Accessibility links

Ипотекалық дағдарыс күшейе бере ме?


Елдегі кейбір сарапшылар АҚШ-тағы ипотекалық компаниялардың дағдарысының әсерін Қазақстанның қаржы жүйесі тамыз айының аяғына қарай сезінгенімен оған төтеп бере алады деген болжам жасап отыр.

Өткен жұма күні АҚШ-тың ең ірі деген екі ипотекалық компанияларын «үлкен қаржылық проблемаларына байланысты АҚШ президент әкімшілігі өз басқаруына алуы мүмкін» деген ақпарат жарияланған соң, олардың акциялары күрт арзандап, әлем қор рыноктарында дүрбелең туған еді.

АҚШ президенті бұл компаниялар «өз жұмысын бұрынғыдай жалғастыру үшін, оларға қолдау көрсетіледі» деген соң ғана әлем нарығындағы толқу бәсеңсігендей болды.

АҚШ-тағы ипотекалық дағдарыс өз жалғасын тауып жатыр. АҚШ-тағы Freddie Mac және Fannie Mae деген екі ірі ипотекалық компанияның жылдың басынан бері акциялары 70 пайыздан астам арзандап, өткен жылдың қорытындысы бойынша шығындары 3 миллиард долларға жеткен. Осы компаниялардың үлесіне АҚШ ипотекалық несие нарығындағы 12 триллион доллар қаржының 5 триллионы келетінін ескерсек – мұның ақырыАҚШ экономикасына үлкен дағдарыс әкелуі ықтимал.

Оған қоса АҚШ-тағы IndyMac Bank атты ірі несиелік банктың банкротқа ұшырағаны отқа май құйғандай болды. Сөйтіп, осы ахуалдар әлем қор рыногында әжептәуір дүрбелең туғызды.

Мұндай ахуал Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?

Төлеген Асқаров, экономикалық сарапшы:

«АҚШ ипотекалық дағдарыстың екінші сатысына кіріп отырғаны факт. Әрине, бұдан ең бірінші кезекте Қазақстанның екінші дәрежелі жеке меншіктегі банктері зардап шегеді. Себебі, ипотекалық рынок дағдарысы бар жерде басқа да рынок дағдарысқа ұшырайды. Сондықтан, Қазақстанның осындай банктеріне инвестиция салу ауқымы тарылады. Әрине, оларды Еуропаға жібермейді ғой, ал бұл аймаққа олар саудадан басқаға сала алмайды. Сондықтан АҚШ ипотекалық дағдарысының екінші кезеңі тікелей болмаса да, жанама түрде Қазақстан банктеріне де әсер етеді және мен ол әсер тамыз айының аяғында, күзге қарай сезіліп қалар деп ойлаймын».

Қанат Берентаев, экономист:

«Біз ол дағдарысты сырттан алатын қарыздардың қымбаттап кеткенінен-ақ сезініп отырмыз. Бұл ішкі несиелерге әсер етері сөзсіз. Ол өз кезегінде шағын кәсіпкерлерге әсер етіп отыр. Яғни, АҚШ тағы да тұңғиыққа салалас экономикаларды тартып кетіп барады. Буш жалпы экономиканы өздеріндегі мұнай көздерін игеруді жандандыру арқылы құтқармақ боп жатыр. Бәлкім, ол шара мұнай бағасының арзандауына әсер етіп тиімді де болар. Бірақ, менің болжауымша, АҚШ экономикалық дағдарысы шамамен он жылда қайталанып тұратын құбылыс. Себебі, АҚШ доллары нарықтағы өз бағасынан арзан. Демек, әлем нарығында, былайша айтқанда, ешқандай құндылықтармен, яғни алтын не басқа құнды металдармен бекітілмеген «жел» долларлар көп. Олардың көлемі шамамен 10-13 триллионға жеткенде «сабын көпіршігі» жарылып, осындай дағдарыстар тудырады. Ал қазіргі әлем экономикасының даму қарқынын ескерсек, келешекте бұл дағдарыстар одан да жиілеуі мүмкін. Менімше, әлем экономикасы тек долларға тәуелділіктен құтылып, басқа да валюталар - еуро не юань, немесе рубль сияқты валюталарға арқа сүйемесе АҚШ қаржы жүйесінің ағымының құлы бола береміз».

Ал, Қазақстан қаржы саласына әсері қандай болмақ деген сауалға Қанат Берентаев мынадай болжам айтты:

«Қаржы жүйесі дағдарысқа төтеп береді. Білесіз бе, біз осы өзімізді әлем мөлшерімен өлшеуге әуес боп алдық. Ал шын мәнінде біздің банк жүйесіндегі барлық қорларымыз Ресейдің бір ғана Центробанкі қорының жартысы деуге болар. Ал осындай көлемдегі қаржымыз бар болып тұрып, әлемдегі аласапыран осындай аз көлемдегі қаржыға әсер етеді деу онша дұрыс емес және әлемдік экономикаға біз әлі толыққанды интеграцияланған жоқпыз. Біз әлем нарығында тек мұнайымыз бен аздаған шикізаттарымызбен ғана шығып отырғанда қандай да қор рыногындағы толқулар біздің қаржы жүйемізге әсер етеді деу де дұрыс емес. Әлем қор рыногындағы қайдағы бір Родезиялық алмас компанияларының акцияларының құлдырағанынан бізге қандай әсер болуы мүмкін?»

Ал қарапайым қазақстандықтар болса, сол «жел» доллардан тұрған қымбат несиелерді кезінде алып, енді соларды қайтара алмай әуре-сарсаңға түсіп жүргені. Олар тіпті Алматыда «Халыққа тұрғын үйлерін қалдырыңдар» атты қоғамдық ұйым да құрып, президентке ашық хат жазып, араша түсуін сұрап жүр.
XS
SM
MD
LG