Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.23.2007 жыл


Азық-түлік бағасының қымбаттауы сейсенбі күні жарық көрген республикалық басылымдарда жаппай талқыланады. Егер Ұлттық банк төрағасы газеттердің бірінде қымбатшылыққа биылғы жылы халықтың табысының айтарлықтай артуы себеп болғандығын тілге тиек етсе, басқа басылымдарда үкіметтің бағағаны тұрақтандыра алмай отырғандығы сынға алынады. Сонымен бірге үкімет қойған мерзімге қарамастан, Қашаған жобасының да жылжымай, өз шешімін таба алмауы республикалық басылымдардың назарын аудартады.

Қазақстандағы ірі Қашаған мұнай кенішін игеру мәселесі бірнеше ай болды шешілмей тұр деп хабарлайды «Литер» газеті. «Тамыз айында осы жобаның операторы – Ени компаниясы Қазақстан үкіметіне жобаны өндіріске енгізу мерзімін кейінге қалдырып, оның өзіндік құнын арттырып жіберді. Бұл үкімет тарапынан теріс бағаланып, Ениді оператор мәртебесінен айыру мәселесі көтерілген», - деп жазады «Литер» газеті. Мақала авторының айтуынша, Қашаған дауы ең жоғарғы үкіметтік деңгейде қаралып, оны шешу мерзімі қазанның 22-сіне белгіленген. Бірақ бұл күні екі тарап арасында мемерандум қабылданғанымен, ол нақты нәтиже әкелмегенін жазады газет тілшісі. Оның сөзіне қарағанда, бұл жобадағы ұлттық «Қазмұнайгаз» компаниясының үлесін артыру көзделгенімен, оны ExxonMobil-дан басқа жобаға қатысушы шетелдік операторлардың ешқайсысы қолдамаған. Ал жобаны кешеуілдетуге байланысты төлемдерге келсек, мұнда мүлдем ештеңе анықталған жоқ» деп жазады «Литер» газеті.

Дегенмен, «Время» газетінде жарияланған деректерге қарағанда, «Қазақстан компаниясы да жобаның басқа қатысушыларына пара-пар үлеске ие болмақ. Бірақ оның нақты көлемі анықталмаған».

«Орнынан жылжымайтын мәселе» деген тақырыппен Қашаған жобасы бойынша келіссөздердің нақты нәтиже бермегендігі «Айқын» басылымында да талқыланады. Оның есесіне осы газетте келесі бір ірі шетелдік компания - қытайлық мұнай өндіруші “ПетроҚазақстанҚұмкөлРесориз” компаниясына 32 миллион теңге айыппұл салынғандығы сөз болады. «Себебі Сыр бойындағы осы ең ірі Қытай компаниясы 27 миллион текше метр газды артық жағып, қоршаған ортаға орасан зор залал келтірген», - дейді мақала авторы облыстық прокуратура мәліметтеріне сүйене отырып. «Ал санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаменті мен қоршаған ортаны қорғау басқармасы мамандары осы компанияға бірлескен рейд жүргізу кезінде 2 мың тоннадан астам радиоактивті қалдықтарды тапқанын айтады. Арнайы орындарда уақытша сақталатын қауіпті заттың негізгі көлемі ресми бағам бойынша 500 тоннадан аспауы қажет еді. Енді осы қателігі үшін де қосымша 54 миллион 713 мың теңге айыппұл төлеуі тиіс», - деп хабарлайды «Айқын» газеті сейсенбілік санында.

Сонымен бірге осы газетте Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденовпен елдегі экономикалық жағдай бойынша сұқбат жарияланады. Онда қаржыгер Қазақстандағы азық-түлік бағасының өсуі туралы да өз пікірін білдереді. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бағалардың күрт өсіп кетуіне бірнеше жыл бойы, әсіресе, ағымдағы жылы тұрғындардың табысы қарқынды түрде өсуі әсер еткен. «Соның нәтижесінде, олардың тұтыну тауарларына деген сұранысы артып, ұсыныс сұранысты қамтамасыз ете алмай, бағаның өсуіне алып баруда», - дейді Әнуар Сәйденов «Айқын» газетінде. Оған қоса ол бағаның өсуіне «көршілес елдерден, әсіресе, Өзбекстаннан келетін көкөніс пен жемістің тұрақты түрде жеткізіліп тұруы қамтамасыз етілмегендігі әсер еткенін тілге тиек етеді. «Өзбекстан басшылары Қазақстанға жіберілетін өнімді әртүрлі себептерді желеу етіп, шектеумен келеді. Екіншіден, әлемдік астық рыноктарында астыққа деген бағаның өсуіне байланысты ішкі рынокта нан мен нан өнімдері қымбаттады», - дейді Ұлттық банк төрағасы «Айқын» газетінде. Осындай факторлар үстіміздегі жылдың екінші жартысында инфляцияның өсіп кетуіне ықпал еткен. Соған байланысты биылғы мамырда жылдық инфляция 7,6 пайыздан 2007 жылдың қорытындысы бойынша 11,2 пайызға өскендігін тілге етіпті Әнуар Сәйденов «Айқын» газетінде.

«Время» газетінде бағаның өсуіне үкіметті кінәлап, оппозиция өкілдерінің наразылық шарасын өткізгені туралы мақала жарияланады. Митингіге қатысушылар бағаны тұрақтандыруды талап етті, әйтпесе, үкімет отсавкаға кетуі тиіс дегенді бірауыздан қоштады», - деп жазады мақала авторы.

Бұл уақытта «жасанды азық-түлік әбігерлігі жедел түрде шешімін тапты. Елді тойдырып, азықпен қамтамасыз ету үшін қоймаларда қор жеткілікті», - деп жазады «Экспресс К» газеті. Газет мәліметтеріне қарағанда, үкімет республикадан күнбағасыс дәні мен күнбағыс майын шығаруға тыйым салған.

Мұндай «экспортқа тыйым салынғанына екі күн ғана өтті. Басқа қалаларды қайдам, ал Алматыдағы дүкен сөрелерінде бес литрлік құтыдағы өсімдік майының бағасы әлі күнге дейін 2000-2200 теңгеден сатылып жатыр. Үкімет басшысы болса, қаннен қаперсіз», - деп жазады «Жас алаш» газеті.

Бағаның өсуіне байланысты «Мегаполис» газеті «Бағаның ессіздігі ме, әлде ессіздіктің бағасы ма?» деген мақала жариялады. Онда азық-түлік әбігерлігінің тамыз айындағы доллар қымбаттауына ұқсайтындығы жазылады. «Қаржы полициясы қалада жасанды азық-түлік әбігерлігін ұйымдастырушыларды іздеуге кірісті. Бірақ бұл уақытта дүкендерде сатып алушыларға азық-түлікті алда тағы қымбататйтындығы айтылып, көбірек алып қоюға кеңес беріледі», - деп аяқталады «Мегаполис» газетіндегі мақала.
XS
SM
MD
LG