Accessibility links

Ауғаныстан әйелдері күрделі жағдайда күн кешіп жатыр


БҰҰ-ның қолдауындағы Хұқық қорғау ұйымы Ауғанстанда әйелдерге қарсы қолданылып келе жатқан күш қолдануларға орай алаңдаушылық білдіріп отыр. Атап айтқанда Ауғанстандағы Адам хұқын қорғау тәуелсіз комиссиясы осы аптада жан түршіктірерлік мәліметтер жариялады. Ол мәліметтерде әйелдер мен қыздарға қарсы қолданылатын азаптау тәсілдері қамтылған болатын. Оның ішінде “ар-намыс үшін өлтіру” деген тәсіл де бар.

Отбасының ар-намысы үшін деген желеумен 16 жасар Мужахидиді өз әкесі өлтірген. “Үйден қашып кетіп, отбасымызды ұятқа қалдырды”, деп оның туғандары қызды айыптаған болатын. Әйелдер хұқын қорғау тобы директорының орынбасары Хоманың айтуынша, үйінде күнде таяқ жей бергеннен кейін Мужахиди Әйелдер істері бойынша министрлікке қашып барған. Біраз уақыт ол сонда тұрып, оқу оқыған. Алайда оның шешесі келіп; “Әкең сенің күнаңды кешірді. Мектепке баруыңа рұқсат береміз”, деп дәлелдеп қоймаған екен. Сөйтіп ол отбасына қайтуға мәжбүр болған. Кейінірек көршісі ме, әлде бір басқа адам ба, әйтеуір әлгі қызды келісімен әкесінің өлтіргенін хабарлаған. Хоманың сипаттауынша, Мужахиди оқып және жазуды жақсы көрген, сондай мүмкіндікті өзіне бақыт деп санаған қыз еді. Хоманың ұйымының аты - Ауған әйелдерінің талантын қолдау орталығы. Мужахиди және басқа да әйел құрбандардың тағдырына арнап аталған орталық деректі фильм түсірген еді.

Өкінішке орай көптеген осындай өлтірулер хабарланбастан, сондықтан айыпкерлер жазаланбастан қала береді екен. Мұндай лас үдеріске көп жағдайда полиция және сот орындары назар аудармауға тырысады. Мужахиди өліміне байланысты да ешкім жазаланбаған. Отбасының айтуынша ол “ауырып қайтыс болған”. Ал, қызға кезінде баспана берген ұйым қызметкерлерінің айтуынша оның ешқандай ауруы болмаған екен.

Ауғанстандағы Адам хұқықтары тәуелсіз комиссиясының әйелдер істері бөлімінің басшысы доктор Сорая Собраңның «Азаттық» радиосына айтуынша, “ар-намыс үшін өлтіру” деген үдеріс Ауған жерінде кең таралған және ол- отбасының жеке шаруасы деген көзқарас бар. Ол әйелдердің көпшілігін үй ішінде өртеп жібереді екен. Собраңның айтуынша Талибан билігі құлатылғалы бұл қылмыс түрі азая түскен.

“Әйелдерге қарсы күш қолданудың 2005-ші жылы 1664 жағдайы тіркеліп, оның 47-сі “ар-намыс үшін өлтіру” болатын. Ал 2006-шы жылы түрлі зорлық-зомбылықтардың 704 жағдайын тіркедік. Оның ішінде 20-сы “ ар-намыс үшін өлтіру” еді”, - дейді Собраң ханым.

Бұл-құжаттағы мәліметтер ғана. Ал шын жағдай мәліметтері- бұдан әлде қайда көп. Ықтиярынан тыс күйеуге шыққысы келмегені және зинақорлық жасағаны үшін жас қыздарды әкесі не ағалары өлімші етіп сабап, өртеп жібереді. Кей жағдайда біреудің зорлап кеткені үшін де ол қыздар “ар-намыс өлімінің” құрбаны болып жатады. Зорлық-зомбылық билеген үйінен қашып шыққан қыздар да осы кепті киеді екен.

Тайпалық дәстүрлер мен сотқа тартылмау жағдайлары осындай өлтірулерге жол ашып беріп жатады. Бұл қылмыстардың алдын кесу үшін елде заң үстем болып, қауіпсіздік орнауы тиіс. Әйелдер белсенді болып, экономикалық жағынан тәуелсіз болуы керек, дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG