Accessibility links

Еуропалық ұйымға төрағалыққа кірісер алдында Қазақстан өз ішкі саясатында демократиялық өзгерістер жасауға уәде берді


Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып бекітілді. Осыған орай Қазақстан 2008 жылдың аяғына дейін ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының, сондай-ақ ұйымның басқа да институттарының көмегімен «Сайлау туралы» заңды реформалап, елдегі «БАҚ туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізіп, халықаралық стандарттарға сәйкестендіретініне ЕҚЫҰ-ның Мадридтегі басқосуда елдің сыртқы істер министрі Марат Тәжин жиналған әріптестерін сендірді. Жүктелген бұл міндеттерді Қазақстан абыройлы атқара ала ма? Төрағалық Қазақстанға не береді? Бұл сауалдарға пікір білдірген сарапшылар Қазақстандағы ішкі саяси жағдайдың бір күнде жақсарып кететіндігіне сенбейді. Алайда олар билік ішкі жағдайды реттеуге тарихи мүмкіндік алып отыр дейді. Ал кейбір азаматтар Қазақстанның 2008 жылдың аяғына дейін ЕҚЫҰ алдында алып отырған міндеттемелерін орындай қоятынына күмәнмен қарайды.

Қазақстан Сыртқы істер министрі Марат Тәжин өткен аптаның аяғында Мадридте болған екі күндік конференцияда кезінде: «Қазақстан саяси жаңару бағытында ірі мақсат қойып отыр» деді. Оның айтуынша, алдағы уақытта Қазақстанда «БАҚ туралы» заңға толықтырулар енгізіліп, БАҚ-ты тіркеу тәртібі өзгеретін болады. Марат Тәжин ЕҚЫҰ-ның өзге де салаларға қатысты ұсыныстары Қазақстандағы демократиялық реформалар бағдарламасын жүзеге асыру барысында ескерілетіндігіне уәде берді.

«2008 жылдың аяғына дейін «Сайлау туралы» заңды реформалауға шара қолданылып, саяси партияларға тіркелуге қатысты қойылатын талаптар жұмсартылады», – деді министр Тәжин.

Бұл айтылғандарды жақсылыққа жорып отырған Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев Қазақстанның сыртқы істер министрі жаңартылатын «БАҚ туралы» заңға байланысты қоғамдық ұйымдармен етене жұмыс істеуге уәде берді дейді.

- Мен ертең Астанаға барып, сыртқы істер министрінің қабылдауында болып, журналистер қауымының ой-пікірін жеткізбек ойым бар. Оның үстіне, Марат Тәжин біздің парламентте жатқан заң жобамызды «БАҚ туралы» заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы қаралғанда ескеруге уәде берді. Төрағалыққа дейін сол жобамызды өткізіп аламыз ба деген үмітіміз бар, - дейді Сейітқазы Матаев.

Министр Тәжиннің ЕҚЫҰ мүше елдердің сыртқы істер министрлері алдында берген уәдесін Сейітқазы Матаев демократиялық қоғамға жасалған алғашқы қадам ретінде бағалап отыр.

Ал Қазақстандағы сөз бостандығын бақылайтын халықаралық «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева үкіметтің ЕҚЫҰ есігінен қарап тұрып «БАҚ туралы» заңды өзгерту, оны демократиялық стандарттарға жақындату керек деген пікірі құптарлық жағдай деп есептейді.

- Сыртқы істер министрінің БАҚ туралы заңды реформалау туралы айтқан сөздері сондай әдемі болғанымен, шын мәнінде, жағдайдың қалай болатындығы қазірге белгісіз. Өйткені, министр аузынан шыққан БАҚ туралы заңға енгізілетін өзгерістердің біріккен жобасы дегенді өз басым бірінші рет естіп отырмын. Бұл - биліктің Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық мәселесі шешілер мезетте үкіметте істейтіндерді бір кабинетке жинап алып, қоғамнан тыс жасаған кезекті іс-әрекеттері болуы керек, - дейді Тамара Калеева.

Оның айтуына қарағанда, Еуропалық жиынға қатысушыларға Қазақстанда биылғы жылы дайындалып жатқан жобада расталмаған ақпараттарды таратқан жағдайда журналисті әкімшілік жауапқа тарту туралы заң өзгерісі барлығы жайында тіпті айтылмады.

- Бұл - айтарлықтай даулы мәселе. Билік болса, бұл жерде тағы да ұлттық қауіпсіздік деген мәселені алға тартуы мүмкін. Ал журналисті қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі – дифамация, яғни жеке тұлғаға жала жабу мен қорлау, тіл тигізу мәселелері бойынша Ішкі істер министрлігінің дайындаған заң жобаларында қылмыстық жауапкершілікті ғана алып тастап, бірақ басқа шараларды қалдыруы мүмкін. Бұл - біздің ойымыздан шықпайды, - дейді Тамара Калеева.

Бірқатар сарапшылар Қазақстан үкіметіне жақын болашақта өз заңдары мен билік жүйесін ЕҚЫҰ-ның стандарттарына сай өзгертуге мүмкіндік беріліп отырғанын айтады.

- Демократиялық күштер Қазақстанның кез-келген халықаралық аренада орны бар беделді ұйымдармен тығыз байланыс жасап, жұмыс істегенін қалайды. Бірақ, бір күннің ішінде жағдайдың жақсарып кететіндігіне біз сенбейміз. Билікте мұны жасамайды. Қалай болғанда да теке-тірестен гөрі диалогқа бару, саяси процесті одан сайын жандандыру үшін билікке мүмкіндік беріліп отыр. Енді билік сайлау туралы, БАҚ туралы заңдарға шынайы халықаралық стандарттарға жауап беретін нормалар енгізсе, мәселен, тек бұл ғана емес, сонымен бірге азаматтарға бейбіт жиындар өткізуге, ұйымдар құру сияқты Конституцияда көрсетілген құқықтарымызға даңғыл жол ашса, әрине, біз Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төраға болуын бірауыздан қолдауымыз керек», - дейді саясаткер Әміржан Қосанов.

Әйткенмен, Қазақстан билігі ЕҚЫҰ алдында өзіне алған міндеттемелерді 100 пайыз орындай қоятындығына күмәнмен қарайтындар да бар.

- Соңғы парламент сайлауында бір ғана партияның үстемдік құруы - Қазақстан ұстанып отырған саясаттың қандай екендігін көрсетіп берді. Осыған қарамастан - ЕҚЫҰ талаптарына келсін-келмесін – биліктің түйесі көпірден өтіп кетті. Сондықтан, менің пікірімше, Қазақстан заңдарды өзгертіп жөндегенімен демократияға қадам басып кетуі неғайбыл, - дeйді журналист Болатбек Көрпебайұлы.

Өткен аптаның соңында Қазақстан - бұрынғы совет елдері ішінде тұңғыш рет - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа бекітілді. Алайда, Қазақстан өзі ұсынғандай 2009 жылы емес, 2010 жылы ұйымға төрағалық етеді. 2009 жылы Грекия, 2011 жылы Литва елі ЕҚЫҰ-на төрағалықты алады деп хабарланды.
XS
SM
MD
LG