Accessibility links

Жол-көлік оқиғасынан зардап шегетіндер саны азаймай отыр

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Ресми деректерге қарағанда жыл сайын Қазақстанда жолаушылар тасымалы көлігі жүргізушілерінің кінәсінен 500-ге тарта жол-көлік оқиғасы орын алады. Соның салдарынан 150-ге жуық жолаушы қаза тауып, кемі 700 адам жарақат алады екен. Ал мамандардың сараптауынша, келеңсіз оқиғалар жол ережесін орындамау, жылдамдықты тиісті деңгейде арттырып, жолдың қарама-ұарсы бөлігіне шығып кетуден туады.

Оксана есімді Алматы қаласының тұрғыны қала ішіндегі жолаушы тасымалдайтын көліктен гөрі баратын жеріне таксиге отырып жеткенді дұрыс көреді. Өйткені, Оксананың айтуынша, жолаушы көлігінің жүргізушілері жол ережесін жиі бұзады.

«Жаяу жүргінші өтетін жолдан байқап өтпейді және автобус тексерушілері жолаушыларға өте дөрекі қарайды. Сондықтан да көбінесе такси тоқтатуға тура келеді», – дейді Оксана.

Ал жолаушы тасымалдайтын шағын авто көліктің тексерушісі Марат керісінше, жолаушылармен өте мәдениетті болуға тырысамыз дейді. Алматының жол полициясы қызметінің мәліметтеріне қарағанда, соңғы жылдары жолаушылар тасымалы көлігі жүргізушілерінің кінәсінен жол апаты оқиғалары жиі орын алуда. Мысалы, жыл сайын кемінде тек автобустардың қақтығысуынан 500-ге тарта жол-көлік оқиғасы тіркеледі екен. Сондықтан да шілденің 12-інен бастап жолаушылар тасымалы көлігінің жол-көлік апатына ұшырауын азайту мақсатында жалпы республикалық «Автобус» шұғыл-профилактикалық шарасы басталып отыр. Бірақ Алматы қаласындағы нөмірі 8-ші жолаушы көлігінің жүргізушісі Айдар жол апаты оқиғаларына жолаушы көлігінің жүргізушілері кінәлі дегенмен келіспейді.

– Жол ережесін бұзатындар жеңіл автокөліктің иелері. Олар менсінбей жүреді. Сосын бағдаршамға қарамай өтіп кететін жаяу жүргіншілер де болады, – дейді Айдар.

Алматының көше бойында жол ережелерінің орындалуын қадағалап тұрған Қанат есімді жол инспекторы жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуының бас себебі жүргізушілердің ереже-талаптарды орындамау салдарынан деп түсіндіреді.

– Қазір Алматыда машиналар көбейіп кетті. Оның үстінен қыздар да машинаны көп жүргізеді. Негізінен жол ережені бұзатындар - әйелдер, – дейді жол инспекторы.

Автобустарға жиі отыратын жолаушылардың пікірлері төмендегідей:

– Жол-көлік оқиғалары орын алмас үшін қаладағы машиналарды азайту керек. Ол үшін тезірек метроны іске қосу керек.

– Шағын автокөліктерді азайту керек. Жол ережесін бұзатын солар.

Бір жұмаға жалғасатын «Автобус» акциясы барысында жол полициялары соңғы аялдамаларда, автобекеттерде автобустардың техникалық жағдайын тексеру рейдін жүргізеді.
XS
SM
MD
LG