Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.26.2008 жыл


Сенбі күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда Алматы қаласында екі күнге жалғасқан жетінші еуразиялық медиа форум туралы және онда қозғалған тақырыптар жайында сарапшылардың ой-пікірлері басылыпты. Сондай-ақ 100 мың АҚШ доллары шамасында пара алды деген күдікпен қазірде қамауда отырған «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеевке қатысты оның адвокаты мен тергеу органдарының қарама-қайшы пікірлері беріліпті.

«Егемен Қазақстан» газетінде Еуразиялық жетінші медиа форум туралы жарияланған көлемді мақала авторы «Мазасыз әлем, әрқилы мүдделер еуразиялық медиа форумның басты тақырыбына айналды» дей келе, форумда талқыланған «қостілділік және мультимәдени қоғам жағдайындағы БАҚ-тың рөлі» тақырыбы бойынша өткен пікірталастың тақырып ауқымынан шығып, тіл мәселесіне көбірек ден қойғанын жазып, бұл жөніндегі қазақстандық және шетелдік сарапшылардың айтқан пікірлерін беріпті. «Қазақстандық тележурналист Дана Нұржігіт қазақтілді журналистердің форумда тіл мәселесі бойынша жүрген пікірталасқа белсенді түрде араласа алмағанын айтса, саясаттанушы Бермет Ақаева еуразиялық медиа форум келешекте қазіргі форматын өзгертіп, қазақстандық Давосқа айналса деген тілегін білдірді» деп жазыпты «Егемен Қазақстан» басылымы.

«Айқын» газеті сенбілік санында еуразиялық жетінші медиа форумда жеке бір тақырып ретінде талқыланбаса да, форум сессияларында жекелеген сарапшылар аузымен бірнеше мәрте сөз болған «Орталық Азия Одағы» туралы форум қонақтарының пікірлерін беріпті. АҚШ президентінің қауіпсіздік мәселелер жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Збигнев Бжезинский Орталық Азия одағын құру туралы Қазақстан президентінің бастамасын «өте орынды бастама» деп атап, «өйткені бүгінде Қазақстан Орталық Азия аумағында ерекше маңызға ие болып отыр» десе, Ресейдегі «Тиімді саясат қорының» президенті, саясаттанушы Глеб Павловский бұндай одақ құруға Өзбекстан президентінің қарсы болуын түсіну қиын депті. «Негізі, Өзбекстан қазіргі заманда жеке-дара ел болып емес, топ болып жұмыс істеуді үйрену қажет, жалпы қазіргі үлкен саясатта жеке-дара ойнау өте қауіпті» деген ой айтыпты ресейлік сарапшы.

Ал осы басылым Өзбектстанда ресми билік қазақ мәдени орталығын жауып тастағаны туралы хабарлапты. Басылым сәуірдің 22-23 күндері Қазақстан президентінің шақыруымен Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтың Астанаға қонаққа келгенін, ал қайтып кеткен күннің ертеңінде Тәшкенттен «Өзбекстандағы қазақ мәдени орталығы жабылып қалды деген хабардың келгені қазақ жұртшылығын таң қалдырды» депті «Айқын» газеті.

«Эксрпесс-К» басылымы «Құлекеев базар бастығы емес» деген атпен «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы үстінен қылмыстық істің қозғалып, әлі тексерулердің жүріп жатқандығы туралы хабарлапты. Қазақстан қаржы полициясының төрағасы Сарыбай Қалмұрзаев ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен кезінде «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Құлекеев 100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен айыпталып отырғанын айтып, «Ж.Құлекеев арнайы тапсырыс бойынша ұсталып, қамауда отыр деген ел ішін гулеп жүрген әңгіме шындыққа келмейді деп мәлімдегені» жайында жазыпты «Экспресс-К» газеті сенбілік санында.

«Время» газеті «Қазақстан темір жолы» компаниясының бұрынғы басшысы, қазірде қамауда отырған Ж.Құлекеевтің адвокаты Сәлімжан Мусиннің осы мәселеге байланысты берген түсініктемесін жариялапты. Адвокат Ж.Құлекеевтің жеке автомобилі ішінен 100 мың АҚШ доллары салынған кішкентей сөмкенің табылғанын айтыпты. «Алайда Ж.Құлекеевтің бұл сөмкеге ешқандай қатысы жоқ, бұны тергеу орындарының алдын ала тергеу жұмыстарының қортындысы да көрсетіп отыр, ал осы елде осындай қылмысқа кімде кімнің де оп-оңай ұрынып қалуы ғажап жағдай емес» депті адвокат «Время» газетіне берген сұқбатында.
XS
SM
MD
LG