Accessibility links

34 күндік соғыстан Ливанның ес жиюына және оны қайта қалпына келтіруге ресми Уашингтон көмектеспекші

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Бұл жөнінде АҚШ президенті Джордж Буш дүйсенбі күнгі баспасөз мәслихатында айтты. Ол көмек көлемін жариялады. Ливанда БҰҰ-ның күштерінің тезірек орналасуына шақырып отыр. Және Израйль мен Хизбулла арасындағы соғыста Иранды айыптады. Көмек ісінде Америка Құрама Штаттары Хизбулламен жарысқа түскісі келетіндей.

Құрама Штаттар президенті Джордж Буштың айтуынша, Ливанға көмек көлемі 230 миллион доллар шамасында болмақшы.

“Халықаралық күштер халықаралық міндет арқалауы тиіс. Бұдан бұрынғы БҰҰ-ның қарары жүзеге аспады. Себебі оны халықаралық қауымдастық іске асырмады. Сол арқылы Хизбулла мен оның демеушілерінің күш қолдануларды өрістете түсуіне жол ашылғандай еді. ББҰ-ның жаңа қарары бойынша аймаққа 15 мыңнан аса әскерилерді орналастыруға бұйрық беріліп отыр. Мұның өзі аталған күштерге кең тұрғыдағы міндет жүктейді. Оны тез арада жүзеге асыру ләзім”, - деді Буш мырза.

Буш сондай-ақ Сирия мен Иранды тәуелсіз елдің ішкі істеріне қол сұқты, деп айыптады.

АҚШ көмегінің ішінде 25 мың тонна бидай және Ливан армиясына арналған 42 миллион доллар қаржы да бар. Сондай-ақ, өткен айда Израйльдің бомбалауы салдарынан Ливан теңіз жағалауына төгілген мұнайдан аймақты тазалауға арналған қаржы да бар.

Соғыс қирандыларын қалпына келтіруге 3 миллиард 600 миллион доллар қаржы керек, дейді Ливан үкіметі.

Буш әкімшілігінің Ливанға көмек жөніндегі шешімінен бірнеше күн бұрын Хизбулла басшысы, шейх Хассан Насралла қайта қалпына келтіру мен Ливанға көмектің қомақты науқанын бастағандарын жариялаған еді. Қираған жерлерде Хизбулла тобының бірнеше жүздеген еріктілері қажырлы көмектерін бастап кеткен болатын. Бульдозерлермен ол жерлерді тазалап, үйсіз қалған ливандықтарға ақшалай қомақты қаржылар берген еді. Оңтүстік Ливандағы Хизбулла басшысы Набил Каук таяуда сөйлеген сөзінде “біздің мақсатымыз - оңтүстік Ливанды қайта қалпына келтіріп қана қоймай, оны одан да гөрі көркейту”, деген еді. Осының бәрін ойға алған кезде, атқарылып жатқан шаралар Ливан халқының көзқарасында Хизбулланың пайдасына шешіліп жатқандай, дейді «Азаттық» радиосының тілшісі Хесер Махер.

Уашингтондағы Таяу Шығыс институты ғалымы, профессор Джон Калабриздің айтуынша, Ливан халқының жүрегі мен санасына жол табуда Құрама Штаттар Хизбулладан кейін қалып қойды.

“Бұл алғашқы қадамның жасалуы міндетті, деп ойлаймын. Аталған іске Құрама Штаттарының араласуы аса маңызды деп есептеймін. Басқа себептерді былай қойғанда, тіпті Ливандағы және тұтас аймақтағы Құрама Штаттардың беделінің одан әрі нашарлап кетуіне жол бермес үшін де қажет”, - деді профессор Калабриз.

Хизбулла басшыларының айтуынша, бірнеше жүздеген мың доллар көлеміндегі көмектер Ираннан келуде екен. Калабриздің айтуынша, көптеген ливандықтардың қатты зардап шеккендері сонша, олар үшін көмектің қайдан келіп жатқандығы да бәрібір сияқты.
XS
SM
MD
LG