Accessibility links

Павлодар қаласында балалар порнографиясын жасап, таратқан деген күдікпен бір азамат ұсталды

  • Досан БАЙМОЛДА

Павлодар қаласында заң орындары 30 жастағы бір тұрғынды қамауға алды. Ол адам 10-11 жастағы қыз балаларды жыныстық қатынас жасауға мәжбүрлеп, оны видео-таспаға жазып, интернет арқылы таратқан деген күдікке ілінді. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғаған жергілікті полиция, күдікті адам әлгіндей видео өнімдерін шетелдерге саудалап, сол арқылы пайда табуды мақсат еткен деп отыр.

Бұл жөнінде бейсенбі күні «Азаттық» радиосына сұқбат берген Павлодар облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің өкілі Алма Мұсабекова хабарлады.

Жергілікті полиция өкілі, әйелінен ажырасып кеткен, өзі 6 жастағы қыз баласымен бірге тұратын әлгі адам бір жарым жылдай уақыттан бері Интернет арқылы ауқатты тіршілігі бар, жақсы отбасында өскен жас қыздарды іздеп, тауып, өзінің арам пиғылын іске асырып келгенін айтады.

- Ол мұны табыс табудың да көзіне айналдыруды мақсат етіп, өзі түсірген балалар порнографиясы бар видео өнімдерді Интернет арқылы жолдап, әр видео-таспаға 50 АҚШ доллары көлемінде ақша алып отырған. Ол өз өнімдерін Германия, АҚШ және Азия елдеріне арнайы тапсырыстарға сай жіберіп тұрған, - дейді полиция өкілі.

Павлодарлық полицейлер әлгі адамның үйін тінткен кезде, балалар порнографиясы жазылған 55 компакт диск және тағы басқадай видео-таспалар табылған.

- Одан видеокамера, компьютер және аса көп мөлшерде видеотаспалар мен компакт-дискілер тәркіленді. Бұлтартпас дерек-айғақ заттармен ұсталған ер адам өзінің жасөспірім балаларға қатысы бар видео порнографиямен айналысқанын мойындады, алайда полиция бұл істе осы азамат бір өзі жалғыз болмаған болуы керек деген пікірде, - дейді жергілікті полиция өкілі А.Мұсабекова.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің ақпарат және қоғамдық байланыс орталығының қызметкері полиция майоры Ербол Әбдірешов Павлодар қаласында анықталған бұл оқиға бұрын-соңды Қазақстан аумағында ашылған қылмыстық істер қатарында алғаш кезігіп отырғанын айтады.

Ұзақ жылдар бойы бала тәрбиелеу жұмысымен айналысқан, ұстаздықтан мектеп директоры қызметіне дейін істеген зейнеткер Зибаш Қамбарова Павлодардағы бұл оқиғаны жан түршіктіретін жайт деп қабылдайды.

«Жас балаларды зорлап, олардың құқықтарын аяққа басқан әлгі ақымақты қатаң жазалау керек», - дейді ол.

Ал Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның заңгері Жазира Қырықбаева Қазақстанда бұндай адам естімес жағдайдың шығуына қазіргі қоғам да жауапты деген пікір білдірді. Құқық орындары мен мектеп ұжымы және ата-аналар бұған дер кезінде қарсы тұра білуі керек дейді ол. Қазіргі қоғамда балаларды қорғау мәселесін ең жоғары сатыға көтеру керек, ол үшін мектептерде балаларды алдын ала сақтандыру шараларымен таныстырып, арнайы бағдарламалар іске асырылуы керек дейді заңгер Ж.Қырықбаева. Себебі, қоғамда алдағы уақытта бұндай жағдай қайталанбайды деп айту қиын дейді маман.
XS
SM
MD
LG