Accessibility links

Ленин атындағы шахтадағы жарылысқа байланысты шахтаның 4 жауапты қызметкері тұтқындалды


Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы көмір шахтасында қыркүйектің 20-сы күні, 41 кеншінің өмірін қиған жарылыс себептерін тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия қыркүйектің 29-ы күні жария еткен қортындысында жарылысқа қатысы бар делінген 23 адамның аты аталған. Олардың ішінде «Миттал Стил Теміртау» компаниясының бас директоры Навал Чоудхари және осы компанияның көмір департаментінің атқарушы директоры Григорий Презент мырзалар да бар.

Ал қазанның 3-күні Қарағанды облыстық прокурордың баспасөз хатшысы Нұрбек Құсбақов «Азаттық» радиосына берген сұхбатында шахтада жарылыс болып, адам өліміне жол берілгендігіне байланысты Қазақстанның бас прокуратурасы арнайы жедел топ жасақтап, қайғылы оқиға болған жерге аттандырғанын, осы топтың құрамында ішкі істер министрлігінің, қаржы полициясының және қауіпсіздік комитетінің адамдары осы күндері тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізгендігін айтты.

Оның айтуынша, дүйсенбі күні кешкісін Қарағанды облыстық прокурордың орынбасары Әбілов шахтадағы жарылысқа тікелей жауапты және осы қылмысқа күдікті адамдар ретінде шахтаның жүру учаскесі жолдарының механигі Леонид Ковалевті, шахтаның бас механигі Иван Сысуевті, шахтаның бас инженері Василий Тонкихті және шахтаның бас энергетигі Сергей Боргуляны тұтқынға алу жөнінде санкция берген.

Тұтқынға алынған бұл төртеуіне Қазақстанның қылмыстық кодексінің 245-бабының 2-ші тармағы бойынша, яғни тау-кен жұмыстарын жүргізген кезде қауіпсіздік ережелерінің бұзылғандығына байланысты және қылмыстық кодекстің 152 бабының 2-ші тармағы бойынша, яғни еңбек ережелерінің бұзылғандығына байланысты қылмыстық іс қозғалмақшы.

Өткен сенбі күні, бір апта бойы жұмыс тастап ереуілдеген Шахтинск көмір бассейнінің кеншілерін қолдап Теміртаудағы метталлургия зауытының жұмысшылары да бейбіт митинг өткізіп, өз айлық жалақыларын 40 процентке көтеруді талап еткен болатын. Осы митингте «Миттал Стил Теміртау» компаниясының бас директоры Навал Чоудхари сөз сөйлеп, метталлургтердің бұл талабын бірден орындаудың қиын екендігін айтқан болатын.

Ал қазанның 3-күні белгілі болғанындай, «Миттал Стил Теміртау» компаниясының бас директоры болып жаңа адам қызметке келген. Ол бұған дейін осы кәсіпорынның қожайыны миллиардер Лакшми Митталдың өзі басқаратын «Арселор Миттал» компаниясында вице-президент қызметін атқарыпты.

«Миттал Стил Теміртау» компаниясының құрыш департаментінің кәсіподағы төрағасының орынбасары Владимир Дубиннің айтуынша, жаңа бастық сейсенбі күні метталлургия зауытының цех басшыларымен және кәсіподағы белсенділерімен кездесіп, зауыттағы жағдайды және метталлургтер талабына қатысты бірқатар мәселелерді талқылаған.

«Миттал Стил Теміртау» компаниясының бұрынғы басшысы Навал Чоудхаридің не себептен жұмыстан шеттетілгендігі әзірге белгісіз қалып отыр. Бұл туралы зауыт кәсіподағының белсендісі В.Дубин ешнәрсе білмейтіндігін айтты.

Бүгінде Шахтинск көмір бассейнінің кеншілері өздерінің ереуілдерін әлі жалғастырып отыр.
XS
SM
MD
LG