Accessibility links

АҚШ пен Қазақстан президенттері Ақ Үйде кездесті


Қыркүйектің 29-ы күні АҚШ президенті Джордж Буш Ақ Үйде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Журналистердің алдында сөйлеген сөзінде Буш Назарбаевты лаңкестікке қарсы күреске қосып жатқан үлесі үшін мадақтады.

АҚШ президенті Қазақстанға Ауғанстан мен Ирақтағы демократияны құруға көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, кездесу барысында талқыланған мәселелерге тоқталып өтті.

“Біз демократия мен бостандықтың өркендеуіне мүмкіндік беретін институтарды құру туралы сөйлестік. Мен осы маңызды елдің Кеңес одағы құрамындағы кезінен қазіргі тәуелсіз мемлекет болған бүгінге дейінгі дамуын бақылап келемін”.

Буштың айтуынша, олар сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда ұйымына мүше болуға ұмтылуын талқылаған.

Ал өз кезегінде президент Назарбаев Қазақстан экономикасының дамуын атап өтіп, былай деп мәлімдеді:

“Америка Құрама Штаттары біздің экономикамыздағы ең ірі инвестор, Қазақстанға құйылған барлық инвестициялардың үштен бірі АҚШ-тан келген”.

Сарапшылардың көбі Қазақстан экономикасы расында да шапшаң дамып жатыр, бірақ бұл елде адам хұқтары жағдайына қатысты көптеген шешілмеген проблемалар бар дейді. Солардың бірі АҚШ-тағы Джонс Хопкинс зерттеу Университетіндегі ғалым Анара Табишалиева:

“Қазақстан жемқорлықпен күрес мәселесінде ешқандай жетістікке қол жеткізген жоқ. Транспэренси интернейшнл ұйымының мәліметіне қарағанда, Қазақстанда керісінше, жемқорлық деңгейі одан сайын көтерілген. Сонымен қатар бұл елде келеңсіз үрдістер үдейе тусуде. Оппозицияға қысым көрсетілуде. Сондай ақ Қазақ үкіметі мұнайдан түскен табыстар жөнінде жетерлі түрде ашық мәлімет бермейді деген айыптар да бар”.

Президент Буш ылғи негізгі саясатым әлемге демократияны тарату дейді, бірақ Қазақстан президентімен кездесуі барысында ол Назарбаевтың “авторитарлық” бағыттағы билік басқаруы туралы ешнәрсе айтпады. Буш пен Назарбаев екі елдің бір біріне көрсетіп жатқан қолдауларын мақтап мадақтады.

Батыс елдеріндегі бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан президентінің Вашингтонға сапары туралы түрлі хабарлар беріп жатыр. АҚШ газеттеріндегі көзге ілінетін Қазақстанға қатысты мақалалардың арасында, өзін “қазақстандық журналист Борат Сағдиевпін” деп таныстыратын британдық актер Саша Барон Коэн туралы мақалалар да бар. Жақында Қазақстанды келемеждеп көрсететін Борат Сағдиевтің жаңа фильмі шығады. Фильм кейіпкері Америкаға сапары барысында Қазақстан туралы ойдан құрастырылған бір күлкілі оқиғаларды әңгімелейді. Бірақ Қазақстан ресмилері Борат фильмдерінде күлкіге арзитын нәрсе жоқ дейді. Олар басқа елдер Қазақстанда тек Боратқа ұқсаған адамдар тұрады деген қорытындыға келуі мүмкін деп уайымдайды. Қазақстан үкіметі Борат фильмдеріне қарсы науқанын бастап жіберді, оған миллиондаған доллар жұмсалған.

Си-Эн-Эн, Би-Би-Си, Евроньюс және тағы басқа ақпарат құралдарында Қазақстан туралы жарнамалар жарияланды. Ал “Нью Йорк Таймc” газетінің бір нөміріндегі жарнамалар бөлімінде Қазақстанға толығымен төрт бет арналыпты.
XS
SM
MD
LG