Accessibility links

Алматы прокуратурасы Рахат Әлиев пен оның сыбайластарына қарсы қозғалған қылмыстық істі сотқа жолдады


Алматы прокуратурасы “Нұрбанктің” бұрынғы қызметкерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың ұрлануына байланысты қозғалған қылмыстық істі бүгін Қазақстанның Жоғарғы сотына жолдады. Бұл іс бойынша барлығы 26 адамға Қазақстан қылмыстық кодексінің адам ұрлау, өзгенің мүлкін тартып алу, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және өзгеде баптары бойынша айып тағылып отыр. Айып тағылғандардың ішінде 5 адам: Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев және оның сыбайластары саналап отырған Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Әлнұр Мұсаев, Вадим Кошляк, Виктор Сапожников пен Төлеген Имашев қазіргі уақытта Қазақстан аумағынан тыс жерде болғандықтан сот оларға соттай жүруі мүмкін деп хабарлап отыр прокуратура. Ал сарапшылар Рахат Әлиевке қатысты сот тек бір ғана банк төңірегіндегі дау-дамай ғана емес, ол Қазақстанның қоғамдық өміріне әсер ететін сот болғандықтан негізгі айыпкерлерді сырттай соттаудан ешбір пайда жоқ, деп есептейді.

Алматы қалалық прокуратурасының бейсенбі күні жазбаша таратқан мәлімдемесінде, алдын-ала тергеу орындарының жинаған деректері мен онда көрсетілген айғақтар негізінде Рахат Әлиев ісінің сотқа жіберілгендігі айтылған. Қазақстан қылмыстық-процессуалдық кодексінің 284 бабына сәйкес, айыпталушылар - Рахат Әлиев, Вадим Кошляк, Әлнұр Мұсаев, Виктор Сапожников және Төлеген Имашевтың ісін жергілікті сот сырттай қарайды деп хабарланып отыр.

Қазақстан заң орындары тарапынан Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев - «адам ұрлады», «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оны басқарды», «өзгенің мүлкін тартып алды», «заңсыз қару сақтады», «жалған құжаттар жасады» деп айыпталған болатын. Алайда бұған дейін Рахат Әлиевтің өзі ондай айыптауларды жоққа шығарып, бұны жала деп мәлімдеме жасаған еді.

Ал оның сыбайластары - Вадим Кошляк «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оған жетекшілік етті», «адам ұрлады», «өзгенің мүлкін тартып алды», «жалған құжаттар жасады» деп айыпталса, Әлнұр Мұсаев, Виктор Сапожников және Төлеген Имашев «адам ұрлады» деп айыпталып отыр. Бұл күдіктілер қазіргі уақытта Қазақстан территориясынан басқа жерде болғандықтан оларға қарсы қозғалған қылмыстық істі сот сырттай қарайтын болды.

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов негізгі айыпкерлерді сырттай соттау бүгінгі Қазақстан билігіне тиімді болғанымен, күдіктелген адамға ақталуға мүмкіндік бермей, оның өзінің дәлелдерін айтқызбай сот өткізу дұрыс емес деп есептейді.

- Өйткені, Рахат Әлиев талай жыл биліктің, ұзақ жылдар Қазақстан президентінің отбасы маңайында жүрген адам. Ол талай құпия ақпаратты біледі. Ол сотта ашынып тұрып талай нәрсені жайып салуы мүмкін. Сондықтан билік оның елге келуіне аса құштар емес. Оны сырттай соттау белгілі бір топтар үшін тиімді болып отыр. Бірақ - біз демократиялық күштер өкілдері, ол соттың ашық та жария түрде, баспасөз өкілдерінің, тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен өтуін қалар едік. Өйткені, бұл Рахат Әлиевке қатысты сот тек бір ғана банк төңірегіндегі дау-дамай ғана емес, ол - Қазақстанның қоғамдық өміріне әсер ететін сот, - дейді Әміржан Қосанов.

Тағы бір оппозициялық саясаткер Асылбек Қожахметов бұл соттан ешқандай жаңалық күтпейтінін айтады.

- Өйткені, тек қана биліктің айтқанымен, нұсқауымен жүретін сотта әділеттілік болмайды. Сондықтан, Рахат Әлиевті сырттай соттасын, мейлі әкеліп соттасын – одан шындықты күтпейміз. Егер деректер мен айғақтар жеткілікті болса, неге оны Австрия сотына бермейді? Шынайы әділдік іздесек, неге оны сол жақтың сотында соттамасқа?, - дейді Асылбек Қожахметов.

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің осыған дейін таратылған ресми хабарламасында, Р.Әлиев пен оның сыбайластарына қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот алдында жауап беретін адамдар тек «адам ұрлаған» деген айып бойынша 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін екені жазылған еді. Бірақ, үстіміздегі жылдың қаңтар айының соңында жоғалып кеткен «Нұрбанктің» топ менеджерлерінен әлі күнге ешбір хабар болмай отыр.

Қазанның 17-күні Алматы қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Амантай Әубәкіров БАҚ үшін шұғыл түрде брифинг өткізіп, содан бір күн бұрын полицияның оперативтік тергеу тобы Алматы облысы Қарасай ауданы Көлді елді мекеніндегі Рахат Әлиевтің әкесі Мұхтар Әлиевтің иелігіндегі жерге жақын тұстан адам сүйектерін тауып алғандықтарын хабарлаған. Полиция басшысы табылған адам мәйіті «Нұрбанктың» ұрланған қызметкерлерінің бірінікі болуы мүмкін деген болжам айтты. Қазақстан полициясы жоғалған банкирлер ісіне Рахат Әлиевтің тікелей қатысы бар деп есептейді.
XS
SM
MD
LG