Accessibility links

Саясаттанушы Сәбит Жүсіпов дүние салды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Ақпанның 20-на қараған түні Алматыда «Қазақстан әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының» президенті Сәбит Жүсіпов дүниеден өтті. Марқұм саналы ғұмырында Ғылым Академиясының қызметкерінен бастап, президент әкімшілігінің ақпараттық-талдау орталығының маманы, Қазақстан стратегиялық зерттеулер орталығы директорының орынбасары болып, соңғы 10 жылда өзі құрған Қазақстан әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының президенті қызметін атқарды.

Сәбит Ебентайұлы Жүсіпов Көкшетау облысының Шучинск қаласында 1947 жылы дүниеге келген екен, жасы алпысқа толар жылы бұл дүниеден озды. Кейбір ақпарат көздері оның қаңтар айында науқастан емханада емделгенін және оның кеселінің белгілері Нұрболат Масановта байқалған кеселдің белгісіндей болған деп жазғанымен, Сәбиттің дәл неден қайтыс болғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Тәуелсіз журналистерге Қазақстан саясаттану сахнасында билікке жақын саясаттанушылардан қандай да бір оқиғаға байланысты пікір алу қиынның қиыны болса, не айтқандары мардымсыз, еш тұщымы жоқ пікірлер болса, Сәбит еш мүдірместен өзіндік ерекше көзқарасын айта беретін еді. Және оның болжап айтқандары кейде дәл келіп те жататын. Солардың бірі - президенттік сайлаудан соң оппозиция қатарында орын алуы мүмкін жікшілдік пен бөліну еді. Ол солай болды да - кезінде «Ақ жол» партиясы «Нағыз Ақ жол» болып екіге бөлініп кетті. Марқұмнан екі ай бұрын соңғы рет сұхбат алғанымда ол былай деп еді:

«Қазір біз, менің көзқарасым бойынша, оппозиция үлкен тығырыққа тірелген шақтан өтіп отырмыз. Себебі, елде экономикалық өрлеудің барлығы, халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайының қандай да болмасын жақсаруы, елдің күнделікті мінезіне де т.б. әсер етті. Оппозиция соны ескергісі келмейді. Сондықтан, Украйнадағы не Қырғызстандағы орын алған ахуалды Қазақстанға орнатуға болады деп сену – аңқаулық деген болар едім. Рас, кезінде, оппозицияның қатары бөлінбей тұрғанда, олардың халық арасында беделі бар сияқты еді, қазір одан да айырылған сыңайлы. Мен тіпті Жармахан Тұяқбайдың да болашағы жарқын болатынына сенбеймін», - деп айтқан еді.

Сәбиттің осындай көзқарастары, бәлкім, оппозицияға жақпауы да мүмкін, бірақ марқұмға Жармахан Тұяқбай мырзаның өзі көңіл айтқан қазанама бір интернет сайтқа басылыпты.

Ал журналист Айдос Сарым былай дейді:

«Дүниеден өткен адам туралы билік жағында ма, басқа жағында ма деп айту қазір ыңғайсыз және дұрыс болмайтын шығар, себебі, Сәкең қалай болғанда да үлкен азамат ретінде белгілі бір ұстанымдары болды. Жалпы, менің түсінігімше, қалай болғанда да, қандай пікір айтпасын - рухани тұрғыдан, адами тұрғыдан жеке көзқарасы бар озық адам еді ғой. Оның дүниеден өтуі қиын жағдай болып отыр. Онсыз да елдегі саясатқа деген көзқарасы бар адамдардың саны аз екенін бәріміз білеміз. Сондықтан осындай аз адамдардың дүниеден өтуі Қазақстан үшін, Қазақстанның ғылыми ойы үшін үлкен қиын жағдай. Әсіресе, әлеуметтану саласында ол бірден бір маман еді, сондықтан осы сала үлкен ойсырап, кәдімгідей жетімсіреп қалғандай болып отыр».

Сәбит Жүсіповпен қоштасу рәсімі сәрсенбі күні Алматыдағы Жазушылар Одағының ғимаратында өтеді. Марқұм сол күні Кеңсай-2 зиратына жерленеді.
XS
SM
MD
LG