Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.20.2007 жыл


Жұма күні шыққан басылымдар Рахат Әлиев пен «Атамекен» партиясының төрағасы Ержан Досмұхамедовтың соңғы мәлімделелеріне пікір білдірген. Ал бірқатар газеттер Алматыдағы «Бақай» ауылындағы заңсыз құрылыстардың жалғасып жатқанын жазса, енді біреуі Қазақстанның жер сілкінісі сияқты апаттардың алдын алуға дайын еместігіне тоқталыпты.

Бақай ауылы тұрғындарының тастап кеткен үйлеріне өзге отбасылардың келіп қоныстанып жатқандығы жөніндегі мақала «Караван» газетінде жарық көріпті. «Бақайдың шаңды-тозаңды жүруге қиын көшелерінен кірпіш, тақтай, цемент тасып, ағылып жатқан көліктерді көруге болады. Бұл жақтағы жаңа үйлер көз алдыңда тұрғызылып жатады. Бақай тұрғындарынан адамдар үйлерді тұрғызуға кімнен рұқсат алған дегенге жауап алу өте қиын. Жаңадан салынған үйлердің саны қанша екенін Түркісіб әкімшілігің қызметкерлері де білмейді. Алайда қала басшылығы құрылыс қарқына мән бермей отыр десек қателесеміз» деп жазды «Караван» газеті.

Ал Рахат Әлиев пен Ержан Досмұхамедовтың Қазақстандағы оқиғаларға қатысты жасаған соңғы мәлімдемелеріне «Жас қазақ» газеті тоқталыпты. «Әлиевтар, Құлыбаевтар, Досмұхамедовтар осы елдің еркетотайлары. Оларға «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» жоқ. Алып-сатып үйренген қол ақысын берсең, боқысын шығарады. Өзін де, қожайынын да, мемлекетін де сатады. Кеше ғана осы биліктің қолында емес, жолында өлуге, отымен кіріп, күлімен шығуға даяр болған жігіттер күн айналмай халықшыл, оппозиционер атанды. Биліктің пиар-технологиясы жасап шығарған «шитімылтықтар» енді биліктің өзін атып жатыр» деп жазды «Жас қазақ».

Ал «Тасжарған» газеті «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрушылардың бірі Мұхтар Әбілязовтың «Неге Рахат Әлиевті бұдан бес жыл бұрын қамауға алмаған?» деген естелігін жариялапты. Онда Әбілязов Рахат Әлиевтің бұдан бес жыл бұрынғы кейбір құпия іс-әрекеттерін ашып айта келе «Рахат Әлиев белсенді саяси қызметке араласуға ұмтылды. Ол мені қайын атасына қарсы бірігіп күресуге шақырды. Бұл ойды ол өз үйінде кездескенімізде айтты» дейді.

Қазақстанда тек Алматы облысының ғана сейсмикалық бақылауда екендігіне «Литер» газеті мән беріпті. «Өткен демалыс күндері Жапонияда болған қатты жер сілкінісі біздің тұрғындарды да әбігерге түсірді. Жұрт аузында біздің Күншығыс елімен бір тектоникалық тақта үстінде орналасқанымыз, сондықтан апаттың Қазақстанды да айналып өтпейтіндігі жөнінде гу-гу әңгімелер жүрді. Сейсмологтардың айтуынша, Жапониядағы оқиғаның бізге әсері болмайды. Алайда тынышталуға әлі ерте. Шамамен Қазақстанның барлық территориясы сейсмикалық қызметтің бақылауында емес екен» делінген газетте.

Сондай-ақ, «Литер» газеті Атырау облысындағы шетелдік компанияларда алдағы уақыттан бастан шетелдік жұмысшы кадрларының қазақстандықтармен ауыстырылатындығына да тоқталыпты. «Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев шетелдік компания басшыларының барлығын жинап алып, олардан жұмысқа алу кезінде не себептен шетелдік мамандарға таңдау жасалатындығын сұрады. Шетелдік компания өкілдері қазақстандық жұмысшылар деңгейінің төмен екендігін, жыл сайын мамандарды дайындауға бөлінетін қаржының ізім-ғайым жоқ болып кететінін алға тартты. Облыс әкімінің орынбасары Сәрсенбай Енсегенов шетелдік компанияларды жұмысшыларды делдалдар арқылы оқытқаннан гөрі, шетелдік компанияның өз ішінде үйретуге шақырды. Ақырында барлығы осындай шартпенен, меморандумға қол қойды» деп жазды «Литер» газеті.
XS
SM
MD
LG