Accessibility links

Интернетте Қазақстанның жоғары билігіндегілерге қатысты аудиожазбалар жарияланған соң, үкіметтік уәкілетті орган заң ережесін бұзды деген желеумен кейбір сайттардың тіркеуін жойды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қазақстанның қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігі туралы әртүрлі ақпараттар жарияланатын бірқатар сайттар бір жұма уақыттан бері Қазақстаннан ашылмай тұр. Енді мәлім болып отырғанындай, шетелдік серверде орналасқан, алайда «.kz» доменіндегі «kub.kz», «geo.kz» сайттарының тіркеу мерзімі мемлекеттік уәкілетті орган - Қазақстанның Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігінің хаты негізінде тоқтатылған.

Ресми органның ол жайындағы хаты да сейсенбі күні Интернет-сайттарда жарияланды. Аталған, сайттардың ұжымы да дереу өздерінің жаңа адрестерін жариялап үлгерді: мәселен, КУБ сайты енді «kub.info» деген атауды теріп бұл сайттарды ашуға болатынын хабарлады. Бірақ, Алматыдағы бірнеше провайдердің қызметін пайдаланып, осы жаңа адрес бойынша сайтты ашуға талпынғанымызбен, әрекетіміз нәтижесіз аяқталды. Оларға тек қана прокси-сайттар арқылы кірудің сәті түсті. Сол сияқты ГЕО сайты да «geokz.com» атты жаңа адреске ауысты. Ал, солар тәрізді шетелдік домендік кеңістіктегі «Zonakz.net» интернет-газеті, «eurasia.org.ru» ақпараттық орталығы мен «Inkar.info» интернет-радиосының сайттары да Қазақстандағы ірі провайдерлердің қызметін пайдаланушыларға бірнеше күннен бері ашылмай отыр.

Қазанның 24-күні Алматыда «Zonakz.net» интернет-сайтының бас редакторы Юрий Мизинов, «Inkar.info» интернет-радиосының бас редакторы Сергей Дуванов және сөз бостандығын қорғаушы «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева осы мәселеге байланысты арнайы баспасөз-мәслихатын өткізді.

Қазанның 19-ынан бері жоғарыда аталған сайттарға тосқауыл қойылғанын айтқан Юрий Мизинов мұны соңғы уақытта интернет сайттарда жарияланған, Қазақстан билігіне жақын адамдардың телефон әңгімелері делінген аудиожазбалармен тікелей байланыстырып отыр.

«Бұл сайттар биліктің қысымына ұшырап отыр. Оларға тосқауыл қазақстандық интернет провайдерден болғаны бізге мәлім. Өйткені, веб-сайттар тек Қазақстан аумағында ғана ашылмай отыр. Сондықтан, біз электронды басылымның жұмысына кедергі келтіргендерді анықтап, сотқа бермекпіз», - деді Мизинов.

Ол өткен аптаның соңында интернет сайттарда жарияланған жоғарыдағы аталған аудиожазбаларды тыңдап отырып, Қазақстанда ішкі саясатты кімдер жүргізетіндігіне көз жеткізуге болады деген байлам жасайды.

«Бұл, өкінішке орай, нақты дерек. Олар өздерінің сауатсыздығын көрсетіп отыр. Біздің сайттарда билікке таласқандар бір-біріне ақпараттық соғыс жариялады. Сол ақпараттық соғысқа PR-технологиямен жауап берудің орнына, еш ескертпестен сайттарды жауып тастады», - дейді Юрий Мизинов.

Төрт бірдей интернет-сайтқа қатысты қалыптасып отырған ахуал тікелей Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығын бұзу болып табылатындығын айтқан электронды басылым иелері оларды тұмшалау әрекеті бәрібір нәтиже бермейді деп санайды. Себебі, әлгіндей жолмен тосқауыл қойылған веб-сайттарды айналма жолдар арқылы, яғни прокси-сервер көмегімен оқуға болатындығын атап айтады олар.

Қазақстандағы сөз бостандығын қорғаумен айналысатын «Әділ сөз» қоғамдық қоры өткен айдан бастап Интернет-сайттардың қызметіне қатысты шектеулер мен заң бұзу оқиғаларына тұрақты бақылау жасауды бастады. Қор президенті Тамара Калеева:

«Веб-сайттарда қалыптасып отырған ахуал анағұрлым қиын. Өйткені, бұл жағдайда біз тұмшаланған ақпарат құралдарын қорғаймыз, жағдайды қалпына келтіреміз, интернет пайдаланушылардың құқықтарын қамтамасыз етеміз деп айта алмаймын. Біз өзімізге тиеселі мониторинг жүргізіп, интернет пайдаланушылар мен сол веб-сайт иелерінің қаншалықты құқықтарын бұзылды - соны анықтаймыз. Бірақ, менің пікірімше, оған кінәлілар жазаланып, веб-сайттарға қойылған тосқауылдар алынып тасталуы керек. Бұл жерде ақпарат министрлігі, прокуратура жағдайды реттеуге ат салысуы керек деп есептейміз», - дейді.

Ал қатардағы интернет пайдаланушылар болса қазіргі техника заманында ақпаратты тұмшалау мүмкін емес деген пікір білдіреді.

«Билік қанша жерден қысымды күшейткенімен бүгінгідей ғаламдану заманында ақпаратқа тұсау сала алмайды. Бәрібір тұмшаланған сайттарға интернет пайдаланушылар айналма жолдар арқылы кіріп, қажетті ақпаратын алады», - дейді тәуелсіз журналист Шәріп Құрақбай.

Техникалық мамандар тұмшаланған веб-сайттарға басқаша жол табудың бірнеше мүмкіншіліктері бар екендігін айтады. Яғни, ол үшін қатардағы пайдаланушыға Google, Yahoo тәрізді Интернеттегі бағдар беруші сайттардың көмегімен «web anonymizer tools» не болмаса «web proxies» деген жазу арқылы табылған жүздеген прокси-серверлер арқылы әлгіндей тосқауыл қойылған веб-сайтты ашуға болады.
XS
SM
MD
LG