Accessibility links

Қазақстан президенті ғылым, мәдениет және өнер адамдарын ауылды көркейтуга үлес қосуға шақырды


Қазақстан президенті Н.Назарбаев наурыздың 5-і күні Астанада өткен агроөнеркәсіптік кешен мәселесіне арналған республикалық кеңесте сөйлеген сөзінде елдегі медициналық және педагогикалық жоғары оқу орнын бітірген түлектерді ауылға барып жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ президент Н.Назарбаев ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлерін «Ауылға көмек» атты ауқымды халықтық қозғалыс ұйымдастыруға шақырды.

«Ғалымдар, сазгерлер, жазушылар мен суретшілер жарты жылға ауылға барып жұмыс істеп қайтсын. Бұл шараға саяси партияларды, бейресми ұйымдарды және бұқаралық ақпарат құралдарын тарту керек», - деді Н.Назарбаев.

Н.Назарбаев бұл мақсатты жұмысты бұқаралық сипатқа көшіре ұйымдастыруды Қазақстанның ауылшаруашылығы министрлігі, мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ білім және ғылым министрлігіне тапсырды. Жуырда президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында мемлекет алдағы үш жылдың ішінде Қазақстан аймақтарына 100 мектеп және 100 аурухана салуды жоспарлап отырғанын атаған болатын.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Көктөбе аулының тұрғыны Роза Жақсылыққызы президент Н.Назарбаевтың ауылдың жағдайын жақсартуға көңіл бөлгеніне риза екендігін білдіре келе, алайда өткен үш жылда ауылды көркейтуге арналған үкіметтің «Ауыл» бағдарламасының өзі тұратын ауылға ешқандай көмегі болмағанын айтты.

«Ауылға оқыған, тоқыған жастарды тарту үшін ең алдымен оларды үй-баспанамен қамтамасыз ету керек және жақсы айлық жалақы төлеу қажет. Ауылдың өзінде неше түрлі мамандық иелері, дарынды жастар бар. Бірақта ауылда ешқандай жұмыс болмағандықтан олар қаланы сағалап, сонда қара базарларда жүр», - дейді ол.

Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Алматыдағы өнер академиясының оқытушысы Өмірұзақ Рыстанұлы өнер, мәдениет саласының адамдарын ауылға жіберу жөніндегі президент үндеуі өміршең, болашағы бар ұсыныс дегенді айтады.

«Қалада тұратын өнер, мәдениет саласының адамдары бір кезек ауылға барып, ауыл адамдарымен араласып, сол жақтан тың тақырып, тың туынды жасаулары дұрыс болмақ, әйтпесе бәрі қаланың у-шуынан шаршаған, «асфальт адамдарына» айналып барады», - дейді ол.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы Дос Көшім президенттің ауылға қатысты бұл айтқандарын ұран түріндегі кезекті науқан деп түсінетіндігін айтады.

«Президенттің ауылға көңіл бөлгені құптарлық мәселе болғанымен соғыстан қираған күйдегі секілді қазіргі қазақ ауылын осылай бір айқаймен көркейтіп, сондағы қордаланған көптеген әлеуметтік және басқадай проблемаларды шеше салу оңай жұмыс емес», - дейді ол.

«Таным» атты пікірталас клубының жетекшісі, журналист Жұмаш Кенебай президенттің ауылға қатысты айтқан бұл ұраны іске асуы қиын дүние деп есептейді.

«Бұл құтты сонау коммунистік идеология заманын еске түсіреді, қазір заман басқаша, сондықтан, президент шынымен ауылды ойлап, оны көркейткісі келсе, онда оның басқадай жолдарын іздестіргені жөн», - дейді ол.
XS
SM
MD
LG