Accessibility links

«Халық Үйі» қоғамдық бірлестігі жетім-жесір, үй-баспанасыздарға тегін жер телімін бермекші


2006 жылы сәуір айында құрылған «Халық үйі» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік жағынан қорғансыз, мүгедек, жетім жесір, кедей адамдарға Алматы облысының Қарасай ауданы, Әйтім ауылы жанынан үй-баспана салып алуға 8 сотық тегін жер телімін бере бастады. Қоғамдық бірлестіктің төрағасы Ержан Нұрғожаевтың айтуынша, қоғамдық бірлестік бұл мақсатқа арнап Қарасай ауданынан 7 гектар жерді сатып алған. Бірлестік басқадай жер телімдерін қосқанда бүгінде 90 гектардай жерге ие болып отыр.

Бұл бүгінде жерді заңсыз басып алған Алматы маңындағы Шаңырақ, Бақай секілді ауыл тұрғындары мен оларға шүйлігіп отырған әкімшілік арасындағы үлкен дау-дамайды қайталамау үшін жасалып отырған іс әрекет болмақ дейді ол.

Алайда, оның айтуынша, бұл мәселеде тағы бір қиындық туып отырған көрінеді. Ол - осы сатып алынған жерге үй-баспана салу үшін қажетті әкімшілік шешімінің өте қымбатқа түсіп отырғанын айтады.

- Үкімет бағасы 40 доллар мөлшерінде болса, бұған делдал азаматтардың араласуы мен сыбайлас жемқорлық арқасында бұл баға 350-500 долларға дейін шарықтап отыр, - дейді қоғамдық ұйым өкілі.

Сондықтан бұл мәселеге Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов мырза өзі араласып, жетім жесір, мүгедек жандарға қол ұшын берсе деген тілегіміз бар дейді ол.

«Халық үйі» қоғамдық бірлестігінен осы жолы алғашқылардың бірі болып жер телімін тегін алған Рысқан Керімқызы - 10 бала өсірген ана. Күйеуі қайтыс болса да ол тағдырға мойымай,көшеде жетім қалған 7 баланы да өз қолына алып, бағып-қағып өсіріп отыр екен. Осыншама жан ұзақ жылдары бойы қуықтай тар, жаздық екі бөлмеде өмір сүріп келіпті. Енді міне олардың қуанышы қойындарына симай отыр. Себебі, «Халық үйі» қоғамдық бірлестігі оларға екі үй баспана салуға боларлық 16 сотық жерді тегін беріпті.

- Енді тек Алматы облысның әкімі Серік Үмбетов мырза біз секілді жетім-жесірлердің көз жасын елеп-ескеріп, берілген жерге үй-баспана салу шешімін шығарып берсе, рахметтен басқа айтарымыз болмас еді, - дейді кейуана.

Тәуелсіз журналист Геройхан Қыстаубаев «Халық үйі» қоғамдық бірлестігі көтеріп отырған бұл іс-шараның басқа мемлекеттерде жоқ екендігін айтады. «Бүгінде жер мәселесі тек Қазақстанда, қазақ халқының басындағы ең қиын мәселенің біріне айналып отыр» дейді ол.
XS
SM
MD
LG