Accessibility links

Ақжар ауылының «Эдельвейс» саяжайының тұрғындары 5 әйелдің өліміне «Базис-А» корпорациясының директорларының бірін кінәлайды

  • Досан БАЙМОЛДА

Осыдан бір ай уақыт бұрын, наурыздың 20-күні кешкісін Алматы облысы Қарасай ауданының Ақжар аулындағы «Эдельвейс» саяжайының тұрғындарын төтенше оқиға дүр сілкіндірді. Осы саяжай орналасқан Ақсай шатқалындағы таудың бір қабырғасы кенеттен өзінен-өзі опырылып құлап, тау етегінде отырған бір үйді тас-талқан етіп басып қалып, тағы бірнеше үйдің бау-бақшасын бұзып-бүлдіріп кеткен еді.

Ең қайғылысы, төтенше оқиға салдарынан әлгі құлаған жер басып қалған үйде отырған 5 әйел қаза болып, бір жасөспірім бала зардап шекті.

Сәуірдің 21-күні Алматыда, осы қайғылы оқиға құрбандарының туыс-туғандары мен олардың отбасын қорғаушы «Қазақстан әйелдері» республикалық қозғалысының басшылығы бірлесіп баспасөз-мәслихатын өткізді.

Осы қайғылы оқиға салдарынан үй баспанасы тас-талқан болып бұзылып, үй ішінде әйелі қаза болып, ержеткен ұл баласы зардап шеккен Бақтыбай Найманбаев бар кінәні тау басына үй салып, жерді үлкейту үшін таудың қабырғасын бетон арматураның көмегімен кеңейткен «Базис-А» корпорациясы директорларының бірі Сергей Игнатьевтен көреді.

- Ол алғашқы кезде өзінің кінәлі екендігін мойындап, қаза болған әйелдерді жерлеу, үй салып алуға, тағы басқадай шараларға көмектесетінін айтқан еді, бірақ кейін сол уәдесін шала-пұла орындағанымен қоймай, соңғы кезде өзімізге келіп «сендер үстімнен арыздандыңдар» деп қоқаңдайтын болды, - дейді Б.Найманбаев.

Ауыл тұрғыны Рысбүбі Жаманбаеваның айтуынша, қаза болған төрт әйелдің бірі оның туған сіңілісі екен.

- Көрші отырған Б.Найманбаевтың шешесі келді деген соң сол кісіге сәлемдесуге барған кезде төбедегі таудың қабырғасы кенеттен құлап, ақыры бақилық болып кетті, артында жетім балалары ғана қалды, - дейді ол.

«Қазақстан әйелдері» республикалық қозғалысының төрайымы Дәметкен Аленованың айтуынша, өткен жылы қыркүйек айында осы ауыл тұрғындары «Базис-А» корпорациясы басшыларының бірі, басқа жер табылмай қалғандай, таудың төбесіне үй сала бастағанда-ақ оған алаңдаған тұрғындар Қарасай ауданының әкіміне және Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығына хат жазыпты. Онда тау басына үй салудың етекте отырған адамдар үшін қауіпті екендігі айтылыпты.

Бірақ та ауыл тұрғындарының бұл жан айқайына ешкім де жауап қатпапты.

- Енді міне соның арты не болғанын көріп отырмыз, ал аудандық прокуратура болса 5 бірдей адам өлімі болғанын елеместен осы күнге дейін қылмыстық іс қозғамай отыр. Естуімізше, Қазақстанның қылмыстық кодексінің 23-бабы бойынша, яғни ешкімді кінәлі деп көрмейтін бапты қарастырып отырған көрінеді, - дейді Д.Аленова.

«Базис-А» корпорациясы директорларының бірі С.Игнатьевтің адвокаты Борис Иванов болса 5 адамның өмірін жалмаған оқиғаны таза табиғат құбылысынан болған нәрсе деп бағалайды.

- Оған С.Игнатевтің ешқандай кінәсі жоқ, қайта ол адамгершілік тұрғысынан келіп, қаза болған әйелдердің отбасыларына және үйлері, бақшалары қираған адамдардың әрқайсысына 5 мың АҚШ долларына дейін ақшалай көмек көрсетті. Ал үйі қираған Б.Найманбаевқа үй салып берейін десе, оның жер мәселесі шешілмей жатыр, - деді адвокат.

«Қазақстан әйелдері» республикалық қозғалысының төрайымы Дәметкен Аленова адам өмірін 5 мың АҚШ долларымен бағалап осылай тастап қоюға болмайды, бұған жауаптылар заң алдында жауап беруі тиісті деп санайды. Ал осы мәселе бойынша Қарасай аудандық прокуратурасынан қандай бір түсініктеме алу мүмкін болмады.

«Қазақстан әйелдері» қозғалысы төтенше оқиға салдарынан құрбан болған 5 әйелдің отбасыларын қорғап, қолдауға БАҚ арқылы жұртышылық назарын бұрып отыр.

Қаза болған 5 әйелдің артында 9 бала жетім қалды.
XS
SM
MD
LG