Accessibility links

Мәжіліс депутаттары «Жалақорлық үшін жауапкершілікті күшейту туралы заң жобасы» Қазақстандағы сөз бостандығына жасалынып отырған құрық дейді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Сәрсенбі күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жалақорлық пен зорлық-зомбылық үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын депутаттар комитетке қайтарды. Аталған заң жобасы Мәжілістің қарауына ұсынылған кезде, елдегі халықаралық ұйымдар мен саяси партиялар жобадағы заң өзгертулері елдегі сөз бостандығына қысым келтіреді, журналистердің құқығын шектейді деп мәселе көтерген болатын. Алайда жобаны әзірлеген ішкі істер министрлігінің өкілі Қазақстанда саяси науқандар кезінде үміткерлерге қарсы жала жабу фактілері көбейіп отыр дегенді алға тартты.

«Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жалақорлық пен зорлық-зомбылық үшін жауаптылықты күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына сәйкес, ішкі істер министрлігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және Қылмыстық кодекске түзетулер енгізуді көздеп отыр. Атап айтқанда Қылмыстық кодекстің 129-бабы жалақорлық үшін жауаптылықты күшейту қаралса, 130-бабы Еуропалық одақ елдерінде орын алған келеңсіз фактілердің алдын-алу мақсаттарында діндар адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын, суреттерді немесе басқа да аудио, бейне шығармаларын пайдалана отырып, қорлағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеуге бағытталған делінген. Ішкі істер вице-министрі Әлік Шпекбаев Қылмыстық кодекске мұндай баптарды енгізулерінің себебін былайша түсіндіреді:

– Саяси акциялар, сайлау, референдум жүргізу кезінде қолданылады. Осы кезде жала жабу барынша көптен таралып, қоғамдық тәртіпті бұзуға әкеледі. Сондай-ақ қазіргі кезде пайдакүнемдік мақсатта жала жабу кеңінен таралып отыр.

Ішкі істер министрлігінің өкілі жала жапқаны үшін жауапкерлішікті күшейту туралы заң жобасы әлемдік тәжірибеде, дамыған мемлекеттерде қолданыста бар екенін айтады. Алайда Мәжіліс депутаты Болат Әбішов дамыған мемлекеттерде мұндай заң болғанымен онда барлығы егжей-тегжейлі түсіндірілген, ал ішкі істер министрлігі енгізіп отырған түзету түсініксіз, бұлыңғыр. Бұл заң арқылы кез-келген мақаласы үшін журналисті түрмеге жабуға болады дейді.

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов 2005 жылы өткен президент сайлауында үміткерлердің бірі болды. Бірақ та ол үміткерлердің дәрежесі халықтан жоғары болмауы керек деп есептейді:

– Бұл заң жобасында депутаттыққа, президенттікке үміткерлерді қорлау, жала жабу оларға басқа қарапайым адамдардан гөрі бірнеше есе жоғары деңгейде қорғалатын болған. Бұл дұрыс емес. Өйткені президенттікке де үміткер, депутаттыққа да үміткер өз еркімен келіп отыр. Өз еркімен халық мені дұрыс бағалайды деп отыр. Ендеше үміткерлерді халық қалай қорғалады, сол деңгейде ғана қорғау керек. Мұндай бәсекелестік төмендейді. Өйткені қызығушылықтың орнына қауіп пайда болады

Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов заң жобасында жала жабу деген сөзге толық түсініктеме берілмегенін айтады. Мәселен, жала жабу бойынша ісін сот алдымен лингвистикалық орталыққа жібереді екен. Ал лингвистикалық орталық жеке құрылым, олар тек ақшаға ғана жұмыс істейді. Журналистер қандай жағдайға тап болады, – дейді Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов.

Ал депутат Амангелді Айталы жалақорлық үшін жауапкершілікті күшейту туралы заң жобасы оппозициялық журалистерге салынып отырған құрық дейді.
XS
SM
MD
LG