Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.02.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөз беттерінде Қазақстандағы мұнай-газ саласын негізінен шетелдіктер кәсіпорындар игеріп отырғандығы жөнінде және шетелдік инвесторлар туралы ақпараттың көпшілікке жарияланбайтынына байланысты мәселе көтеріліпті. Сондай-ақ, газеттер отандық банктердің шетелдік қаржы институттарынан көптеп қарыз алып отырғанына алаңдаушылық білдіреді.

«Комсомольская правда Казахстан» газеті мұнай мен газ мәселесі саясатпен де тығыз байланысты екеніне назар аударады. Басылымға сұхбат берген белгілі ресейлік саясаттанушы Сергей Караганов мұнай құнының 40 пайыздан 70 пайызына дейін саясаттың ықпалында болатынын айтады. «Соңғы уақыттарда Ресей мен Қазақстанның энергетика нарығында да саясатта да рөлі күшейіп келеді. Бірақ, энергетикалық держава болудың қауіпті екенін ұмытпау керек. Мұнай мен газ стратегияның негізі емес, құрамдас бөлігі ғана дейді», - Сергей Караганов «Комсомольская правда Казахстан» басылымына берген сұхбатында.

«Түркістан» газеті Қазақстандағы шикізат көздерін өндіретін кәсіпорындар туралы ақпараттың көпшілікке беймәлім болып отырғанын жазады. Газет дерегінше, халық атынан әрекет жасауға хұқылы Парламент, Қазақстандағы жерасты байлығының 90 пайызына жекеше немесе бірлескен кәсіорындар арқылы иелік етіп отырған ірі компаниялармен Үкімет арасында жасалған келісімдердің бір де бірін бекітпеген. Тіпті көрмеген де. Өйткені, Үкімет «коммерциялық құпия» дегенді желеу етіп, ол котрактілерді депутаттарға көрсетуден бас тартуда. Осылайша Қазақстан «өзіне - өзі бас болу мүмкіндігінен айырылуда», - деп жазады Түркістан газеті.

Ал «Тасжарған» басылымы, Қаражанбас мұнай кенішінің қытайлық СІТІС Group компаниясына сатылатыны туралы мәлімет әлем назарын аударып отырғанын жазады. Батыс ақпарат құралдары осылайша қазақстандық шикізат көздерін игеруде Пекиннің рөлі артып отыр деген баға беруде,- деп жазады газет. «Тасжарған» басылымының дерегінше, құны 1 миллард доллардан асады деп бағаланып отырған кен орнында шамамен 340 миллион баррель қара алтын қоры бар. Қазір мұнда күн сайын 50 мың баррель қара алтын өндіріледі.

«Айқын» басылымы банктер сырттан қарыз алуға әуес болмауы керек деген, Халықаралық валюта қоры Таяу Шығыс және Орта Азия елдерінің аға кеңесшісі Дэвид Оуэннің пікірін жариялапты. Оуэннің айтуынша, елдегі инфляция көлемін бақылауда ұстаймын десе Үкімет, банк секторының сырттан қарыз алып, несие беруін шектеуі тиіс. Халықаралық валюта қоры сарапшыларының ойынша, несие беру, шетел елден инвестиция тарту және банк тәуекелін басқару практикасын жетілдіруге баса назар аудару қажет,- деп жазады «Айқын» газеті.

«Свобода слова» газеті, коммерциялық банктердің шетелдерден өте көп көлемде қарыз алып, халыққа еш шектеусіз несие үлестіруінің мәнін түсіндіреді. Газет дерегінше, егер банктер сыртқы қарыздарын қайтара алмаса, оның экономикаға тиер залалы көп. «Сондықтан, дағдарысқа ұшыраған банкке міндетті түрде мемлекет көмектеседі. Яғни ол банктің қарызын мемлекет болып, бүкіл халық болып құяды. Қазіргі банктердің пайда табу үшін қорықпай тәуекелге баруына осы себеп болып отыр. Ал шетелдік қаржы орындары стратегиялық ойын жүргізуде. Қазақстан заңдарының жетілмегендігі салдарынан, еркінсіген коммерциялық банктерге мемлекет тиым да жасай алмайды», - деп жазады «Свобода слова» газеті.

«Түркістан» газетінің дерегінше, Қазақстандық банктерге инвесторлардың сенбеуі де сыртқы қарыздың көптігінен. Басылымға сұхбат берген Қазақстан Петролеум Қауымдастығы Басқарма Кеңесінің төрағасы Сағындық Нұралиев, былай дейді. «Қазақстандық банктер несиені өте көп алып алған. Бұл да инвесторлардың бақылауында. Егер ертеңгі күні банктің ахуалы нашарлап, таратылып кетер болса, несиесін кері қайтара алмаса не болады. Инвесторлар қауіптен қорқады», - дейді Сағындық Нұралиев «Түркістанға» берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG