Accessibility links

Андрей Чеботарев: Қазақстандағы билік ауысуының үш тәсілі


13 маусым күні кешкісін Демократтар пікір-сайыс клубында «Альтернатива» зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботарев, «Назарбаевтан соң Қазақстандағы жағдай» деп аталатын тақырыптың аясында баяндама жасады. Осы тақырыпты бірнеше жыл зерттеп жүрген саясаттанушы, 2005 жылы өткен президент сайлауы кезінде, егер билік басынан Назарбаев кететін болса, сол кездегі «Отан» партиясы бір пәсте тарихтың қойнауына сіңіп жоғалады немесе ол оппозициялық партияға айналып, оның төрағасы Ермұхамет Ертісбаев болады деп болжам жасаған. Ол уақытта «Отан» партиясының «Нұр Отанға» айналатынын ешкім білген жоқ.

«Сол жылдары ТМД аумағында болған түрлі-түсті революциялар біздің билік басындағылардың бір сәтке болса да өздерінің болашағы туралы ойлануына ықпал етті және елімізде билік ауысатын болса, ресейлік нұсқа бойынша жүзеге асады деген сөздер көп айтылып жүрді», - деді Андрей Чеботарев.

Соңғы 8 жылдың көлемінде ТМД мемлекеттеріндегі билік ауысуының ресейлік, украиналық, қырғызстандық жолынан бөлек, түркімендік нұсқасы да пайда болды. Түркіменбашы Сапармұрат Ниязовтың жұмбақ жағдайда дүниеден өтуі Қазақстанға да белгілі мөлшерде әсер етіп, мұрагер тағайындау деген секілді болжамдардан бөлек, бүгінгі биліктің келешегі туралы түрлі әңгімелердің пайда болуына түрткі болды дейді саясаттанушы:

«Осыдан бірнеше жыл бұрын мұрагерлік туралы әңгіме көп болды. Бүгінгі таңда, алдағы күндерге саяси болжам жасау өте қиын. Өздеріңіз байқаған болсаңыздар, Назарбаев билік басында әлі де біраз жыл отыратынын аңғартып отыр».

Назарбаевтың билік басында 2017 жылға дейін отыратындығын осыдан бірнеше күн бұрын, баспасөзге берген сұхбатында, Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев та айтты.

Чеботарев президент Назарбаев ең алдымен өз отбасы үшін алаңдайды деген пікір білдірді:

«Ол биліктен кететін болса, бүгінгі кезде лауазымды қызметтерде отырған жақын туыстарының өмірі қандай болатынын болжап айту мүмкін емес. Сондықтан, ол президенттік қызметтен кетпес бұрын Қазақстанды парламенттік республикаға айналдырып, нақты лауазым иесі болмаса да, «Нұр Отанның» басшысы ретінде мемлекеттің саясатын жүргізе беруі мүмкін. Астанадағы «Нұр Отан» партиясына берілген ғимарат та біраз нәрсені аңғартып тұр және оны президенттің өзіне дайындап жатқан кеңсесі деп түсінсе де болатын шығар. Сонымен қатар, Назарбаев ресейлік тәсілді пайдаланып, өзінің орнына мұрагерді отырғызуы да мүмкін. Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстанда мұрагер мәселесі бұрынғыдай маңызды болмай қалды. Және, президенттің орнын басады деген адам да әлі белгісіз. Кезінде осы жағдайға байланысты Иманғали Тасмағамбетов, Дариға Назарбаева, Нұртай Әбіқаев сияқты адамдардың аты аталатын. Ал бүгінгі кезде оларды Қазақстанның Назарбаевтан кейінгі басшысы ретінде елестету қиын».

Ал егер Қазақстанда көршілес Түркіменстандағыдай жағдай бола қалған күнде, жоғары билік тұтқасы кімдердің қолына тиюі мүмкін? Бұл сауалға сарапшы Андрей Чеботарев былайша жауап береді:

«Назарбаев билік басында жүріп, аяқ асты дүниеден өтетін болса, Қазақстанның саясат сахнасында қызықтың көкесі сол уақытта болады. Өйткені, бүгінгідей жағдайда мемлекеттегі күштік құрылымдардың өздері бірігіп, елдегі тұрақтылықты сақтап қалуға ықпал ете алады деп ойламаймын. Себебі, дәл сондай жағдай туатын болса, генерал Мұхтар Алтынбаев министр Даниал Ахметовке бағынбай қоюы мүмкін. Ол кезде Назарбаевтың жанында жүрген кландардың ең мықтысы уақытша өкімет орнатып және Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына өтініш айтып, қолдағы билікті сақтап қалуға әрекет етуі ықтимал».
XS
SM
MD
LG