Енді бұл телеарна кабельдік жүйе арқылы қазақ тілді хабарларын Қазақстанға да таратпақшы. Алматы жұртшылығы Шыңжаң телеарнасының қазақ редакциясы әзірлеген хабарлардан Қытайдағы мәдени-әлеуметтік мәселелермен, сол елдің ішкі жаңалықтарымен қоса халықаралық жаңалықтарды көру мүмкіндігіне ие болды.

- Негізінен, мәдени-өлеуметтік, жастардың өмірі, ауылдың тыныс-тіршілігі мен ағымдағы жаңалықтарды ел назарына ұсынамыз, - дейді Ыдырыс Қамса.

Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл телеарнаның қазақ редакциясында 240-тан астам қазақ тілді мамандар жұмыс істейді екен.

Шыңжаңның XJTV-3 телеарнасы қазақ редакциясының хабарларын кабельдік жүйе арқылы Алматыда таратып отырған “Digital TV” кабельдік арналар жүйесі ЖШС-нің қызметкері Гүлжан Ағыбаева:

- Мақсатымыз – көрермендер назарына сырт мемлекеттегі этникалық қазақтардың ата-бабаларының тілін, салт-дәстүрлерін жоғалтпай, сақтап келе жатқандарын көрсету, - дейді.

Қытайлық телеарна мемлекеттен қаржылдандырады. «Азаттық» тілшісі Шыңжаңда тұратын, қазірде Алматыда жүрген қазақ жастарын да сөзге тартқан еді.

- Қытай сынды алып мемлекетте тұрып таза қазақ тілінде сөйлеу біз үшін бақыт. Мұны Қытай үкіметінің аз санды халықтарға жасаған қамқорлығы деп түсіну керек. Қазақстанның өзінде 50-50 деген саясатты жүзеге асыра алмай отыр екен. Бізде - Қытайда күндіз түні теле-радиода таза қазақ тілінде 100 пайыз хабарлар тарайды. Тағы 8-інші каналымыз бар. Ол Үрімжі қаласында 15 сағат қазақ тілінде хабар таратады. Сонымен қатар Қытайдағы әр облыс аймақтардың өзінің қазақша бағдарлама жүргізетін телеарналары бар, - дейді Жайдары Ықсан есімді жас жігіт.

Шыңжаң телеарнасы қазақ редакциясы хабарларының Қазақстанда таратылуына қатардағы азаматтар да қарсы емес, дегенмен көрермендер үшін оның мазмұны қандай болатыны да маңызды.

- Қандай мәселені қозғайды? Хабарлары не туралы? Мен әуелі соған назар аударар едім. Ал Қытайдағы қандас бауырларымыз қалай өмір сүріп жатқаны туралы хабарларды көрген артық емес деп ойлаймын, - дейді Алматы тұрғыны Азат Мырзаханов есімді азамат.

- Қытайдағы қазақтардың тіршілігін көрсететін телеарнаны тамашалауға кез-келген адам ықыласты. Себебі, ол жақта біздің миллионан астам бауырларымыз тұрады. Олар біріншіден, өздерінің ұлттық нақыштарын сақтап қалған. Екіншіден, ұлы халықпен жақын өмір сүріп жатыр. Олардан, әсіресе, кәсіпкерлік саласында үйренеріміз көп. Мен өзім бұл телеарнаны көрер едім, - дейді кәсіпкер Құрманғали Ашанұлы.

Бұған дейін Алматы жұртшылығы қоңсыдағы алып елдің қытай тіліндегі бірнеше телеарналарының хабарларын кабельдік жүйе арқылы көріп келген еді. Енді оған сол елдің қазақ тіліндегі телехабарлары қосылып отыр.
XS
SM
MD
LG