Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.09.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстанда сәрсенбі күні жарыққа шыққан басылымдардың барлығы дерлік жаңа жылда Үкімет жұмысын инфляцияға қарсы күрестен бастағаны туралы топтамасын басыпты. Сонымен қатар кейбір басылымдар ауа райының күрт суып, боран соққан күндері Қазақстанның оңтүстігіндегі бірқатар аудандарда нанның құны 500 теңгеге дейін көтеріліп кеткенін жазыпты.

«Айқын» газеті басты мақаласын «Қаңтарда банк жүйесі жаппай тексеріледі» деп атапты. Онда премьер Кәрім Мәсімов Үкіметтің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігінің бірлескен мәлімдемесін жариялағаны туралы айтылады. Осы мәлімдеме туралы сәрсенбі күнгі барлық дерлік басылымдар жазыпты. Бұл мәлімдемеде Қазақстан қаржы саласында бірқатар құрылымдық реформалар жасамақ ниеті туралы, үстіміздегі жылы инфляция деңгейін 10 пайыз деңгейінде ұстап тұруға қолдан келгеннің бәрін жасайтыны, ол үшін Ұлттық банк екінші дәрежелі банктерге, құрылыс саласына арнайы көмек көрсететіні, тағы да басқа шаралар қарастырылатыны туралы айтылған. «Айқын» газеті «Көкейдегі сауал» айдарымен бірқатар ғалым - мамандардан «Үкімет жыл аяғына дейін азық-түлік бағасын қымбаттатпай үстап тұра ала ма?» деп сұраған екен, мамандардың барлығы дерлік оған сенімсіздік білдіріпті. «Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қалиев: «Себебі, біз осы уақытқа дейін азық-түлікпен өзімізді-өзіміз толыққанды қамтамасыз ете алмай отырмыз. Ал сырттан келетін азық-түлік бағасына үкімет билігі жүрмейді» десе, экономика ғылымдарының докторы Сағындық Сатыбалдин: «Егер біздің елдегі монополистер үкіметтің шығарған заңына мойынсұнып, қабылдаған бағдарламалары бойынша жұмыс істейтін болса, баға бұлай өспейтін еді» депті.

Көптеген басылымдар «Грузиядағы президенттік сайлау ондағы ішкі саяси тұрақтылыққа қол жеткізбеді» деп жазыпты. Ал «Литер» газеті жаңа жылдық мереке кездері тек Алматының өзінде 26 адам қытайлық пиротехникадан зардап шеккенін және бір үлкен өрт болғанын жазыпты.

«Экспрес-К» газеті негізгі мақаласын Қазақстанның төтенше жағдайлар мамандарының Каспийдегі Ресей балықшыларын құтқарғанына арнапты. Сонымен қатар осы газет ауа райының күрт суып, қарлы боран соғуы себепті Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Алматы-Ташкент күре жолының бойындағы Күйік, Шақпақ асуларының сейсенбіден бері қайтадан жабылғанын жазса, «Айқын» газеті желтоқсанның аяғында болған боранда, «Шақпақ асуында мінген көліктері қалың қардың астында қалып, мұз жастанған жүргіншілерге маңайдағы тұрғындар бір бөлке нанды 500 теңгеден, 200 грамм арақты екі мың теңгеден сатып, көмек көрсеткеннің орнына сауда жасап, байып қалған көрінеді» деп жазады.

«Казахстансакая правда» газеті өткен ғасырда Орынборда өткен бүкілқазақ құрылтайының 90 жылдығына арнап «Ол бір көрегенді серпіліс болып еді» деген үлкен мақала басыпты. Онда автор «бұл жиынның тарихи маңыздылығы - осы съезде қазақтар біртұтас ұлт атынан, ұлттық-территорялық автономия құру туралы шешім қабылдады. Және қазіргі Қазақстан территориясы жалпылама түрде сол съезде айқындалды» деп жазады.

«Аргументы и факты» газеті «Ресейде Путин премьерлікке келуімен Конституцияға өзгерістер енгізіліп, оның құзыреттілігі күшейтілуі мүмкін» деген болжам айтады. Ал осы газеттің Қазақстанға арналған бөлігінде «Оңтүстік Қазақстан облысында өткен бір айдың өзінде үш адам құтырма ауруына шалдыққаны» туралы және «оған осындай кеселмен ауыратын кезбе иттердің көбейіп кетуі себепті» деп жазады. Сондай-ақ «Аргументы и факты Казахстан» соңғы он жылда Қазақстаннан АҚШ-қа әкетілген балалар саны 5 мыңға жеткені және олар өз елін ұмытпау үшін ондағы бала асырап алған отбасылары одақ құрғаны туралы жазыпты. Бұл қоғамдық ұйымға «сондағы қазақтар көмекке келіп, жаз мезгілдері жайлауда киіз үй тігіп, домбыра үні мен қазақи мәдениеттің ерекшіліктерін балаларға үйретіп жүр» деп жазады газет.
XS
SM
MD
LG